Қазір Ақтөбенің сауда орындарынан жыл бойы көкөніс өнімдері үзілмейді. Бұған голландиялық технологиямен жұмыс істейтін «Izet GreenHouse» ЖШС елеулі үлес қосып келеді. Кішкене ғана кеседей қалбырға отырғызылған қызанақ тұқымының керілген жіңішке жіпті қуалай өрмелеп, сабақ салып, өнім бергенін көргенде таңғаларың сөзсіз. Бұл бұдан бес-алты жыл бұрынғы алғашқы жылыжайлар салына бастағандағы таңғалушылық болатын. Қазір бұған да ет үйреніп болды. Дегенмен, араға уақыт салып келгенімізде жылыжайдағы қызанақтың орнын қияр басыпты. Серіктестік директоры Мәлік Құсайыновтың шаруаның адамы екенін бұрыннан да білетінбіз. Үнемі ізденісте жүретін іскер жігіт әңгімені әріден өрбітті.
– 2008 жылы жер телімін алып, жылыжай салуға бел будық. Таңдау жылыжай шаруашылығында әлемдік озықтар қатарындағы Голландия технологиясына түсті. Бір жылдан кейін құрылысты бастап кеттік. Технология да, материал да, оларды орнатқан мамандар да Голландиядан әкелінді. 2010 жылы желтоқсан айында жылыжай толық пайдалануға берілді, қызанақ тұқымы да сол елден жеткізілді. 2011 жылы сәуірде алғашқы өнімді жинадық. Бес жыл қатарынан қызанақ егіп, жылына 1800 тонна қызанақ жинап, өткіздік. Бұл жобаға салынған 1238 миллион теңге несиені толықтай қайтаруға мүмкіндік берді, – дейді ол пайдалы шаруаны қолға алғанына риза көңілмен.
Жобаны «ҚазАгроқаржы» АҚ қаржыландыруымен Голландияның «Dаlsem Horticultural Projects BV» компаниясы жүзеге асырды. Жылыжай кешенінде голландиялық тұқымдар пайдаланылады және Нидерландтан шақырылған агроном Фред ван Клинг тұрақты негізде қызмет істейді. Жылыжай толықтай газбен жылытылады.
«Izet GreenHouse» ЖШС еліміздің батыс өңірін көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге арналған Қазақстанның озық инвестициялық жобаларының қатарына жатады. Облыс және қала әкімдіктерінің қолдауымен кешен облыс нарығы мен дүкендерін өнімдермен қамтамасыз етіп отыр. Өнім минералды тыңайтқыштарды қолдана отырып, голландиялық технологиямен, экологиялық таза әдіспен өндіріледі.
Серіктестік өз өнімдерін Ресейдің Орынбор облысына өткізе бастады. Қазір жылыжай кешенінде 50 адам еңбек етеді. Серіктестік жылыжайда Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледж түлектерінің тәжірибеден өтулеріне жағдай туғызып отыр, олардың қатарынан жұмысқа алынғандары да бар.
– Мұнда жұмысқа тұрғаныма көп болған жоқ. Жұмысым өзіме ұнайды, еңбекақысы да тәуір. Таза да жарық жерде еңбек етемін, – дейді Талғат Тәменбаев.
– Біз өнімдерімізге деген сұранысты ескеріп, өндірісті кеңейтуге бағыт ұстап отырмыз. Қалалық әкімдік жаңа жылыжай орналастыруға 3 гектар жер бөлді. Сол кезде екі жылыжайға қызанақ пен қиярды алмастырып егуге қол жеткіземіз. Бұл өнімділікті арттыра түседі деп ойлаймыз. Оған да голландиялық технология орнатылатын болады, – дейді Мәлік Құсайынов.
Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің голландиялық технологияға ұмтылуларының да жөні бар екен. Нидерланд Қазақстан экономикасына қаржы құйып отырған ірі инвестор болып табылады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы
Суретті түсірген
Хайреден Раушанов