Кеше Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Күн тәртібінде депутаттар қарауына «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсынылды. Қаржы құжатына өзгерістерді қарастыратын заң жобасын талқылауға Премьер-Министр К.Мәсімов бастаған Үкімет мүшелері қатысты.
Бюджетке енгізілетін түзетулер туралы Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов баяндама жасады. Жанар Сейдахметқызы өз сөзінде биылғы елдің негізгі макроэкономикалық параметрлерінің болжамын нақтылауға бірқатар факторлардың себеп болғанын жеткізді. Атап айтқанда, 2010 жылы ішкі жалпы өнімнің көлемі 21 513,5 миллиард теңгені құрап, бұрынғы болжамнан 2,2 триллион теңгеге жоғары болған. Яғни, ішкі жалпы өнім 7 пайызға өскен. Қысқа мерзімдік экономикалық индикатор биыл былтырғы жылғы қаңтар айымен салыстырғанда 106,9 пайызды құраған. Оның ішінде, өнеркәсіп өндірісі 5,8 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 2,2, ішкі сауда тауар айналымы – 11,1 және көлік қызметінің көлемі 7 пайызға артқан. Үшінші фактор ретінде министр үстіміздегі жылдың қаңтар айында Халықаралық валюта қоры әлемдік экономиканың өсуі жөніндегі болжамын 4,2 пайыздан 4,4 пайызға дейін ұлғайту жағына қарай түзетті деген мәліметті келтірді.
Тағы бір белгілісі, былтырмен салыстырғанда биыл әлемдік рынокта ауыл шаруашылығы өнімдері мен металға деген баға орташа жылдық мәнде жоғары деңгейде болады. Мұнайдың 2011 жылғы орташа әлемдік бағасы бір барреліне 65 АҚШ доллары деңгейінде сақталған. Ал экономиканың өсімі 5 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Бұл өткен жыл (3,1 пайыз) болжамынан 1,9 пайыздық тармаққа жоғары. Номиналды мәндегі ішкі жалпы өнім 2 567,6 млрд. теңгеге ұлғаюы жағына қарай түзетілген. Негізінен бюджет жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру мақсатында әзірленген. Республикалық бюджетке нақтыланған көрсеткіштер тұтастай алғанда мынандай болды:
– бюджет түсімдері 4 249,3 миллиард теңге көлемінде белгіленді немесе қолданыстағы бюджетпен салыстырғанда 207,9 миллиард теңгеге өседі;
– республикалық бюджет шығыстары бекітілген бюджетпен салыстырғанда 301,3 миллиард теңгеге ұлғайып, 4 945,1 миллиард теңге болады;
– тапшылық – 695,8 миллиард теңге немесе бекітілген көрсеткішке қарағанда 93,3 миллиард теңгеге өсіп, ІЖӨ-нің 2,9 пайызын құрайды.
Әлеуметтік салаларға: денсаулық сақтау, білім беру, халықты еңбекке тартуды қамтамасыз етуді бюджеттік нығайтуға қосымша шығыстарды бағыттау қарастырылып отыр.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығына, бәсекеге қабілетті өндірістерді сауықтыруға, сонымен бірге, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асыруға мемлекеттік субсидия берілетін болады.
Талқылаулар нәтижесінде аталған заң жобасы жан-жақты қолдау тапты.
Сонымен қатар, отырыста бірқатар халықаралық келісімдер де ратификацияланды. Еуразиялық экономикалық қоғамдастық сотының статусы жөніндегі заңдық құжатта ЕурАзЭҚ сотының қызметін ұйымдастыру қарастырылады. Сотқа жүгіну мүмкіндігі ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттерге, ЕурАзЭҚ органдарына, сондай-ақ Кеден одағына мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілеріне беріледі.
Ал еліміз Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қатысты заң жобасы босқындарды халықаралық қорғауға алу және оларға гуманитарлық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастыққа құқықтық негіз қалауы тиіс.
Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияға түзетуді ратификациялау туралы заң жобасы осы саладағы барлық қауіпсіздік шараларын жүргізуге барынша ықпал етуі тиіс. Сондай-ақ отырыста шаруа немесе фермер шаруашылығы және азаматтық заңнамаларды жетілдіру мәселелері бойынша қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу туралы заңдар қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.