Қазіргі таңда үлескерлердің қатысуымен жүзеге асырылатын құрылыс жұмыстарына деген талап арта түсті. Үстіміздегі жылдың 10 қазанынан бастап «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның күшіне енуімен құрылыс жүргізуге бақылау айтарлықтай күшейтіледі. Бұл жөнінде Астана қаласы құрылысқа қатысты басқармалар басшылығы арнайы брифинг өткізіп, заңнамалық өзгерістерге кеңінен тоқталды.
Басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Досқұловтың мәлімдеуінше, заң талаптарына сәйкес енді үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алудың нақты үш жолы қарастырылған. Тарқатып айтқанда, Кепілдендіру қорының кепілдігін алу; Екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу және Тұрғын үй қорының (тұрғын үй ғимаратының) қаңқасы салынғаннан кейін ғана ақша тарту.
Қор кепілдігін алу үшін құрылыс жүргізуші республикалық маңызы бар қалалар мен елордада кемінде 18 мың шаршы метр және басқа да әкімшілік-аумақтық бірліктердегі құрылыста кемінде 9 мың шаршы метр тұрғын үйлерін (ғимараттарды) пайдалануға өткізген болуы тиіс. Оның үстіне мердігер ретіндегі 3 жыл тәжірибесінің болуы да назардан тыс қалмаған. Сонымен қатар, соңғы 2 жылда аудиторлық қорытындымен расталған шығынсыз қызметінің болуы да талап етіледі. Ең бастысы, құрылыс жүргізуші бір мезгілде бір құрылыс жобасынан көп емес қызметті асыратын уәкілетті компания құра алатындығы. Ол компанияның меншік құқығымен өзіне тиесілі жер учаскесі; жобалау-сметалық құжаттамасы; жобалық құнының 10-15 пайыздық орындалған жұмыстар актілерімен расталған аяқталмаған құрылысы; кепілдік беру туралы шарт бойынша кепілдік жарнаны төлеуге арналған ақшасы және тұрғын үй құрылысының мердігерлік шарты болуы міндетті.
Құрылыс жүргізуші үлескерлердің ақшасын тек жоғарыда аталған Қордың кепілдігін алған келісімшарттан кейін ғана тартуға құқылы. Ал қалған екі жағдайда үлескерлер қаржысын тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсаты қажет.
Елордада мұндай міндетті Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өз мойнына алып отыр. Тиісті ақпаратты қала әкімдігінің coll-орталығынан 1414 нөмірі арқылы білуге болады. Астана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының орынбасары Гүлжан Кивенованың айтуынша, Заңның 41-бабы бойынша құрылыс жүргізуші заң талаптарын бұза отырып жеке немесе заңды тұлғалардың ақшасын тартатын болса, онда жауапкершілікке тартылады. Д.Досқұлов реті келгенде проблемалық нысандардың құрылысына қатысты сөзінде бұған дейінгі келісімшарттардың инвестиция салу, алдын ала сатып алу жолымен азаматтық-құқықтық немесе өзге де келісімдер арқылы жасалғандықтан, олардың азаматтық-құқықтық негізде шешімін табатындығын ерекше атап кетті. Дей тұрғанмен, әкімдік үлескерлер саны мен құрылыс нысандарындағы жұмыстар барысына мониторинг жүргізеді. Бұл тұрғыда екінші дәрежелі банктер де өз тараптарынан құрылыстың жүргізу барысын және үлескерлердің қанша қаражаты жұмсалғандығын өздері бақылайтын болады. Толықтай алғанда, қабылданған заңдық құжат нарықты жауапсыз құрылысшылардан тазартуға мүмкіндік бермек.
Бұған дейін кез келген заңды немесе жеке тұлға құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат алып, бақылаусыз үлескерлердің қаржысын тарту арқылы тұрғын үй құрылысын жүргізе беретін. Қазіргі таңда нарықта қанша құрылыс компаниясы бар деген сұраққа жауап қатқан Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының орынбасары Дәулет Досқұлов екі жүзге тарта тұрғын үй кешенінің құрылысы салынып жатқандықтан, осыншама құрылыс салушы бар дегенді баса айтты.
Енді уәкілетті орган келіп түскен құжаттарды қарастырар кезде жаңа заң бойынша талап ететін болады. Егер құрылысты жүргізуші өз міндетін дұрыс атқармаған жағдайда Қор немесе екінші дәрежелі банктер нысанды алып қойып, өзге құрылыс компаниясына бере алатындығы да ерекше аталды. Ал тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін құрылыс жүргізуші жауапсыздық танытса, онда үлескерлер тұрғын үй-коммуналдық қызмет құра отырып өздері шеше алады. Жалпы, апта сайын әр бейсенбі күні сағат 18.00-де Астана қаласының әкімдігінде заңды жүзеге асыру бойынша кеңес өткізіліп, оған құрылыс салушылардың барлығы да қатыса алады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»