26 Ақпан, 2011

Cіз не дейсіз?

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
БАҒАНЫ ҚҰРЫҚТАУҒА БОЛА МА? Бұл күнде барлық жерлердегідей, Қарағандыда да  азық-түлік өнімдері баға­сы өсіп тұр. Ол солай бола бере ме? Оны ырықта ұс­тауға мүмкіндік бар ма? «Егемен Қазақстанның» аталған өңір бойынша тілшісі Айқын Несіпбай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының  бастығы Ниқан Омархановқа: – Сіз бұған не дейсіз? – Біздің аймақта негізінен өндіріс басым дамыған. Тұр­ғын­дардың 80 пайызы қала­лар­да тұрады. Сондықтан аз­ық-түлік тұтынымы өзге өңір­лерге қарағанда жоғары. Баға­ның өңірде қымбаттауы бір жа­ғынан соған байланысты да болса керек. Ауыл еңбек­кер­лері облыс жұртшылығын әзір­ге тек бидай, картоп, сәбізбен ғана толық қамтамасыз ете алып жүр. Басқа түрлері сырттан әке­лінеді. Шындығын айтқанда, кар­топтың жөн-жосықсыз қым­бат­тауында түсініксіз жайлар бар. Өткен күзде облысымызда 220 мың тонна картоп өн­ді­ріл­ді. Қыс алдында айға созылған жәрмеңкеде килосы 45-50 теңгеден сатылды. Қалалықтар 300 тоннасын сатып алды. Зерттеулер көрсетіп отырған­дай, қоры, баршылық. Қазір қалалардағы әлеуметтік дүкен­дерде әр килосы 85 теңгеден сатылуда. Базарларда 130-140 теңге. Яғни, 2 есе қымбат. Құқық қорғау органдары мен салық департаментінің  қыз­меткерлерінен құрылған комиссия бір мәселенің мәні­сін анықтап жатыр. Бағаны құрықтау үшін шаралар қа­рас­тырылуда. Ең алдымен, базар­лар­дағы әр түрлі төлемдерді жоюға, делдалдарды азайтуға көңіл бөлінуде. Ауыл жақтан арзанға сатып алып, содан соң аса қымбатқа өткізушілерге тосқауыл қойылмақ. Биыл көкөніс пен картоп сақтайтын қоймалар салына­ды. Ет сақтауға арналған үлкен тоңазытқыштар құрылысы бас­талады. Мал өнімдеріне бағаны қалыпты ұстау үшін «Мал өнімдері» тұтыну кооперативі құрылды. Әлеуметтік маңызы бар тағамдық өнім­дер­ді өткізу үшін сауда орында­рын тегін бөлуге базарлар басшыларына тапсырма берілді. Кеше осы мәселеге байла­нысты облыстық кеңес өт­кізіліп, істің жайы жан-жақты талданды. Бағаны қалыпты ұстап тұру үшін алдағы екі жылға арналған кешенді шаралар белгіленді. Қарағанды.