Тарихтың кейбір кезеңдері қайталанып жататын сияқты ма, қалай өзі... Молда-имамдарға қырғидай тиген өткен ғасырдағы репрессия жылдары ел құмған ұстауға қорқып қалған еді. Қазір «Құдайға неғып сенесің?» деп ешкім қару кезенбейді. Құлшылық етсең де, етпесең де өз еркің.
Бірақ соңғы кездері «Пәленше намаз оқиды екен» деген әңгіме айтыла қалса, «Аллаға шүкіршілік» деудің орнына «Ойпырым-ай, ол «анандайлардың» қатарынан болып жүрмесін, балағы қысқа, сақалы ұзын емес пе екен, әйтеуір?» – деп әлгіге күдікпен қарайтынымыз бар. Әрине, асыл дініміздің абыройын ешкім де түсіре алмайды. Дегенмен де, дін мәселесінде өте сақ, өте қырағы болмасақ, жастардың теріс ағымдарға бұрылып кетуі лезде болатын жағдай екенін байқап жүрміз.
Осыдан кейін діни тұрақтылық әрбір қазақстандықтың бақуатты өмір сүруінің, әрі экономика дамуының бірден-бір алғышартына айналды десек, артық болмас. Әйтсе де, осынау өліара сәтте дін мәселесіне жүрдім-бардым қарайтын басшылар бар екен.
– Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру индикаторларына қол жеткізу үшін ұйымдастырылатын іс-шараларға облыс тұрғындарының 75 пайызын қамту қарастырылған, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров. – Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін барлық деңгейдегі жауапты атқарушы органдар өз жұмыстарын күшейтулері керек. Зерделеу жұмыстарының қорытындысы ауыл әкімдерінің жұмыстарында діни ахуалды қалыптастыруға нақты бетбұрыс және қатаң талап жасау қажеттілігін көрсетеді. Мәселен, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас, Шу аудандарындағы ауылдық округтер әкімдерінің көбі бұл бағдарламадан бейхабар. Тіпті, облыстық іс-шаралар жоспарларымен мүлдем таныспағандығы және жете мән бермеуі ойландырып отыр.
Иә, ауыл әкімдері әлі де бейқамдық танытуда. Сол себепті, барлық ауданда, республика бойынша қанатқақты түрде «Жастар орталықтары» жанынан «Дін істері бойынша» арнайы секторлар ашу ұсынылған екен. Аталған секторлардың қызметі тікелей дін мәселелеріне байланысты болуына орай міндетті түрде дінтанушы мамандарды жұмысқа тарту, діни бағыттағы жастардың сұранысына жауап бере алатын мамандарды алу белгіленген.
Қазіргі уақытта облыс бойынша ашылған секторларға 27 штаттық бірлік бөлініп, оған бүгіннің өзінде 20 маман жұмысқа тартылыпты. Бірақ сол 20 қызметкердің негізгі мамандықтарына назар аударып көріңізші. Төртеуі мемлекеттік жергілікті басқару органдарының маманы, екеуі тарихшы, екеуі құқықтанушы, тағы екеуі филолог, психолог, журналист, қаржыгер, салық қызметкері, биолог, радиотехник. Тек төртеуі ғана кәсіби дінтанушы. Әрине, аудандарда дін саласының мамандары тапшы екенін мойындау қажет. Сарысу ауданының әкімі Б.Жайлыбаев сол төрт дінтанушының бірін жас маман ретінде пәтермен қамтамасыз етіп, жағдайын жасап отыр. Басқа ауданның әкімдері де неге осындай әрекеттерге бармасқа? Әйтеуір, бір жолын табу керек қой.
Жасыратыны жоқ, Жамбыл облысындағы 11 қала, аудандардың ішінде, әсіресе, Қордайдағы діни ахуал ерекше назарда тұр. Бұған, әрине, ауылы аралас, қойы қоралас жатқан Қырғызстанның да ықпалы жоқ емес. Жастардың радикалды идеяға бой алдыру себептерінің қатарына олардың әлеуметтік және материалдық жағдайының төмендігі, психологиялық жетілмеуі, біреудің пікірінің жетегінде кетуі, жастық максимализм мен діни сауатсыздығын жатқызуға болады. Осы және де басқа себептермен облыста жастардың бір бөлігінің шетелдік теологиялық оқу орындарына шығу фактілері кездеседі. Нақтырақ айтсақ, облыстан шетелге шыққан азаматтардың саны 32 адамды құраса, соның 22-сі осы Қордай ауданының тұрғындары екен.
Ал осыдан кейін Қордай ауданы басшыларының «Дін істері бойынша» ашылған арнайы секторларға биолог пен салықшы мамандығы иелерін жетекші етіп бекіткенін қалай түсінуге болады? Сондай-ақ, Тараз қаласында дәл осы қызметті радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандары атқарып жүр. Тіршілігі қайнап, адамы ағылып, берекесі төгіліп жатқан Қордай мен Таразда дінтану мамандарын табу қиынға түспесе керек. Меніңше, басшылардың бұл іске деген ықыласы жоқ. Жүрдім-бардым қарайды.
Тағы бір айтары, облыстағы 278 мешіттің 260-ында арнайы бұйрықпен бекітілген имам болса, 18-інің имамы жоқ екен. Және өңірдегі 20 мешіттің құрылыстары әлі күнге толық заңдастырылмаған. Құжаттары дұрыс емес мешіттердің бесеуі Қордай ауданының еншісінде болса, тағы бесеуі Шу ауданында көрінеді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы