Алматыдағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қалалық емханасында Ашық есік күні өтті. Соғыс және еңбек ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлерімен қоса, өзге де зейнеткерлер С.Д.Аспандияров атындағы ҚазҰМУ-дан арнайы шақыртылған мамандардың тексеруінен өтіп, тегін кеңестер алды.
Холестерин мен қант деңгейін өлшетіп, қан қысымын тексерткен зейнеткерлер кардиолог, эндокринолог, пульманолог, гастроэнтеролог, офтальмолог, уролог, хирург, невропатолог сияқты мамандардың тегін қызметіне жүгінді.Осы емхананың Бас дәрігерінің орынбасары Зәуре Мәкееваның айтуынша, емханаға басқа күндері келушілер саны көп болатындықтан, қарттарға кезек күтіп тұрудың оңайға соқпайтынын, сондықтан олар осындай ашық есік күндері көптеп келетінін айтты. Емхана мүмкіндігі аясынан тыс медициналық қызметтерді қажет ететін қарттарға арнайы диагностикалық орталықтарға тегін жолдама берілді.Іс-шараға әкімшілік, аудандық медициналық бірлестік өкілдері қатысты. Айта кетерлігі, ашық есік күні емхана басшылығының ұйымдастыруымен жылына бірнеше мәрте өткізіліп тұрады.
Қарттар күні қаладағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық клиникалық госпиталінде де дәл осындай шара өткізілді.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретте: Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық клиникалық госпиталінде ем алып жатқан тараздық Ұлы Отан соғысының ардагері, 95 жастағы Мұзафар БЕРДІБАЕВ дәрігерлер ортасында.
Суретті түсірген
Нұрманбет ҚИЗАТОВ