08 Қазан, 2016

Активтерді оңтайландыру жүргізілуде

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
azhk-1«Самұрық-Энерго» актив­тері­нің қай кәсіпорын­дары жекеше­лендіруге жатады, қайсылары сату алдындағы дайындық­тан өтеді және қайсыларын 2020 жыл­ға дейін инвестор­лардың сатып алуы мүмкін? «Самұрық-Энерго» АҚ-тың стра­те­гиялық емес активтерінің бір бөлігі қазірдің өзінде сатылды. Биыл «Шелек-28» ЖШС-нің 70%, «Карагандагипрошахт и К» ЖШС-нің 90%-ға жуық мөлшеріндегі қаты­су үлестері жекеменшіктің қолы­на өтті. Былтыр «Т.Батуров атын­дағы Жамбыл ГРЭС» АҚ-тың 50% мөлшеріндегі акцияларын сату бойынша мәміле аяқталды. Бүгінгі таңда жекешелендіруге әлеуметтік-эконо­микалық маңызы бар қалған жеті кәсіпорын дайындалуда. Бұлар – Оң­түстік Қазақстан облысындағы «ТегісМұнай» ЖШС, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ, Ақтаудағы «МЭБК» АҚ, Шы­ғыс Қазақстандағы «ШҚ АЭК» АҚ «Шығысэнерготрейд» өткізу компаниясымен бірге, Алматыда – «АлЭС» АҚ, оған 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО, СЭС каскады және Қапшағай ГЭС-і, «Ала­тау Жарық Компаниясы» АҚ пен «Ал­матыЭнергоСбыт» ЖШС кіреді. Тартылған халықаралық консультанттар аталған активтерге диагностика жүргізіп, олардың нарықтық құнын бағалайды, сату стратегиясы мен рәсімдерін анықтап, мүмкін болатын сату мерзімдерін талқылайды. «Мұнда кейбір активтер бойынша – атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, консультант активтерді оңтайландыруды ұсынып отыр. Бұл қосылған құн салығы төленбейтін мүліктік кешендері бар активтерге қатысты. Айталық, жылу желілерін коммуналдық меншікке беру туралы ұсыныс болуы мүмкін. Егер электр стансаларында турбиналарды қайта құру жүріп жатыр дейік, онда кейбір активтер бойынша инвестициялық бағдарламаны аяқтау қажет. Қайта құруды аяқтау керек екені анық, сонда ғана қуаттың өсіміне, электр энергиясын қосымша өндіру мен қосымша табысқа қол жеткіземіз. Сәйкесінше, қосымша табыс құнға оң әсерін тигізеді. Кейбір объектілер бойынша өтелімділікті қамтамасыз ететін тариф немесе ақылға қонатындай тиімділікке қол жеткізу жөніндегі жұмыстарды жүргізу ұсынылды. «Біз қазір қай активтерді сатуға болатынын, ал қай активтермен айналысу қажет екенін қарап жатырмыз. Жекешелендіру үдерісінің бес жылға жоспарлануының өзі жайдан-жай емес, бұл кезең ішінде активтердің құнын барынша көтеру үшін кешенді іс-шаралар өткізуге болады», – дейді «Самұрық-Энерго» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Қайрат Мақсұтов. Объектілердің әлеуметтік ма­ңы­зы бол­ғандықтан әлеуетті жеке инвес­тор­ға бұдан әрі қарай да халық­қа сапа­лы және үздіксіз қызмет көр­сету тала­бы қойылады. Компания инфра­құ­ры­лым­дық активтерінің кепілді өт­кізу нарығы бар болжауға болатын биз­нес екенін ескере отырып, шетелдік и­нвес­тор­лар оған мүдделі болады деп санайды. Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, «Самұрық-Энерго» АҚ-тың акцияларын қаржы нарығына орналастыру жекешелендіру үдерісі аяқталғаннан кейін ғана дұрыс болмақ. IPO-ны өткізу мерзімі әзірге энергетикалық компанияның акционері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-пен талқылануда. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»