Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау Алматы облысына келген сапарында облыс әкімі Серік Үмбетовпен кездесті. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асуын үйлестіретін және бақылайтын жұмыс тобының жетекшісі бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Болат Тәкеновтің төрағалық етуімен өткен кеңеске қатысты. Жетісу жерінен индустрияландыру картасына өткен жылға жоспарланған жобалар толық орындалған. 2010 жылы облыста республикалық және аймақтық индустрияландыру карталары бойынша 27 жоба қолға алынып, оның 10-ы ойдағыдай жүзеге асырылған. Алдағы кезде индустрияландыру картасына 11 жаңа жоба ұсынылып отыр екен. Ал 2011-2014 жылдары облыс бойынша индустрияландыру картасында жалпы құны 1 триллион 590 миллиард теңге болатын 28 жоба бар. Оның ішінде 13 жоба республикалық индустрияландыру картасына енсе, 15 жоба аумақтық картаға кіргізілген. Аталған жобалар толығымен орындалса 17 мың жаңа жұмыс орны ашылмақшы.
Кеңесте Альберт Рау мемлекеттік бағдарлама аясында белгіленген маңызды жобалардың Алматы облысындағы орындалуына көңілі толатындығын білдірді. Өз кезегінде сүт, ет өңдейтін зауыттар, металл бұйымдар, құрылыс материалдарын, аккумуляторлар шығаратын кәсіпорындар басшылары биыл кәсіпорындардың кестеге сай іске қосылатынын мәлімдеді.
Кеңестен соң вице-министр бастаған топ Текелі қаласында «Green House жасыл үй» ЖШС салып жатқан көлемі 3,65 гектарлық жылыжай құрылысымен танысты. Серіктестік аумақты алқапты алып жатқан жылыжайды іске қосқан соң облысты көкөніске қарық қылмақ. Сол сияқты, А.Рау Талдықорған қаласындағы қорғасынды-қышқылды аккумуляторлық батареялар шығаратын «Қайнар АКБ» серіктестігінде де болды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.