[caption id="attachment_65639" align="alignright" width="250"]
Natalie Koch Portrait[/caption]
Натали Коч (Natalie Koch) – АҚШ-тағы Сиракуз университетінің Максвэлл атындағы азаматтық және қоғамдық істер мектебі География бөлімінің ассистент профессоры. Ол Орталық Азия және Парсы шығанағы аймақтарының саяси географиясы бойынша маманданған. Біз сұхбат барысында Коч ханымның зерттеу нысанасындағы тақырыптардың бірі Астана қаласының кескін-келбетін саяси география тұрғысынан талқыладық.
– Орталық Азияны саяси география тарапынан қарастыру басқа зерттеу бағыттарына қарағанда несімен ерекшеленеді?
– Саяси географияны зерттеуші мамандар ретінде біз ең алдымен, кеңістіктің қоғамға тигізер әсер-ықпалын қарастырамыз. Қоғамның кеңістікті түсінуі – саяси сауалдардың жиынтығы. Саяси география шағын масштаб арқылы кең ұғымдарды түсіндіруімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, ол берілген кеңістікке кімдердің енетіндігі туралы шешімді шығару процесі, кеңістіктегі мерекелерді тойлауға қандай топтардың қатысатындығы немесе кеңістіктің маңызды іс-шараларға трансформациясы қалай жүзеге асқандығы туралы мәселелерді де қарастырады. Саяси және мәдени география одан бөлек, құрылымдардың, құрылыс ғимараттарының қандай бірегейлікті көрсететіндігін және әлемге нені танытатындығын да назарда ұстайды.
– Сіз Қазақстан қалаларын кеңістік тұрғысынан көп жылдар бойы зерттеп келесіз. Қазақстанға деген қызығушылықты қалай түсіндіре аласыз?
– Мектепте біз қоршаған орта деген пәнді оқыдық. Сонда Арал теңізі туралы там-тұм ақпаратты ғана көзім шалып, мені ол теңіздің кішіреюіне қандай себептер әсер етті деген сауал мазалай бастады. Кейін көптеген ақпарат көзін оқу барысында Қазақстанға деген қызығушылығым тіпті арта түсті. Университетте жүргенде мен Арал қаласына арнайы барып, зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Бір байқағаным, зерттеу жұмыстары аясында орнатылған байланыстардың маңызы орасан болады екен. Яғни, байланыстар ұзақ уақыт бойы сақталады. Тағы бір қызықты жайт бар. Мен туып-өскен Аризона штатындағы Тусон мен Алатау бөктеріндегі Алматы – бауырлас қалалар. Бұл маған зерттеу жұмыстары кезінде әжептеуір көмек болды.
– Сіз өз еңбектеріңізде Астана қаласының модерндік имиджін қалыптастыруға элиталық емес топтардың, яғни қарапайым халықтың қалай қабылдайтынын зерттедіңіз. Бұл ретте модерндік имиджді енгізу үрдісі қаншалықты сәтті болды?
– Астана мен Алматыдан басқа қалалардың тұрғындары Астананың модерндік имиджін қабылдаған. Олар үшін Астана – жоғары модерннің жетістігі. Сондай-ақ, көп азаматтар үшін Астана – мақтаныш көрсеткіші. Сол себептен болар, мен Қазақстан тұрғындарының бойында туған қалаларына деген мақтаныш сезімнің анағұрлым өскендігін байқадым. Мәселен, Шымкент тұрғындары өз қаласын сырт көзге модернистік және «дамыған шаһар» ретінде көрсеткісі келетіндері байқалады. Бұл ретте, Шымкент тұрғындарының Астанамен «модернистік және дамыған қала» болу жолында бәсекеге түсуі де байқалады.
Ал Астана немесе Алматы тұрғындары модерн имиджіне әлі де скептикалық көзқарас тұрғысынан қарайды. Алайда, қала тұрғындары кеңістіктің кеңейе әрі дами түсетініне сенеді, бұл олардың сенімінің шынайы түрде жүзеге асатынын дәлелдей түседі. Бұл орайда, қалалық бірегейліктің қалыптасуы пайдалы әрі жасампаз өзгерістерге алып келетінін түсінуіміз керек.
– Астана кеңістігіндегі модерндік дискурс бірыңғай, алайда оны шектеуші немесе бөлектеуші элементтер бар ма?
– Әрине, модерндік имидж барлық топты бірыңғай етіп кіріктіре алмайды. Мәселен, қалаға ауылдан қоныс аударғандардың немесе кейбір еңбек мигранттарының бойын шектелген сезім билеуі мүмкін. Ал экономикалық жағдайдың жоғарылығы немесе қалалық деңгейге сәйкес келмеу модерндік дискурсты толықтай сезіне алмауға әсер етеді.
Бұдан бөлек, қаладағы ескі элементтердің жойылып, олардың орнына жаңа құрылыстардың салынуы кейбір топтарға кері әсерін тигізбей қоймайды. Алайда, мұндай жағдай көп кездеседі. Мәселен, бұл Анкара, Париж, Чикаго, Рио сынды қалаларға тән.
– Астананың басқа қалалардағы модерндік имидждерден қандай ерекшелігі бар?
