Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды.
Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттардың талқысына екі заң жобасын ұсынатын болды.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұсынуымен кейбір заңдарға тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша түзетулер енгізуді қарастыратын заң жобасы бірінші оқылымда талқыға шығарылады деп шешілді. Қаржы және бюджет комитеті электрондық ақша мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарауды ұсынды.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Есiрткi, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Заңға толықтыру енгізу туралы» заң жобасының дайын екенін мәлім етсе, Аграрлық мәселелер комитеті Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын екінші оқылымда талқыға шығарғалы отыр.
«Егемен-ақпарат».