26 Ақпан, 2011

Елбасы қабылдады

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Қ.Бозымбаев Президентке 2010 жылғы облыстың әлеумет­тік-экономикалық дамуының қо­ры­тындылары, ағымдағы жылға арналған жоспары туралы баян­дады. Кездесу барысында сондай-ақ Жамбыл облысында іске асы­рылып жатқан инвестициялық жо­балар туралы әңгіме болды. 2010 жылы инвестиция тарту көлемі 140 миллиардтан астам тең­гені құрады, бұл 2009 жыл­ғыдан 58 пайыз артық. Өңдеуші, металлургиялық және кен-байыту салалары басым бағыттар болып табылады. Өткен жылы Жамбыл облы­сында үдемелі индустриялық даму бағдарламасы бойынша 56 миллиард теңге болатын 8 жоба іске асырылды. 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. 2011 жылы 10 жаңа индус­трия­лық-инновациялық нысан іске қосылатын болады. Үш ірі кә­сіп­орынның құрылысы басталады. Мысалы, 394 миллиард теңге болатын күрделі минералдық тың­айтқыштар өндірісінің зауы­ты, 13 миллиард теңге көлемін­де­гі құс фабрикасы және 12 миллиард теңге болатын күкірт қыш­қылы цехы құрылыстары қолға алынбақ. – Өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің өсімі 114 пайызды құрады. Жалпы өңірлік өнім 8 пайызға өсті. Жергілікті бюджетке салық жинау 26 пайызға ұл­ғайды. 2010 жылы ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы 202 гектар суармалы жер тамшылатып суа­рылды. Ағымдағы жылы аталған технология егістік көлемінің 1400 гектарына пайдаланылады. Ал құны 610,5 миллион теңге болатын 40 су шаруашылығы нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өңірдің суармалы жерінің 65 мың гектарын суару­ды қамтамасыз ететін 406 ша­қырым канал жөндеуден өтті, – деді әкім кездесудің қорытын­дысы бойынша журналистерге арналған брифингте. – Ағымдағы жылы көшелерді жөндеуден өткізуге 6 миллиард теңге бөлінді. Жол төсемінің 600-ден астам шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Облыста 220 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Ал, 28 мың адам тұрып жатқан 10 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, биылғы жылы 3 жаңа мектеп және бірнеше балабақша ашылады, – деді Қ.Бозымбаев. Президенттің тапсырмасы бой­ынша биылғы жылы кәсіп­керлікті дамытуға ерекше назар аударылатын болады. «Бизнестің жол картасы» аясында Жамбыл облысына 4 миллиард теңге бө­лінген. Бұл қаражат кәсіп­кер­лерді қолдауға, индустриялық инфрақұрылымды дамытуға және мамандарды даярлауға жұм­са­ла­тын болады.