26 Ақпан, 2011

Қамқорлықтан шет қалмайды

467 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Республикалық ақпараттық-насихаттық топ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шақ­тың іргесін бірге қалаймыз» атты  халыққа  Жолдауын кеңінен насихаттау мақсатында Қызыл­жар өңірі тұрғындарымен жүздесуге келді. Ақпараттық-насихаттық топты Эконо­ми­калық даму және сауда министрлігі сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаев бастап жүрді. Оның құрамында республикалық министрліктерге қарасты құрылымдардың басшылары  болды. Топ мүшелері елді мекендерді аралау ал­дында жергілікті ведомство жетекшілері­нің, бюджет жә­не қаржы саласы өкілдерінің қа­тысуымен кездесу өткізді. Жиынды облыс әкі­мінің орынбасары  Фархад Қуанғанов ашып, Жолдау талаптарын тү­сін­ді­руге 15 ақпарат­тық-насихаттық топтың жұ­мыл­ды­рыл­ғанын, 200-ден аса басқосулар өткізіліп, 20 мыңнан астам тұрғындардың қамтылғанын жеткізді. Ақпараттық-насихаттық топтың жетекшісі А.Қазыбаев жиналғандарға ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында қабылданған Жол­дау­дың мән-маңызы жайлы  кеңінен әңгіме­леді. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік­тің өртке қарсы күрес қызметі  комитетінің төр­ағасы Серік Әубәкіров Жолдауда халықтың денсау­лығын жақсарту жолында  айтылған басты шара­лардың орындалуы жөнін­де сөз етсе, Құ­ры­лыс-тұрғын үй шаруа­шы­лық жө­ніндегі агенттік төр­ағасының орын­басары Николай Тихонюк Жол­дауда  тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашы­лық­ты жаңғырту басым бағыт ретінде жария­лан­ғанын атап көр­сетті. Ал Мәжіліс депутаты Раиса Полищук, Туризм және спорт министрлігі Стра­тегия­лық жаңғырту де­партаментінің директоры Да­ри­ға  Қамзебаева  мұғалімдердің біліктілігін арт­тыру, кәсіби шеберлігін жетілдіру, саламатты өмір салтын қалыптастыру, білім сапасын халық­аралық деңгейге жеткізу, тағы басқа мәселелер жөнінде өз ойларын ортаға салды. Республикалық ақпараттық-насихаттық топ­­­тың мүшелері түстен кейін облыс орта­лы­ғын­дағы мекеме-кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырды. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі әлеу­меттік сақтан­дыру және жинақтау жүйесі басқармасының бастығы Гүлзада Сұл­танова жұмыспен қамту­дың жаңа бағдарламасы жасалып жатқанын, ол тұтынуға емес, жұ­мыс­пен қамту жағына басым­дық беру мақ­сатын, ең бастысы  масыл­дық­ты еңсеруді діттейтінін айтты. Бұдан бы­лай Үкімет еңбек­ке қабілетсіз және аз қам­тамасыз етілген жан­дарға ғана  көмектесетін болады. Ал, қал­ған ауыл тұр­ғын­дары үшін қолжетімді микронесиелеу, басқа­дай шаралар ұйымдас­ты­рылады. Жиналғандар оның әр сөзін зейін қоя тыңдады. Содан кейін республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері  сегіз топқа бөлініп, аудандарға аттанды. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.