08 Қазан, 2016

Қант рафинады

337 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
kant-cekhyАтырауда алғаш рет шығарыла бастады Биыл Атырауда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру үшін 2,5 миллиард теңге бөлініп, 118 жобаға қолдау көрсетілді. Арнайы бағдарлама аясында іске қосылған тың жобаның қатарында  тазартылған қант рафинадын шығаратын цех та бар.  Өңірлік үйлестіру кеңесінде мақұлданған бұл жобаға  «Береке компаниялар тобы» ЖШС  43 миллион теңге көлеміндегі несиеге берілген субсидияны жұмсапты.  Серіктестік басшысы Әсет Тұяқбаевтың айтуынша, бұл ақшаға қант тазарту құрылғысын сатып алған. Дәл мұндай цех Атырау облысында алғаш рет іске қосылып отыр. – Цехты іске қоспас бұрын көп ойландық, алды-артымызға қарап, нарықты зерттеп көрдік, – дейді  Әсет  Тұяқбаев. – Себебі, бұл оңай шаруа емес, аймақта дәл мұндай зауыт бұрын болмаған. Осы жұмысты бастауға бел буып, мемлекеттен көмек сұрадық. Субсидияны “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасымен алдық. Сонымен қатар, “Даму” қоры 21 миллион 500 мың теңгеге кепілдік берді. Қазір жаңа цехта 4 адам жұмысқа тартылды. Алда өнім көлемін көбейту жоспары бар. – Аймақтағы ірі сауда орталықтарымен жұмыс істеп жатырмыз. Сұраныс бар. Жергілікті кәсіпкерлерден қант сатып алып, оны рафинадтаймыз. Болашақта қант қызылшасын өңдеуді ойластырамыз, – дейді кәсіпкер. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