04 Қазан, 2016

Абайдың нұрлы ақылы

6297 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
abayЖүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Бұл – өткеннің құлазыған ғасырларынан өзіне бейтаныс, басқа, бірақ жарқын болашаққа сенімді жол салған данышпан ақынның айтқан сөзі еді. Ғұлама ақынның туғанына биыл 171 жыл, ал дүниеден озғанына – 112 жыл. Өзі өлсе де сөзі өлмеген ұлы Абай­дың ұлағаты ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға ұласып, туған халқымен бірге жасай бермек. Оның біз білетін 200-ге жуық өлеңі, 3 поэмасы, 45 қара сөзі бар. Бірақ қанша уақыт өтсе де өміршеңдігін жоғалтпайтын осы мұраларды оқып, ұғыну, ақынның парасат-пайымына, білім биігіне жету – күрделі үрдіс. Осындай сәтте Елбасымыздың: «Абай біздің ұлттық ұранымыз болуы керек, Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағымызға Абайдан артық, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс», деген сөзі ойы­ма оралады да тұрады. Міне, бұл – ұлттың бүгінгі барына бойлауы үшін өре мен қабілет қажет болса, халқының асылы мен жасығын ажыратуға, бағзысы мен болашағын салмақтауға саналы ұрпақ керек екендігінің айқын дәлелі. Осыдан келіп біз Абайды ескі мен жаңаны жалғастырушы деп те айтамыз. Ал өткен ғасыр таңсәрісінде Алаш ардақтылары не деген? Әлихан Бөкейхан – «ол өз отанының сом алтыны», Ахмет Байтұрсынұлы жазғанындай, «қазақтың бас ақыны», Міржақып Дулатов құрметтегендей «қараңғы заманда шырақ жаққан» шамшырақ. Ер Түрік атынан сөйлеген Мағжан Жұмабаев «Әлемнің құлағынан әні кетпес кемеңгер», деп аса жоғары бағалайды. Жыр жұлдызы Сұлтанмахмұттың «Ақындықтың қуаты есіңді алар, Абайды оқы, таңырқа, басыңды шайқа!» дегенінде ұлы ойшылға деген өлшеусіз махаббаты жатыр. Қазақта Абай – біреу, Абай – шың. Абай – дария, Абай – кәусар бұлақ. Абай болмысы бөлек, тот баспас алтын десек те жарасады. Себебі, Абай мұрасының берер тәлім-тәрбиесі, тағылымы телегей-теңіз. Даналар дәуірге тәуелсіз. Олар уақыттан оза шауып, болашаққа көз тігетіні де сондықтан. Алаш арыстары: «Қазақтың бас ақыны ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ, рухына соншама жақындаймыз. Халық пен Абай арасы аса күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, рухымыз қуанар», деген екен. Талай ұрпақ Абай туындыларымен сусындап, оның тұжырымынан нәр алып, пәлсапалық талғамына жүгіну арқылы өмірдегі бағыттарын, жолдарын айқындап келеді. Абай – мына жарық дүниеде небәрі 59 жыл ғана қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешіп, адамзат баласы айтар ой-пікірдің, толғамның, ақылды насихаттаудың ғылыми тұжы­рымдамасын жасап, даналықтың шыңын бағындырып кеткен текті тұлға. Хакім Абай – жай ғана ақын емес, ақын­дардың пайғамбары. Жай ғана ойшыл емес, тереңнен тол­ғақты ой тербеткен ақберен абызымыз. Әлемде сирек кездесетін таланттың қазақ топырағында туып, халыққа мұра болып қалуы – мақтан тұтарлық жәйт. Абайдың ұлылығын танып, оның даналығын мойындаған әлем біраз жыл бұрын 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтті. Қазіргі таңда дүние жүзіндегі ірі елдердің бас қалалары Дели, Каир, Берлиндегі белді көшелердің бірі Абайдың есімімен аталса, Лондонда Абай үйі ашылып, Ыстанбұл, Тегеран, Мәскеудегі оның тас мүсіні қала көркін ажарландырып тұр. Киелі қазақ жерінде туған ұлы таланттың шығарм­ашы­лы­ғы ұшқан құстың қанаты талатын сайын даламыздан шарық­тай өтіп, әлемнің осындай ірі орталықтарында орын тебуі, сөз жоқ, Абайды жаңа дәуірдің де мойындағанының көрсеткіші. Елімізге белгілі ғалым, танымал абайтанушы Мекемтас