26 Ақпан, 2011

Ашықтық нақтылыққа жетелейді

528 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мен жуырда Шығыс Қазақ­стан облысына іссапарым бары­сын­да облыс әкімі Бердібек Са­пар­баевтың халық алдындағы есеп беру жиналысына қатысқан едім. Ол облыс орталығы Өске­мен қаласында емес, Семейде басталды. Мұның да өзіндік себептері бар еді. Семей қаласы тұр­­мыстық инфрақұрылым­дар­дың жақсы екендігімен мақтана алмайтындығы белгілі. Ал бұл проблемалардың шешімі халық­тың сын-пікірлерін ескере оты­рып қана іске асырыла алады. Әкім өзіне қойылған сұрақ­тың бәріне де назар аударып, нақ­тылықпен жауап беруге тырысты. Егер шығарыпсалма, сүйкей­сал­ды жауаптар болса, халықтың билікке деген сенімі де жоғала бастар еді. Әрине, ашық әңгімеге әкімнің өзі жол бастап, халыққа оң ыңғай танытпаса, шынайы­лықтың болуы да екіталай ғой. Ал кездесуде нақ осылай болға­нын айта аламыз, соның арқа­сын­да барынша ашық әңгіме ай­тылып, алға қойылған мақсат то­лы­ғымен орындалды деуіміз керек. Әкімнің баяндамасына қара­ғанда, облыс экономикасы өткен жылы айтарлықтай алға жыл­жы­ған. Мәселен, өнеркәсіп сала­сының өнімдері былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға арт­қан. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсімі республикалық орташа көрсеткіштен 8 пайызға жоғары екен. Мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестік бай­ла­ныс арта түскен, осының арқа­сын­да көптеген жаңа өндіріс ошақ­тары ашылып, әлеуметтік нысандардың құрылыстары бас­талыпты. Бизнестің облысқа белгілі мүшелері Владимир Акулов, Қайрат Мусин, Ришат Ахмадиев, Василий Воропаев және т.б. көмектер жасаған. Кездесу барысында әкімнің өткір мәселелерді барынша зерттеп, оларға берілетін жауаптарды тиісті қызметтермен бірге алдын ала дайындағандығы білініп тұрды. Өйткені, барлық жауаптар да атүсті емес, мәселенің тере­ңіне бойлаған біліктілігімен да­раланды. Осының өзі кездесудің сапасын арттыра түскендей болды. Кездесуге келген азаматтар да жеке басының мүддесі емес, елдік, аймақтық пробле­ма­ларды қозғап жатты. Мәселен, «Ақжол» партиясының Семейдегі өкілі Орынбек Сәрсембин электр қуатының жетіспейтін мә­селесін шешу үшін Бұлақ ГЭС-ін салу проблемасын көтерді. Ал ЖСДП «Азаттың» өкілі Майра Әбенова мемлекеттік қызметкер­лер­дің жауапкершілігін арттыру үшін олардың жұмы­сының баға­сын қарапайым халық беруі керек деген ұсыныс айтты. Облыстың жетістіктері қата­рын­да аталған Азия ойында­рын­дағы нәтижелер де ауыз тол­ты­рар­лықтай екен. Қазақ­стан­дық­тар­дың қол жеткізген табысының жартысы шығысқазақ­стан­дық­тар­дың үлесінде. Олар 15 алтын, 11 күміс, 7 қола медальді Отан құрамасының қоржынына салып­ты. Осының бәрі биліктің спорт­қа деген жақсы көзқарасы мен қолдауының арқасында екендігі айтылды. Айта кетерлік жәйт, әкімнің есебі оn-line режімімен Аягөз, Көк­пекті, Жарма, Бесқарағай аудан­дарының тұрғындарына да көрсетілді. Әкім олардың да көкейкесті сұрақтарына жауап беріп отырды. Есеп беру барысында жұрт­шылықтың Президент Н.Назар­баевтың биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа Жолдауына деген қызы­ғушылығы да көрініп тұрды. Ел­ба­сының үстіміздегі жылы Үкі­мет­тің алдына қойып отырған міндеттері елді жаңғыртудың стра­­те­гиялық мақсаттарына сәй­кес келетіндігі атап өтілді. Аймақ бас­шысы Жолдаудағы міндеттерге байланысты облыстың алдын­да қандай жаңа мақсаттардың тұр­ған­дығына тоқталды. Соның ішін­де, әсіресе, әлеуметтік-эконо­микалық даму саласына тоқ­талып, бұл істерде респуб­ли­ка­ның алдыңғы қатарына шығу міндетін қойды. Мен жерлестерімнің Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығын да жақ­сы жетістіктермен қарсы ала­ты­нына сенімдімін. Бұл мерей­тойдың біздің халқымызды одан әрі біріктіріп, өзара татулық пен тұрақ­тылықты нығайта беретіні сөзсіз. Талғатбек АБАЙДІЛДИН, Сенаттың Экономикалық және аймақтық даму  комитетінің хатшысы.