26 Ақпан, 2011

Еңбегі елдің есінде

438 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Қазақ ұлттық «Шабыт» өнер университетінде қазақ өнерінің жергілікті жердегі жанашыры болып, үлкен қызметтер істеген, соның ішінде С.Сейфуллин атындағы пединститутта өнер факультетінің ашылуына мұрындық болған Сайлау Боранбаевтың 80 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция болды. Ұлағатты ұстаз, табанды тә­лім­гер, ұлт өнерінің жанашыры, тамаша азамат Сайлау Боран­баевтың елі үшін еткен еңбегі мен қызметінің жеткілікті дәрежеде еленбей келгендігі туралы «Егемен» өткен жылғы жел­тоқсан айында жазған еді («Елен­бей жүрген бір есім»., 03.12.2010 ж.) Аталған конференция сол мақа­ла­да көтерген мәселелерді қуаттай түскендей шара болды. Конференцияны университ рек­торы Айман Мұсақожаева ашып, жи­налғандарға құттықтау сөзін айт­ты. Осыдан кейін Сайлау Боранбаев туралы деректі фильм көрсетілді. Онда азаматтың өмір жолына қыс­қа­ша шолу жасалды. Сөз кезегі өзі­не берілгенде Қазақстанның Еңбек Ері, атақты композитор Еркеғали Рах­мадиев Сайлау Боранбаевты өте жақ­сы білгендігін және оның сол­түстік облыстарда қазақ өнерін да­мы­туға сіңірген еңбегін Ыбырай Ал­­тын­сариннің халық ағарту ісіне жасаған еңбегіндей көретінін тілге тиек етті. «Сары Арқа» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері, жазушы Нұр­ғожа Ораз Сайлау Боранбаевтың Ақ­мо­ла­ға қазақ өнері тың игеру сал­дары­нан қатты зардап шегіп жатқан кезде келгендігін айтты. Сол шақта, деді жазушы, барлық концерт, өнер шаралары тек орыс тілінде өтетін. Арасына бір нөмір де қазақ әнін қоспайтын. Олар бізде өнер мүлде жоқтай көретін. Осындай кезде Сайлау ағамен бірігіп, қазақ өнер ұжым­дарын құр­мақ болдық. Сонда бізге Ақмо­ла­дағы Тың игерушілер, Те­мір­­жол­шы­лар сарайынан бір бөлме де беріл­меген еді. Тіпті, өзімізді бас­тық­тар, соның ішінде қазақтары да бар, «ұлтшылдар» деп айып­тап, қу­да­лауға да салған. Осының бәріне С.Боранбаев төтеп беріп, артынан бә­рі­бір қазақ өнер ұжымдарын ұйым­­дастыра білді, деп қорытты сөзін. Конференцияға еліміздің көп­теген облыстарынан, Ресейден, Гер­маниядан Сайлау Боран­баев­тың шә­кірттері келген екен. Олар­дың бә­рі де айтылған естеліктерінде Сай­лау Боранбаевтың ерекше еңбе­гін ауыз­ға алды. Жасал­ған ғылыми баяндамалар негізінен С.Боран­баев­тың му­зыкалық ағартушылық, педа­гогтық қыз­меті мен ғылыми еңбек­терін тал­қы­лауға арналды. Конференция барысында өнер­ге айтарлықтай еңбек сіңір­ген жер­гілікті азамат Сайлау Боран­баевтың жарқын есімін есте қал­дыру үшін Астана қаласының бір көшесіне және бір музыка мектебіне оның атын беруді өтініп, қала әкімдігіне хат жазу керектігі тура­лы шешім қабылданды. Жақсыбай САМРАТ.