11 Қазан, 2016

Еркін аймақтағы көшпелі отырыс

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
korgas-shygys-kakpasyПарламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко бастаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің депутаттары «Қорғас-Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағында  көшпелі отырыс өткізді. Депутаттар сапар барысында Алтын­көл темір жол стансасында жүк тиеу-түсіру инфрақұрылымымен, Жар­кент-Қорғас агломерациясының бас жоспарымен танысты. «Батыс Еуро­па–Батыс Қытай» автожолының Алматы–Қорғас телімінде болып, жал­пы ұзындығы 304 шақырымға созыл­ған жолдың бүгінде 258 шақы­рымы бетондалып, көпірлер мен тоған­дардың салынғанын көріп қана қой­май, бұл жұмысты аяқтау мерзімін кешік­­тірмеу керектігін атап көрсетті. «Қор­ғас-Шығыс қақпасы» еркін эко­но­ми­калық аймағы нысандарын, «Қор­­ғас» ХШСО-ны аралап көріп, атқа­­рылып жатқан жұмыстармен танысты. Өз кезегінде  Алматы облысының әкімі  Амандық  Баталов «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірде ат­қа­ры­лып жатқан жұмыстарды әңгімелеп,  соңғы екі жылда  Панфилов ау­даны­на қоныс аударушылар санының өскен­дігіне орай әлеуметтік нысандар – балабақша, мектеп, ауру­хана сұра­нысқа сай салынып жат­қанын, Құрғақ портқа жергілікті ха­лықтан  300 адам жұмысқа тартыл­са, енді 6 мың адамға жететінін баса айтты. Көшпелі отырысқа қатысушылар «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудағы ЕЭА-ның рөлі мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысына баса назар аударды. Парламент депутаттары атынан сөз алған В.Божко: «Бұл сапарымыз барысында Қазақстандағы көлік қызметінің дамуына әсер ететін кәсіп­керліктегі, өндірістегі құқықтық жай­лар­дың орындалуына назар аудардық»,– деді. Көшпелі отырысты  Мәжілістің Экономикалық реформа және аймақ­тарды дамыту комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Қазақ­стан экономикасына серпін берген «Нұр­лы жол» бағдарламасының маңы­зына тоқтала келіп қорытындылады. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Панфилов ауданы