07 Қазан, 2016

Жол сапасы cақталсын десек...

376 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
ky­zyl­orda«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолы ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Дегенмен, күрежолдағы кейбір мәселелер жол бақылау орындарын алаңдатып отырғаны байқалады. Осыдан біршама уақыт бұрын облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы жолға қатысы бар сала басшыларының басын қосып, жолда қабылдау акциясын өткізген болатын. Ауыр жүк көліктерін тоқтатып, толғандырып жүрген мәселелерін тыңдады, ұсыныстарына құлақ түрді. Әр күні жол сақшыларының басшысын кездестіре бермейтін көпшілік ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Олар­дың қатарында белоруссиялық Леонид Яскеевич те болатын. – Қазақстан аумағындағы жолды 100 пайыз жақсы дей алмаймын. Бірақ бұрынғыға қарағанда ед­әуір жақсарған. Ал кейбір жер­лері толқынданып кеткен. Кө­лігің селкілдеп мазаны алады. Түсінемін, бұл жолды халықаралық деңгейге кө­термек ойларыңыз бар. Құптаймын. Дей тұрғанмен, сапаға басты назар аударып, жол жасаушы жұмысшыларды қатаң қадағаласаңыздар екен, – деді белоруссиялық жүргізуші. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолының барлық көлемі кө­ңілден шықпайды емес. Ел аузын­да­ғысы – Қызылордадан Шиеліге бет алған жолдың кей тұсы. Бұл мәселе көтерілгенде «Қазавтожол» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Шанжархан Мырзабай «Бұл жол пайдалануға берілмеген. Әлі де жұмыстар істеледі», деп қыс­қа қайырған еді. Енді күрежолдың ойылуының себебіне көшсек... Өткен жылдың ая­ғында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында «Еvrascon» Еуразиялық құрылыс корпорациясы» ААҚ Қызылорда филиалы қыз­меткерлерінің жанайқайы жарияланды. Жүргізушілер кө­лік­тік бақылау инспекциясы ма­мандарының ауық-ауық айыппұл арқалата бергеніне наразылық та­ныт­қан. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген олар тәртіп сақ­шыларын көргенде кірпідей жиырылып, қабақ түйетін деңгейге жетті. Әліптің артын бағып, мән-жайға қа­ныққанда олардың жүк көліктеріне артық сал­мақ артуға құмар екені анық­­талды. – Біз инспекция бастамасымен облыс әкімдігіне жоба ұсын­дық. Қолдау тапты. Ол жобада біз барлығын ег­жей-тегжейлі қа­растырған болатынбыз. Мысалы, «Хова» автокөлігі тір­кемесімен есептегенде 1 вагон жүктің салмағын тасиды. Егер темір жол қызметін пайдаланса, олар 1 күн күтуі керек. Ал автокөлік төрт сағат­та қалаға жет­кізеді. Қаражаты да тиімді, бірақ заңға қайшы. Күні кеше салынған жолды ойлы-қырлы етіп жатыр. Тіркемесімен «Хова» автокөлігі (жүк салып) бір жүріп өткенде, 50 мың жеңіл автокөліктің жүріп өт­кеніндей болады. Ал мемлекетке тигізіп отырған зиянына келсек, 180 шақырымға 900 мың теңге. Мұнан соң мәселені шешудің жалғыз жолы артық салмақ салушылармен күресу болды, – дейді инспекция басшысы Ержан Жолдасов. «Еvrascon» Еуроазиялық құ­рылыс корпорациясы» ААҚ Қызыл­орда филиалы бұл күнде өздеріне қажетті құрылыс материалдарын темір жол қызметімен тасымалдайды. Өйт­кені жоғарыда аталғандай, ме­кеме иелігіндегі ауыр жүк көлік­тері қазақ­стандық талапқа сай кел­мей­ді. Мұны мекеме заңгері де растап отыр. – Бізге рейд басталғалы бері 8 миллион 571 360 теңге шамасында айыппұл салынған. Қанша үлкен мекеме дегенмен, бұл – әжеп­­­тәуір шығын. Біздің алатын құрылыс мате­риалын, мекеме жұ­­мысшыларының жалақысын қос­қанда, қанша қаражат керек. Егер біз айыппұлды 40 күнде төлемейтін болсақ, есеп-шотымызды жабады. Арғы жағы біз тіпті қыз­меткерлерге жалақы төлей алмайтын жағдайда қаламыз. Енді қажетті материалдарды темір жолмен тасымалдап, қоймадан қажетті жерге дейін жергілікті компаниялардың жүк кө­­лік­терімен келісімшарт арқылы жеткізіп отырмыз. Бұл – бұрынғыға қарағанда екі есе шығын, – дейді заңгер Ғани Бекпаев. Өңірдегі құрылыс саласында өзіндік орны қалыптасқан «Қыран» ЖШС мекемесіне ұзын саны 1 мил­­лион 26 960 теңге айыппұл салынған. Дегенмен, аталған