05 Қазан, 2016

Терроризмге қарсы заңға өзгерістер. Нені білуіміз керек?

629 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
7dy90rp1v9nq Бүгін Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жобаны депутаттарға Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев таныстырды. Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Мақсат – экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл, қару-жарақ айналымы және көші-қонды реттеу саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру. Қалқабаевтың айтуынша, Ақтөбе мен Алматыдағы соңғы оқиғалар экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін көрсеткен. Бүгінде лаңкестіктің қақтығыстар аймағынан шығып жайылу үрдісі анық байқалып отыр. Жобаны даярлау кезінде соңғы кездері елімізде және әлемде орын алған лаңкестік қылмыстар ескеру, лаңкестік әрекетке жол бермеу мақсатындағы отандық және шетелдік тәжірибе сараптау негізінде жасалды деді Қалқабаев. Сонымен экстремизм мен терроризмге қарсы қолданыстағы заңға қандай өзгерістер енгізілмек? Бұл туралы біз не білуіміз қажет?
  • Жаңа жоба қолданыстағы 5 кодекс және 19 заңға өзгерістер енгізуді қарастырады.
  • Қылмыстық кодексте террорлық қылмыстар үшін жаза қатаяды. Экстремизм және терроризм үшін сотталғандардың дүние-мүлкі міндетті түрде тәркіленеді.
  • Әкімшілік тәртіп бұзушылық кодексінде қару-жарақ айналымы, көші-қон саласындағы тәртіп бұзулар үшін жауапкершілік күшейтіледі.
  • Жеке тұлғаларды тіркеусіз тұрғызған үй иелері әкімшілік жауапқа тартылады.
  • Уақытша мекен-жай және тұрақты мекен-жайға тіркелудің тәртібін бұзған тұлғаларға көрсетілетін қызмет көлемі шектеледі.
  • Тир ашу және оның жұмысын жүргізу тәртібін бұзғаны, жеке күзет ұйымдары қызметкерлерінің арнайы киімді заңсыз кигені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
  • Қару-жарақтың жекелеген түрлерінің айналымы туралы заңда қару-жарақ саудасын және оны сақтауды қадағалау күшейтіледі. Сонымен қатар бұл саладағы кәсіпкерлік те қатаң бақылауға алынады.
  • Қару сататын дүкендердің орналасқан жеріне байланысты талаптар пайда болады. Қару-жарақты атуға дайын күйінде сатуға тыйым салынады.
  • Азаматтар ұстай алатын қару-жарақ саны қазір бес сайлы және бес тегіс ұңғылы болса, ол екі сайлы және екі ұңғылы болып азаятын болады.
  • Күзет ұйымдарына айрықша талаптар қойылады. Мәселен, азаматтарды күзетші қызметіне жұмысқа алудың нақты шарттары пайда болуы мүмкін. Егер олар қару-жарақ, оқ-дәрі және жарылғыш заттар сақталған нысандарды күзететін болса, ол нысандарда дабыл қағылған жағдайда күзетшілерге бірден ішкі істер органдарына хабар беру міндеттеледі.
  • Терроризмге және экстремизмге қатысы бар діни топтар мен бірлестіктердің қызметіне тыйым салынады.
  • Мәдениет және спорт министрлігі діни туризм саласында іс-әрекет жүргізудің тәртібін анықтайтын нормативті-құқықтық акт қабылдайтын болады.
  • Қазақстанның заңдарын бұзған шетелдіктерді елден шығарудың негіздері нақтыланады.
  • «Байланыс туралы заңға» да өзгерістер енгізіледі. Байланыс саласын қадағалайтын органға кезек күттірмейтін, ауыр және ауыр қылмыстарға апаруы мүмкін төтенше жағдайларда байланыс жүйелері мен тораптарының жұмысын тоқтата алатын құзірет беріледі.
  • Қазақстанның байланыс жүйесінде ІМЕІ-кодтары бірдей абоненттік құрылғыларды пайдалануға жол бермеу шаралары қарастырылады. Ол үшін Қазақстанда қолданылатын және кіргізілетін бүкіл құрылғылардың бірыңғай ІМЕІ-код базасы жасалады.
  • Құрылғыларды пайдаланушылардың абоненттік нөмірімен сәйкестендіру мақсатында тіркеу міндеті енгізіледі. Бұл құқық қорғау және арнайы органдардың тексеруін қажет ететін нысандарды жедел анықтауға мүмкіндік береді. Контрабандалық құрылғыларды кіргізуді шектейді және ұрлық-қарлықты азайтады.
  • Өкілетті органдарға тіркелмеген абоненттік нөмірлерді анықтау үшін абоненттердің қызметтік ақпаратын қарауға құзірет беріледі.
Ержан Әбдіраман