26 Ақпан, 2011

Аламан бәйгеге аттанды

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Шаңғы Осы күндері Норвегияда шаңғыдан ерлер және әйелдер арасында әлем чемпионаты өтуде. 23 ақпан күні басталып, 6 наурызға дейін жалғасатын жарыста 21 медаль жиынтығы сарапқа салынуда. Оның 12 жүлдесі шаңғымен жарысушылар, бесеуі шаңғы мен тұғырдан секірушілер, ал төрт медаль шаңғы қоссайыс­шы­лары үлесіне тимек. Әлем чемпионатының соңғы күні ерлер  арасындағы 50 шақырымдық марафонмен аяқталады. Чемпионат Норвегияның Холменколен елді мекенінде өтіп жатыр. Бұған дейін осы елдің Драммен қаласының маңында шаң­ғыдан әлем кубогының 10-шы кезеңі өткен болатын. Әлем чемпионаты алдында өткізілген соңғы сынға біздің кешегі Азиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған қыз-жігіт­тері де қатысып, лайықты өнер көрсете алмады. Ерлер ара­сындағы 15 шақырымдық жарыста Алексей Полторанин 32-ші орынды, Евгений Величко 39-шы, Сергей Черепанов 55, Денис Волотка 64, ал Евгений Кошевой 78-ші орыннан көрінді. Қысқа қашықтықта біздікілер тіпті 60 пен 78 орынның арасында қалып қойды. Әйелдер арасындағы сында да жоғары нәтиже көрсете алмадық. Светлана Малахова 10 шақырымдық жарыста – 26, Елена Коломина – 39, Оксана Яцкая – 47, Анастасия Слонова 67-ші орынды қанағат тұтты. Тек қана Оксана Яцкая спринтте 6-шы орын алып, көңілімізді өсіргендей болды. Енді шаңғышылардың әлем чемпионатында қалай өнер көрсететінін айту қиын. Әр елдің ең мықтылары жиналатын бәсекеде оларға тіпті оңай болмайтыны сөзсіз. Дегенмен, үмітсіз шайтан дейік. * * * Дзюдо

АЛТЫН ЖҮЛДЕ АЛДЫ

Германияның Дюссельдорф қала­сын­да өт­кен дзюдодан кезекті әлем чем­пио­на­тын­да 100 кг. салмақ дәреже­сін­де әлем  чемпионы Максим Раков ал­тын медальды жеңіп алды. Алғашқы кездесуінде израильдік Ор Сас­сонды жеңген Максим, одан кейін швед Мартин Пачекті, бразилиялық Леонардо Лейтиден басым түсті. Ал жар­тылай финалда Евгениус Вородовконы ұтқан ол, финалда неміс Димири Петерсті айқын басымды­лық­пен жеңді. Осы жарыста М.Раковтан басқа біздің тағы бірнеше балуанымыз белдескен еді. Өкінішке қарай, олардың бәрі жүлделі орын­­дарға кө­теріле алмады. Солардың ішін­­де 91 кг. салмақта күрескен Болат Тимур марок­ко­лық Әл Асри Мұхаммед пен корейлік Ли Кю Вонды жең­генімен, одан кейін ширек финал­дық сында жапон Масаши  Ишиамаға есе жіберіп, бесінші орын­ды қанағат тұтты. Тағы бір жүлдеден үміт­ті са­налған 81 килодағы Ринат Ибрагимов пен 2009 жылғы Азия чем­пионатының қола жүл­дегері Ұлан Рысқұл да қарсыластары­нан ұтыл­са, қыздар арасында өткен сында Гүлжан Исанова алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды. Дастан КЕНЖАЛИН.