ком­пания жергілікті талапқа сай кел­мейтін ауыр көліктерді жолсызға жөнелтіпті. – Негізінен бұл көліктер 25 тон­­наға дейін көтеруге қабілетті. Бірақ заңдылыққа сүйенсек, 7-8 тонна ғана жүк салу керек. Бұл көлем жанармай шығынын да ақтамайды. Ал қалауымызша сал­сақ, айыппұл мөл­шері қалтаны қақпақ. Амалсыздан, мұндай техникаларды біз Шалқия, Құмкөл кент орындарына, асфальт жоқ жер­лердегі карьер басына жібердік. Олар сол жақта жұмыс істейді. Ал қа­ладағы жұмысымызға талапқа сай келетін «КамАЗ» автокөлік­те­рін тіркемесімен қолданып жатырмыз. Қазір шаһардағы «Бәйтерек» жаңа шағын аудандарындағы жер телімдерінің жұмысымен айналысудамыз. Оған қолда бар «КамАЗ»-дар мен жеке тұлғалардың көліктерін жұмылдырып келеміз. Көп жағдай­да темір жол қызметін пайдаланып жатырмыз. Бұл қызметтің тари­фі сәл қымбаттау, бірақ жұмысты жүр­­гізу керек, – дейді «Қыран» ЖШС ди­рек­торының орынбасары Сәрсен­бай Әбішев. Тариф мәселесіне келгенде Қы­зыл­орда жолаушылар тасымалы бө­лім­­шесі директорының логистика жөніндегі орынбасары Батырхан Ба­зар­баев біршама мәселенің бетін ашты. – Темір жол тарифі бұрыннан арзан емес. Өйткені, оның шығыны да жеткілікті. Біз карьерден Қызыл­ордаға дейін, тіпті олардың қоймасына дейін апарғанда әжеп­тәуір шығын шығады. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, бұрын артық салмақ тиегенде көп айырмашылық болған шығар, қазіргі есеппен алсақ, айырма көп емес. Компанияға он «КамАЗ» жүк тасыған тиімді ме, әлде бір вагон жүк әкелген оңай ма? Осыны ойлану керек. Мысалы, «Қыран» мекемесі бір күнде 70 вагон инертті зат әкеледі. 13-14 вагоныңыздың өзі 1000 тонна болады. Оны автокөлікпен таситын болса, үлгермейді, ол үшін айналымда 500 машинаңыз болу керек, – деді Батырхан Бақытбекұлы. Жол сапасын зерделеп, оны күтіп-ұстау үшін қатаң қағидалар қалыптасты. Тіпті жазғы-көктемгі шектеулер пайда болды. Мәселен, ауыр автокөліктің әр осіне қойылар салмақтан 2 тонна кем болу керек. Өйткені, қысқы қардың еріп, асфальт дымқылданған сәтте жұмсақ болып келеді. Мұндайда ауыр салмақты көліктер өтсе, доңғалақтың ізі қа­лып қояры анық. Жазы аптап ыстық болатын біздің өңірдің ерекше тем­пературасындағы шектеудің себебін айтпасақ та түсінікті болар. Ең негізгісі бұл емес. Жолдағы артық салмақты шектеу арқылы біз үш нәр­сеге қол жеткіздік. Айып­пұл­дарды төлеу арқылы бюджетке ед­әуір түсім түсті. Екіншіден, жеке тұрғындардың қаңтарылып бос тұрған жүк көліктеріне сұраныс артты. Ал үшіншісі, автокөлік қыз­метін заңды пайдалану тиімсіз бол­ғандықтан, алпауыт мекемелер темір жол қызметін пайдалануға көшті. Мұның үшеуі де мем­лекеттің оң жамбасына келер нәтижелер. Мемлекеттік органдардың бір­лескен шарасының нәтижесі болса керек, темір жол қызметінің жыл басынан бергі тек қана құрылыс заттарын тасымалдауы өткен жылдан 148 пайызға өскен. Түсімінің негізгі көлемін жүк тасымалы құрайтын ұлттық компания үшін бұл үл­кен жетістік. Филиал директорының орын­­басары Б.Базарбаевтың айтуынша, бұған көліктік бақылау инспекция­сы мамандарының да зор еңбегі сіңіп отыр. – Біздің қызметіміздің 69 пайызын тек қана жүк тасымалы құрайды. Мәселен, «Аралтұз» АҚ айына 300 вагонды Ресейге жөнелтеді. Одан бөлек, жеке компанияларға тоқталсақ, өткен жылы небәрі 5 вагон жүк әкелген «Қыран» ЖШС биыл осы күнге дейін 1192 вагонға тапсырыс берді. Ал «УАД» мекемесі болса, өткен жылғы 950 вагонды биыл 2372-ге жеткізді. Сондай-ақ, былтыр қызметімізді мүлдем тұтынбаған «Ордасити» 141 вагонға тапсырыс берсе, «Шиелі тас» 430 вагонның қызметін пайдаланды. Тапсырыстың молаюы инспекция­ның тынымсыз тірлігімен қоса, өңірде құрылыс жұмыстарының қарқынды болуына да байланысты деп санаймын, – дейді Батырхан Бақытбекұлы. Жолды күтіп-ұстау үшін ең алдымен тәртіп керек. Ал тәртіпке бас иген­­нің құл болмайтыны әу бас­тан белгілі. Пайдаға шаш-етектен кенелемін деп, жолға зиян келтіруге болмайды. Оған жол берілмейтінін де ескерген абзал.  Дәулет ҚЫРДАН, журналист Қызылорда облысы