08 Қазан, 2016

Жаһандану ғасырында жалғыз бола алмайсың

339 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
19-08-hatshi-386x500Қазақстанда Білім және ғылым министрлігінің  ұйымдастыруымен BARCEF (Bolashak Alumni Reunion Conference аnd Education Fair) халықаралық конференциясы өткізіліп тұрады. Қазақшаға дәл аудармасын ұйымдастырушылар айтпағанымен, оның «Болашақ» стипендиясымен шетелдік ЖОО-ларда оқитын тү­лектерінің жиыны екенін анық­тадық. Сонымен қатар, онда шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері өздерін таныстырып, көрме немесе тұсаукесер де жасайды. Кеше Астанада BARCEF-тің ІІІ конференциясы болып, оны Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ашып, жүргізіп отырды. Жиынды ашқандағы сөзінде министр конференцияға әлемдік және қазақстандық жоғары оқу орын­дарының 60-тан аса өкілі, сондай-ақ, халықаралық сарапшылар мен Қазақ­станның «Болашақ» сти­пен­диясы­ның студенттері мен мектеп оқу­шылары қатысып отырғанын айтты. Алғашқы құттықтау сөз Мем­лекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қалы­қо­ваға берілді. Жастарға сапалы бі­лім беру ісі еліміздің ең негізгі ба­­сым­­дықтарының бірі болып табы­лады. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғаш­қы күнінен бастап білім сая­са­ты адами капиталды арттыруға, мем­­лекеттің мәртебесін биікте­туге бағыт алды. Бүгінгі алқалы бас­­­қо­суда білім саласын биік дең­гей­­ге көтеру және осы бағыт­та ат­қа­­рылған ауқым­ды жұмыс­тар­дың нәтижелері талқы­лан­ғанын қалай­мын, деді ол өзінің кіріспе сөзінде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен осыдан 23 жыл бұ­рын қолға алынған «Бо­ла­шақ» бағ­дар­ламасы бойынша шетелдердің үздік ЖОО-лар­ында 8,5 мыңнан астам маман даяр­ланған екен. Барлық бөлін­ген сти­пендия 12 мыңнан артық. Жаһандану дәуірінде Қазақ­стан­ның әлемдік қауым­дас­тықтан оқшауланып жеке өмір сүре алмай­тындығын, сондықтан халықаралық қауымдастықтың білімі мен тәжі­рибесін, мәдениеті мен тілін еркін меңгеру керектігін ескерген Елбасы Н.Назарбаев үз­дік мектеп оқушыларының бәрін кон­курспен таңдап алып, шетел­ге барып оқуға мүмкіндік тудыр­ғаны экономикаға салынған адам капи­талы болғанын бүгін көріп отыр­мыз. «Болашақ» – Президенттің әлемдік деңгейдегі мамандар мен басқарушылардың жаңа буынын өсіруге салған инвестициясы болды. Осы бағдарламаның арқа­сында еліміздің еңбек және ғылы­ми әлеуеті жыл сайын жоғары біліктілікті мамандармен толы­ғып отыр.  Олар өздерінің күнде­лікті еңбектерімен қазақ­стан­дық ғылым мен экономикаға елеу­лі үлестерін қосуда, деді Г.Әбдіқалықова. Мысал ретін­де ол Голландияның докторантурасында оқитын Қазыбек Төлеубаевты атады. Жас ғалым өсімдіктер карантині мен қорғалуы саласында тамаша жаңалық ашқан екен. Ол ауыл шаруашылығын отандық экономиканың драйверлері қа­тарына қосуға елеулі үлес қоса­тын көрінеді. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы Назарбаев Университетте ғылыми қыз­меткер болып істейтін Дамира Қанаеваның да ғылыми жаңа­лы­ғын ауызға алып өтті. «Бола­шақ» бағдарламасымен АҚШ уни­вер­ситетінің докторан­турасын бітірген қыз туберкулез бен қа­терлі ісікті тез және дәл анық­тайтын оптикалық биосенсер ойлап тапқан екен. «Болашақтың» тағы бір түлегі Дмитрий Горбунов Гер­манияның университеттік кли­никасында оқып келгеннен кейін екі мыңнан артық баланың жүрегіндегі тума ақауларына ота жасап, емдеп шығарыпты. Ал Францияның өнер магис­тра­- турасында білім алған апалы-сіңлілі Мәдина, Фатима және Диана фортепиано, скрип­ка және виолончельден Қазақ­станды әлемнің айтулы сахна­лар­ында көрсетіп жүрген көрінеді. Сөзінің соңында Г.Әбді­қалықова «Болашақтың» алдағы табыстары бұдан да қомақты боларына сенім білдірді. Мемлекеттік хатшыдан кейін сөз кезегі Парламент Сенаты­ның Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайы­мы Бірғаным Әйтімоваға берілді. Се­натор «Болашақ» бағдар­ла­ма­сымен өзінің Білім және ғылым министрі болып жүрген кезінде тікелей айналысқанын атап өтті. Ал оның алғашқы жемістерін шетелде қызмет етіп жүргенде көргенін жеткізді. Конференция аясында көрме ұйымдастырылып, әлем универ­ситеттерінің өкілдері өздерінің ЖОО-ларын таныстырды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»