Парламент Мәжілісінде «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы болды. Жұмыс тобының жетекшісі Ерсұлтан Бектұрғанов өз сөзінде Қазақстан ғаламдық климаттың жақсаруы бағытындағы халықаралық келісімдерге қосылып отыратынын жеткізді.
Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясы экономиканың тиімді моделін ұстанып, еліміздің жаңа «жасыл» жол дамуына өтудің негізіне нақты бағыт көрсетіп отырғанын атап өтті. Климаттың ғаламдық өзгеруінің басты мәселелерін шешудің тағы бір кезеңі үстіміздегі жылы қол қойылған Париж келісімі болып табылады. Қоршаған ортаға ерекше көңіл бөліп, «Болашақтың энергиясы» деген атпен өткелі отырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында Париж келісімінің орны бөлек болмақшы.
Отырыста сөз алған Энергетика министрінің орынбасары Ғани Сәдібеков «Париж келісімі» 2015 жылғы желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының Париж қаласында қабылданғанын мәлімдеді. Бұл келісім орнықты даму және кедейлікті жою жөніндегі күш-жігермен қатар, климаттың өзгеруі қаупіне жаһандық ден қоюды күшейтуге бағытталады.
«Париж келісімі» орнықты даму саласындағы мақсаттарға жетуге ықпал етеді және климаттың өзгеруіне тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік беретін шаралардың «жол картасы» болып саналады. Сонымен бірге, «Париж келісімі» шеңберінде климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі ережелер қамтылады.
Заң жобасын жасаушылар атап көрсеткендей, «Париж келісімін» ратификациялаудың халықаралық деңгейде де саяси ықпалы жоғары. Мемлекет басшысының «болашақтың энергиясы» және «жасыл» экономика туралы айтқанындай, климаттың өзгеруіне айрықша әсері болады.
Күн тәртібіндегі мәселені талқылау барысында «Табиғат» экологиялық қауымдастығының жетекшісі Мэлс Елеусізов су мен орманға, мұздықтар мен қалдықтарға қатысты мәселелерді қозғады. Жиналғандарды баламалы куат көзін іздестіруге шақырып, қаржыландыру көзі табылып жатса, қоршаған ортаны қорғауға, климаттың өзгеруінің алдын алуға жұмсау туралы ұсынысын білдірді.
Басқа да сөз алғандар экологиялық бағдарламаларды жүзеге асырып, қоғамдық көліктерді халықаралық талаптарға сәйкес дамыту қажеттігін айтты. Депутат Бейбіт Мамраев жоғары оқу орындарында эколог-мамандарды даярлау қажеттігіне баса назар аударды. Ал депутат Майра Айсина елдің арасында, әсіресе, жастармен және ірі өндіріс орындарында экологиялық сауаттылықты жүргізу қажеттілігіне тоқталды.
Жұмыс тобының жетекшісі Е.Бектұрғанов күн тәртібіндегі мәселені қорыта келе, айтылған ұсыныстардың бәрі тиесілі орындар тарапынан ескерілетінін атап өтті.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»