– Әрбір модерндік кеңістіктегі жоба геосаяси ортасы арқылы ерекшеленеді. Қазақстанның геосаяси ортасы оның көршілері, уақыт және экономикалық мүмкіндіктері арқылы бір-бірімен өзара байланысты болады. Қазақстан секілді табиғи шикізат өндіруші мемлекетке Астананың модерндік имиджі көп жағдайда инвестиция шақыру мақсатында қолданылды. Одан бөлек, ескі дәстүрге сай имидж ысырылып, Қазақстан даму жолындағы жаңа мемлекет ретінде өзінің алға қойған мақсатын орындады.
Әрбір қаланың өз ерекшелігі болады. Мәселен, 1920 жылдары Түркия астанасы болған Анкара, 2005 жылы Мьянма астанасы мәртебесін иеленген Непьидо, сондай-ақ, Бразилиа, Абуджа қалалары өзіндік өзгешеліктерге толы. Ал Астананың ресми орталықтан бөлек, өмір сүруге ыңғайлы және қолайлы мекен ретінде қалыптасуы маңызды рөл атқарады.
– Сіздің пікіріңізше, Астананың ескі дәстүрдегі, артта қалған дискурсын жою жолындағы модерндік имиджі Кеңес одағының кейпін еске түсірмей ме?
– Белгілі бір дәрежеде «иә» деп жауап беруге болады. Мәселен, Қырғызстан астанасы Бішкекпен салыстырғанда, бұл қаладан әлдеқайда жаңашылдық лебі есіп тұрады. Алайда, Астананы дамыту үдерісінде прогресшілдік тұрғыдан қарағанда, посткеңестік логика бар екендігі байқалады.
– Зерттеу еңбектеріңізге үңілсек, сіз Астананың ұлттық және мемлекет құрушы имиджінен әлі де «әлемдік қала» шеңберіне ауыса қоймағаны жөніндегі тұжырымға келіпсіз. Алайда, қазіргі динамикалық өзгерістер барысын сүзгіден өткізгенде, Астана келбеті қалай трансформациялануда?
– Әрине, динамикалық тұрғыдан алғанда өзгерістер бар. Яғни, ұлттық мемлекет құру барысында Астана имиджі сәтті түрде жүзеге асты деп айта аламыз. Ендігі мақсат – ол Астананың ұлттық мемлекеттің бас қаласы деңгейінен келесі деңгейге өтуге бағыт алуы. Бұл ретте, Астана ендігі кезекте қандай қадаммен ілгері жылжуы қажет деген мәселе туындайды.
Қазіргі таңда Қазақстандағы жастар, әсіресе шет мемлекеттерде оқыған жастар үшін «Астана – болашаққа деген сенім және үміт қаласы» деген дискурс қалыптастыру үрдісі қалыптасып келеді. Шетелдерде білім алып келген жастар бұл қалада өздерін әлі де шетелде жүргендей сезінуі мүмкін. Астана – жастардың мақсатшыл идеясын жүзеге асыра алатын бірден-бір қала.
Сонымен қатар, Қазақстанның экономиканы әртараптандыруға деген қадамы, келер жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге деген ұмтылысы қала келбетін сөзсіз өзгертеді, алайда оның қандай бағытқа және қалыпқа қарай өзгеретіндігі, бұл өзгерістің қаншалықты жемісті болатындығы тереңірек зерделей түскенде ғана байқалады.
– Қазақстанның Астана қаласында Халықаралық қаржы орталығын құруы, әлемдік стандартқа сай Назарбаев Университеттің бой көтеруі – дамудың бір көрсеткіші. Мұндай үлкен жобалар тәжірибесінің басқа елдерде қолданылуы қаншалықты ықтимал?
– Әрине, кез келген жоба басталған сәтте оның соңғы нәтижесінің қандай болатынын алдын ала болжау қиын. Мұндай жобалардың таралуы күрделі мәселе, бұл тек Астана қаласына ғана емес, мәселен, қазір зерттеу жүргізіліп жатқан Парсы шығанағы мемлекеттеріне де тән. Осындай тәжірибелер немесе «Арал» секілді жобалар мемлекеттерге өзгерістер қажет екендігін көрсетеді. Алайда, мұндай жобалардың кең таралмауы басқа қоғам топтарының бойында шектелушілік сезімін де тудыруы мүмкін. Ал бұл орайда, жобалардың кең таралуына арнайы жоспарланған бағдарламаларға қарағанда, азаматтық борыш пен патриотизм өзінің көбірек әсерін тигізеді.
– Астана қаласына аймақтық және жаһандық тұрғыдан алғанда, қандай пікірлер айтылып, қандай бағалар берілуде?
– Аймақтық тұрғыдан қарастырғанда, Астана жобасы сәтті деп есептеледі. Жаһандық сипат тұрғысынан қарастырғанда, бүгінде Парсы шығанағы мен Орталық Азия арасындағы байланыстар өсуде. Бұл ретте, Парсы шығанағы мемлекеттері, әсіресе, Катар және Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында өз астаналарын «жаһандық экономикалық мүмкіндіктер қаласы» ретінде көрсетуге ұмтылу жағынан ұқсастық бар деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Берікбол ДУКЕЕВ,
саясаттанушы