Мырзахметов Абайды тануда үш кедергі бар екенін айтқан. «Біріншісі, Абай өмір сүрген заманның сырын білмеу. Екінші, Абай жазбаларындағы терминдердің көптігі. Оны білмесеңіз, Абай әлеміне кіре алмайсыз. Үшінші, Абай дүниетанымын философтардың толық аша алмауы», деген болатын. Шынында да Абай әлемі шексіз әрі оның ой түйінін шешу де тереңде жатыр. Егер Абайдың гуманистік әлеміне тереңірек үңіліп зерделер болсақ, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи сынды ойшылдардың адамгершілік идеяларының озық үлгілерімен байытылып, астасып жатқанын байқаймыз. Егер Абай туралы сөз қозғала қалса, әңгіменің ауанын оның шыққан ортасына қарай бұру тектілікке сілтейді. Сонау тым әріден қаузамай-ақ бергі аталары Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбайдан таратып, түп-тегіне үңілетін болсақ, тектіліктің қайнары қайда жатқанына көз жеткіземіз. Осы ұрпақты, сөз жоқ, текті әулет деп есептеймін. Атам қазақ «Асыл – асылға, нәсіл нәсілге тартады» деген. Абайдың да осындай ғұламалық биікке көтеріліп, данышпандық өрелікке жетуі бірінші кезекте түпкі тамырының асылдығына, тектілігіне байланысты. Бүгінгі қазақ жастары өмірдің мәнін түсіну үшін Абайдың туындыларын парақтап, одан ғибратты үлгі алып жатқанының да куәсі болып жүрміз. Абайдың «Бес нәрседен қашық бол» дегені жақсылық пен жамандықты сараптауда маңызды рөл атқарып тұрған жоқ па? Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамымыздың дертіне айналған өсек, өтірік, екіжүзділік, мақтаншақтық сияқты жағымсыз қасиеттерді сынау арқылы, жастарды осындай кеселден бойларын аулақ салуға үгіттейді. Еріншектік, надандықтан қашпақ керек дейді. «Абай – дария, мен сол дариядан шөмішпен қалқып қана алдым» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, Абай туындыларының мазмұны терең, айтар ойы биік, көзқара­сы ерекше, тағылымы телегей теңіз болғандықтан, берер тәлім-тәрбиесі де ұлағатты деп есептеймін. Ол, әсіресе, жастардың психологиялық ой-өрісін қалыптастырып, оларды білімге, ағартушылыққа талаптандырып, осы жолда қызығушылығын тудырып, санасын оятуда көп еңбек сіңірді. Жастарды бойын жаман әдептен аулақ ұстауға, жақсылыққа жанасуға үгіттеді. Абайдың қай сөзін алсаң да жүректі тербетер, көңілге түйсік келтірер нақылдарға бай. Сол арқылы Абай арам ойдан, теріс пиғылдан алшақ болуға шақырады. Жастық жақсылықты да, жамандықты да тез қабылдайтын албырт кезең екенін ескертіп, ілім-білімді жас кезіңнен қолға түсіру тиімді екенін алға тартып: Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ер жеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім, – деп жырлауы да жастарды оқу-білімге үгіттейді. Одан қалды, «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» жырлары күні бүгінге дейін мазмұнын, мәнін жоғалтқан емес. Талап­тану, еңбектену, ғылымға бой ұсыну, қанағатшыл болу жас­тарымызға өте қажет қасиеттер екенін жоққа шығара алмаймыз. Абай өзінің педагогикалық көзқарасы мен жастарды білімге жетелеу арқылы көкіректеріне нұр құйып, білімсіз болашақтың тұтқасын ұстау еш мүмкін еместігін зерделесе, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ғұлама ойының бүгінгі таңда да өзіндік сипаты бар екенін айтудан еш жалыққан емес. Айталық, Елбасының «Қазақстанның болашағы білімді жастардың қолында», деген салиқалы ұстанымы, сарабдал саясаты Абай ілімімен ұштасып жатыр. Абай айтқан «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Міне, осы қасиетті бойына сіңірген адамның келешегі зор, болашағы айқын. Адам баласының мәдениетін, парасатын тұлғалайтын