06 Қазан, 2016

Жаңа маусым «Абай» спектаклімен ашылды

474 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
bal_4960Театрдың көркемдік жетек­шісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор Талғат Теменовтің, Қа­­­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткерлері  Болат Ыбыраев пен Түй­механ Атымтаева­ның, актриса Бақыт Исабекова мен дәстүрлі әнші Нұрай Тана­баев­тың қа­тысуымен өткен бас­пасөз мәс­лихатында осы ша­раға орай ойлар ортаға салынды. Бұл ретте қал­лекиліктердің жыл­дағы маусымды классик жазушы М.Әуе­зовтің «Абай» трагедиясы­мен ашуды дәстүр­ге айналдыруы өнер ұжымы үшін үлкен мәр­тебе десек, қойы­лымның қос Абаймен қатар өрілуі бас ақын­ның бейнесіне режиссердің заманауи тұрғыдан келуінің тағы бір тың үлгісі іспетті әсер қалдырды. «Абай сөздері дүния­да қал­­­­ғаны – қазаққа зор бақ... Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деп Ах­мет Байтұрсынов айтқан­дай, әсіресе сахна өнері арқылы қазақтың бас ақынын танып-білу айрықша мәнге ие деуге толық негіз бар. Осылардың ішінде Қ.Қуанышбаев театры шығармашылығындағы шоқтығы биік рөл және қазіргі заманмен ойы, мүддесі етене жақыны дәл осы Абай рөлі екені даусыз. Мұнда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері режиссер Әлімбек Оразбеков тарихи туындыға өзгеше соқпақпен келіп, жас Абай мен егде Абайды өзара сырластыру арқылы баяндайды. Сахналық өнер ұжымдық ойынның  жиынтығы болып саналғанмен, қай спектакльде де қалың нөпірді қаймықпай алға бастап, ризықты төкпей-шаш­пай діттеген межеге жет­кізетін көшбасшылық рөлдің орны бөлек болмақ. Бұл ретте басты кейіпкерлерді сом­да­ған әртістер ойынынан жауап­кершілік пен сүйіспеншілік сезіледі. Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамовтың сом­дауында аға Абай бейнесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуіловтің бейнелеуінде жас Абайдың боя­масыз болмысы өте тұшым­ды жеткізіледі. Көрермен әділ­дік пен қатыгездіктің, адалдық пен алауыздықтың күресі ар­қылы қоғамның шынайы бет-бейнесін тануға мүмкіндік табады. Абай өмір сүрген заман мен қазіргі кезеңнің арасында қандай айырмашылық бар? Қазақ бойындағы кешегі сол кеселден түгел арылып болды ма? Біз жалпы, Абайды толық ұғып болдық деп айта аламыз ба? Режиссер әр адамның соған жол тауып, өз сүрлеуімен баруына көмекте­седі. Абайдың сыр-сандығына үңілдіреді. Ақын­ның ақ айдыны алаңсыз үмітке жетелейді... Театр ұжымының жетістік­тері туралы айтсақ, Мәскеуде өт­кен  XIII Халықаралық «Золотой Витязь» театр форумына «Ты­раулап ұшқан тырналар» ли­ри­калық драмасымен қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, қойылым барысында өз өнерлерін орта­ға салған Қазақстанның ха­лық әртісі Тілектес Мейрамов – полковник Лукьянов, актер Әбіл­мансұр Серіков – Пернебек Боранбаев, актриса Ақмарал Та­набаева Инга рөлдері үшін «Зо­лотой Витязьдің» алтын дип­ломанттары атанған болатын. Сол сияқты Мәдениет  және спорт министрлігі ұйым­дас­тыруымен ел Тәуелсіздігі­нің 25 жылдығына арналған Ақ­төбедегі Қазақстан драма театрларының XXIV рес­пуб­ликалық фестивалінде  Қаллеки театрының  «Шие» ко­медиясы «Үздік спектакль» номинациясын иеленді. Ал, биылғы жылы жас актрисалар Сая Тоқманғалиева мен Таңсұлу Баталова «Серпер» жас­­тар сыйлығын иеленсе, актриса Айнұр Бермұхамбето­ва Қазақстан театр қайраткер­лері одағының тағайындауы­мен бері­летін «Еңлікгүл­дің» «Жыл актрисасы» аталымымен мара­патталды. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чай­кинаға – «Құрмет» ордені, ал Қуан­дық Қыс­­тықбаевқа Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Бел­гілі актриса Алтынай Нөгербек Ахан Са­таевтың «Анаға апарар жол» картинасындағы Мәриям бей­несі үшін XII Халықаралық «Еур­­азия» кинофестивалінде «Үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алды. Жалпы айтқанда, театр  ұжы­­мы өткен маусымда көп­те­ген премьералар ұсынды. Ал, алда бұл тізім М.Әуе­зов­тің «Қорғансыз­дың күні», Р.Отар­баевтың «Әміре», Л.Н.Толс­тойдың «Холстомер», Қ.Жұмәділовтің «Ажалдан қаш­­­­­қан періште», Ілияс Есен­бер­линнің «Қаһар» сынды  тың  туын­­дыларымен толықпақ жә­не қарашада Тәуелсіздіктің 25 жыл­­дығы мен Қаллеки театры­ның 25 жылдық мерейтойына ар­налған Республикалық театрлар фестивалін өткізу көзделуде. Қарашаш Тоқсанбай, «Егемен Қазақстан» Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