Тәуелсіздік ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманы еді. Сондықтан да, Тәуелсіздік – біз үшін көптен күткен ең қастерлі мереке. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Елбасымыз айтқандай, «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақ халқына тағдырдың тартқан сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңді бастан кешу арқылы қол жеткізген өз мемлекеттілігін құруға деген заңды құқығы, бұл даусыз және саяси фактіге ешкім күмән келтірмеуі тиіс».
Біртұтас азат ел болуды армандаған Алаш азаматтары осы жолда өз өмірлерін қиды. Олардың арман-тілегі сол кездері жүзеге аспағанымен, ұлттық сананы оятуда үлкен рөл атқарды. Ал жалпысында Қазақстанға бұл тәуелсіздік оңай жолмен келмегені бәрімізге белгілі, тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ халқы тәуелсіздік жолында сан қилы қиыншылықтарды басынан өткерді.
Өткен ғасырдың басында саны 1,5 миллиондай қандастарымыз Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Түркия асты. Көптеген ұлт зиялылары репрессияға ұшырады.
Ата-баба арманы бүгінгі күні шындыққа айналды. Аңсаған Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Алда сол Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын тойлағалы отырмыз. Еліміздің тұңғыш Президенті сол елі үшін жан аямаған батыр бабаларымыз бізге қалдырған таусылмас дәулеті мен сарқылмас мұрасының жалғастырушысы ретінде қазақ халқының жүрегінде мәңгі қалатындығы ақиқат. Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен 20 жыл ішінде Тәуелсіз Қазақ елін өзінің жүргізіп отырған көреген саясатының арқасында талай белестер мен жетістіктерге жеткізгені тек қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл дүние жүзіне белгілі. Бүгінде әлем 130-дан астам этнос өкілдері тұратын Қазақ елін татулығы мен бірлігі айрандай ұйыған алдыңғы қатарлы ел деп таниды.
Сонымен қатар, осы жылдар ішінде елімізде қыруар істер атқарылды. Атап айтсақ, мемлекеттік шекарамыз халықаралық шарттарға сай бекітілді. Мемлекеттік рәміздеріміз, Ата Заңымыз қабылданып, ұлттық валютамыз айналысқа енгізілді, Сарыарқаның төсінде барша елді өзінің әсем көркімен таңқалдырған жаңа Астанамыз бой көтерді. Әлемдік қауымдастық алдында Қазақстан Республикасы асқақ рухты ел екенін мойындаттық. Ел экономикасы да жылдан-жылға нығайып, мәдени, рухани даму деңгейі жаңа белеске көтерілуде. Сөйтіп, өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қауымдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын тәуелсіз мемлекет құрдық.
Ел Президентінің жыл сайынғы халыққа Жолдаулары мен Үкіметтің мемлекеттік бағдарламалары қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталған. Елбасы өзінің соңғы Жолдауында ішкі саясат пен ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту екенін атап өтті. Саяси жүйені жетілдіруде құқықтық реформаның маңызды рөл атқаратынын, құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша құқық қорғау органдары функцияларындағы орын алған жағымсыз фактілерден, сондай-ақ құқық қорғау жүйесі қызметіндегі мөлдірлік пен бақылаудың жоқтығынан туындаған проблемалардан арылу қажеттігін атап көрсетті.
Елбасы Жолдауында құқық қорғау жүйесін реформалаудың бағыттарын көрсетіп берді, олар – құқық қорғау жүйесін оңтайландыру, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін белгілеу, заңдарды ізгілендіре отырып сапасын арттыру, құқық қорғау жүйесінің қызметінде ішкі ведомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін жоғары қою, сондай-ақ парламенттік және қоғамдық қатал бақылауды қамтамасыз ету, құқық қорғау органының қызметінде есептілік пен бағалау жүйесін жетілдіру.
Баршамызға белгілі, «Қанатты барыс» бейнесі – ел тәуелсіздігінің және «Қазақстан – 2030» Стратегиялық даму бағдарламасының символдарының бірі. Біз өткен Барыс жылы мәртебесі биік Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Азия және ТМД мемлекеттері, мұсылман елдері арасынан тұңғыш рет төрағалық еттік. Мұндай биікке қазақ баласы бұрын-соңды ешуақытта қол жеткізген емес. Мұның Елбасымыз жүргізіп отырған көреген саясаттың нәтижесі екені тағы ақиқат.
Еліміз соңғы жылдары тың серпіліс жасап, дамудың жаңа белесіне көтерілді. Алайда, біздің алар асуымыз, бағындырар биігіміз әлі алда. Сондықтан да келешегі жарқын, арманы асқақ Қазақ елінің бұдан әрі де өркендеп, дами беруі үшін аянбай өз үлесімізді қоса берейік.
Ерзат ӘЛЗАҚОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі.