«Қазмедиадағы» Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында жыл бойы өткізілген және алдағы уақытта ұйымдастырылатын шаралар барысына арналды.
Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде қоғамдағы қай сала да дамуды, жаңғыруды бастан кешті. Оның ішінде мәдениет саласындағы жетістіктердің орны бір бөлек. Осынау жылдарда елімізде 18 театр ашылған. Әрқайсының өз орны бар десек те, елордадағы «Астана Опера» театрының ашылуы ТМД кеңістігінде айрықша, сән-салтанаты келіскен өнер ордасының дүниеге келгенін айқындаған еді. Тәуелсіздік жылдары құрылған Қазақ Ұлттық өнер университеті мен биыл ғана алғашқы түлектерін қабылдаған Қазақ Ұлттық хореография академиясын да мәдени өмірдегі жетістік ретінде бағалау орынды. Бүгінгі күні елімізде 234 музей жұмыс істейтін болса, соның көпшілігі тәуелсіздік жылдары бой көтерген. Оның ішінде айрықша атап өтетін нысан – елордадағы Ұлттық музей. Кинематография саласы да іргелі салалардың қатарына қосылды. 25 жылда 500-ге жуық фильм түсірілген болса, оның 200-ге жуығы түрлі халықаралық фестивальдардың лауреаты атанған. Бұл туралы рет-ретімен баяндап берген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ақтоты Райымқұлова осы жылы белгіленген мерекелік шараларға тоқталды. «Үкімет қаулысымен бекітілген ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес биылғы жылы аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейде түрлі бағыттағы 221 іс-шара өткізу көзделген болатын. Бүгінгі таңда республика деңгейінде 100-ден аса іс-шара өтті. Мұндағы басты мақсат – ширек ғасырда жеткен жетістіктерді көрсету», – деді ол.
Тәуелсіздік мерейтойына орайластырылған шараларға келер болсақ, «Музейдегі түн» акциясы, «Астана-Дуатлон-2016» турнирі, «Астана – Отанымыздың жүрегі» республикалық акциясы, «ЭКСПО-2017-нің жас достары» жобасы, «Мәңгілік елдің елордасы», «Астана елдігімнің ертеңі» көрмелері, халық ойындары фестивалі, теннистен Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогі, т.б – бұлардың барлығы да Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналды. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі мерейтойлық жылдың жалпы оқиғалар легінің қорытындысын шығаратын желтоқсан айы 25 жылдықты мерекелеудің шарықтау шегі болады деп хабарлады.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»