да осы қасиеттер деп ұғынамын. Бұл да бүгінгі жастарымызға керек-ақ. «Адамның мінезі өзгермейді деген адамның тілін кесер едім», дейді хакім Абай. Расында, бойындағы кертарт­па­лықтан арылып, көркем мінез қалыптастыру адамның тікелей өзіне байланысты екенін ескерткендей. Енді бір сөзінде: «Ата-анадан туғанда бала есті болып тумайды», дейді. Демек, адамзаттың жинаған бай тарихи тәжірибесін өмір сүру арқылы қалыптастырып, бойына сіңіретінін ескертіп соған сілтейді. Ал «Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор» деуі көргені көп, түйгені мәнді, үлкендерден тәлім алып, үлкендерді сыйлап, олардың айтқандарын ақыл тұтса, одан жастардың жамандық көрмейтінін де шегелеп жеткізіп, кімнен үлгі алу керек екенін айтқызбай-ақ ұғындырып тұрғандай. «Адам бол – мал тап!», «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деуі нәпақаңды тек адал еңбектен тауып, сол жолда ерінбеу керектігіне меңзеп, еңбек қана адамдық қасиетті қалыптастырудың құралы деп тұрғандай. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастарымыздың екі құлағы тығындаулы, көздері компьютермен тұмшалаулы, ойларының арнасы «айфон», «смартфон», «айпадтармен» бітеулі. Осындай қоғам дертіне шалдыққан жастардың санасын сауықтыру, ойын жарықтандыру, қиялын өрістету, ақылын асылдандыру үшін Абай шығармаларын оқуға, Абай туындыларын зерделеуге, Абайдан шыққан ақылға бұра аламыз ба? Міне, бұл – үлкен маңызды мәселе. Ұрпағымыз білімді, халқымыз парасатты, мәдениетті болу үшін жастар тәрбиесімен айналысып жүрген мамандар осы жағын терең ойластырса... Рас, Абай – суалмайтын, тартылмайтын дария. Оның жағасына талай ұрпақ келіп рухани шөлін қандырған. Талай ұрпақ әлі де келеді. Себебі, ол – кемеңгерліктің асқар шыңы. Кезінде Абайды бір белгілі рудың, ауылдың дәріптеп жүрген ақыны болар деп ойлаған Ахмет Байтұрсыновтың қолына 1903 жылы Абай өлеңдері жазылған дәптер түседі. Абайдың шығармашылығымен етене танысып, ғибрат алған Ахмет «Абай дарынды тұлға екен» деп бұрынғы жаңсақ пікірін жоққа шығарған екен. Содан бастап Абайды оқуға бет бұрып тұрып: «Абайға тереңдеп бара алмай жатқанымыз оның тілінің қиындығы. Ол Абайдың кінәсі емес, Абайдың деңгейіне жете алмай жүрген оқырманның кінәсі», деп ой түйіндеген екен. Бір қуантарлығы, жыл сайын еліміздің барлық өңірінде Абай күндерін атап өткенде, оның аруағына тағзым ету, шығармашылығын, мұрасын насихаттап, оны кейінгі жеткіншек ұрпаққа жеткізу жақсы дәстүр болып жалғасып келеді. Солай болуы тиіс те. Өйткені, әлем орбитасында қазақ – Абайды, Абай – қазақты танытты. Бұл екеуі – егіз ұғым. Оны бөліп-жарып қарау қарама-қайшылық тудыратыны әлімсақтан белгілі. Абайдың ұранға сұранып тұрған, ізгілікке үндейтін қаншама құнарлы ойлары бар. Олар бүгінгі қазақ қоғамының төрінен ұран – ұлағат болып орын алса, жастарды әркез мейі­рімге, ізгілікке, парасаттылыққа шақырып тұрса, «Мәңгілік Ел» ұстанымын бетке алған мемлекетке лайықты-ақ болар еді. Біз алдымызға үлкен мақсат қойған елміз. «Мәңгілік Елдің» идеясы Абай мұрасымен толығып, бірін бірі кіріктіре берсін деп тілейік. Абайдың тәні қара жердің қойнауында болғанымен, рухы қазақтың сайын даласында, ұлан-байтақ аспанында мәңгі жасайтыны анық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қазақ халқы көк нөсер ақындарынан, дарабоз жазушылары мен данышпандарынан, тектілерінен кенде болмаса да, Абай біреу екені ақиқат. Абай – әлі де жұмбақ әлем, биік шың. Абайдың мәңгі өлмейтін туындылары қазақ елін тербей түссін. Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор