Кеше Астанада Татарстанның Қазақстандағы Өкілетті өкілдігінің жаңа ғимараты ашылды. Ашылу салтанатына Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевпен бірге, Қазақстанға екі күндік ресми сапармен келген Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов қатысты.
Алғашқы сөзді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев алып, жаңа ғимараттағы әріптестік екі елдің арасындағы қарым-қатынастарды тереңдете түсуге қызмет ететіндігіне сенім білдірді. Мұндай шаралар біздің жақын достығымызды дәлелдейді. Халықтарымыз тамыры тереңге кеткен туыстық, достық қарым-қатынаста. Жаңа ғимарат та сол үрдіске қызмет етері сөзсіз. Сондықтан сіздерді жаңа табыспен құттықтаймын, деді ол.
Татарстан Президенті Рустам Минниханов өзінің сөзінде осындай тамаша ғимаратта ашылып тындырымды жұмыс істеп отырған Өкілдік екі халықтың, екі елдің достығы мен экономикалық ынтымақтастығын тереңдете түсетініне сенімін білдірді. Біздер – түркі әлеміндегі ең жақын халықтармыз. Қазақстанға келген сайын соны сезінеміз. Біз Қазақстандағы татар диаспорасының да туысқан халықтың ортасында тамаша өмір сүріп жатқанын жақсы білеміз. Олар өздерін «қазақстандықтармыз» деп атап, тілі мен дәстүрін сақтауға мол мүмкіншілік жасап отырғаны үшін Қазақстан басшылығына ризашылығын білдіруде. Сондықтан да сіздерге бек зур рахмат дейміз, деді ол өзінің сөзінде.
Сонымен қатар, ғимараттың ашылу салтанатына Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі Виктор Нефедов те қатысып, сөз сөйледі.
Есілдің сол жағалауындағы «BI Village Deluxe-1» коттедждер қалашығында орналасқан бұл шағын ғимарат алаңсыз жұмыс істеуге өте ыңғайлы. Айналасында көлік шуы жоқ, қаланың мазасыз тірлігі сезілмейтін жайлы жерде енді Татарстанның қызыл-жасыл туы желбіреп, туысқан халықтың бір ұясындай болып тұратын болды.
Айта кететін жайт, Астанада Қазақстан мен Татарстанның сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастығын жандандырып отыратын Өкілдік ашу туралы бірлескен келісімге 1997 жылдың 25 тамызында қол қойылған. Бұл Өкілдік заңды тұлға ретінде Қазақстанда 1998 жылғы 26 қазанда тіркеліп, жұмыс істеп жатыр. Міне, енді ол жаңа ғимаратқа көшіп отыр. Татарстанның Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы – Рүстем Валиуллов.
Өкілдік ғимаратының ашылу салтанатына Қазақстандағы татар этномәдени бірлестігінің облыстардағы өкілдері де қатысты. Олар Астанаға Татарстан Президенті Р.Миннихановпен кездесуге келген еді. Кездесу бір күн бұрын «Қазмедиа» орталығында өткен болатын. 2009 жылғы санаққа қарағанда, қазір Қазақстанда 200 мыңнан астам татар тұрады. Татар этномәдени бірлестіктері барлық облыстарда ашылған, олар екі қауымдастыққа біріккен.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»