Парламент Мәжілісінде палата Төрағасының орынбасары Владимир Божконың төрағалық етуімен «Экономикалық дипломатия – сыртқы саясаттың негізгі бағыты» деген тақырыпта Үкімет сағаты болды.
Ұсынылған тақырып бойынша негізгі баяндаманы Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, қосымша баяндаманы палатаның Халықаралық істер, қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жасады. Үкімет сағатында талқыланатын мәселе туралы Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Божко қысқаша сөз сөйледі.
Тек 2015-2016 жылдары ғана Елбасы Н.Назарбаевтың Италия, ҚХР, Ұлыбритания, Иран және Түркия елдеріне жасаған ресми сапарлары кезінде 172 екіжақты құжаттарға, 13 трлн 421 млрд теңгенің ынтымақтастық жобаларына қол қойылды. Қазіргі кезде СІМ басқа ведомстволармен және Ұлттық компаниялармен бірлесе отырып, 57,4 млрд АҚШ долларына тең 304 бірлескен жобаларға қол қоюды іске асыруға кіріскен. Үстіміздегі жылдың ақпан айында СІМ алқа мәжілісінде Елбасы Н.Назарбаев ведомствоның Тәуелсіздік жылдарында атқарған жұмыстарына баға бере келіп, экономикаға екпін түсірген жаңа бағдарларды белгіледі. Бүгінгі таңда елімізде сыртқы инвесторлармен өзара іс-қимылдар жасайтын институттар құрылған. Қазақстанның әрбір елшілігінде экономикалық мәселелермен айналысатын бөлімдер бар. Олардың көмегімен біздің министрліктер мен ведомстволар құны 30 млрд доллар болатын 220 белсенді жобаны іске асыруды қолға алған. Сырттан экономикалық инвестиция тартуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде Парламент белсенді жұмыс істеп отыр. Бес институттық реформаны іске асыратын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша депутаттар 59 заң қабылдады, соның 32-сі елді индустрияландыруды қамтамасыз етеді, деді В.Божко. Бүгінгі кездесу барысында депутаттық корпус пен СІМ өзара іс-қимылдары талқыланғанын қалаймын, Қазақстанның жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік рейтингі бойынша 2015 жылғы 42-орыннан биыл 53-орынға төмендеп қалған себептерін де білгіміз келеді, деді шешен.
Өзіне сөз берілгенде Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Сыртқы істер министрлігінің 25 жылдағы жетістіктеріне тоқталып өтті. Соның ішінде Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан 180 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, негізгі халықаралық ұйымдарға мүше болғанын, сондай-ақ Еуразиялық интеграциялық процестердің локомотивіне айналғанын, ЕҚЫҰ мен ИЫҰ-ға және ТМД шеңберіндегі интеграциялық құрылымдарға төраға болғанымызды және т.б. жетістіктерімізді санамалап берді. Одан әрі шешен халықаралық аренадағы жетістіктердің бәрі Тұңғыш Президентіміздің есімімен тікелей байланысты екенін де атап өтті.
Министрліктің сыртқы экономикалық әріптестікті дамыту бағытындағы жұмыстарын айтқанда Е.Ыдырысов Қазақстанның шетелдік елшіліктерінде кедендік атташе институты енгізілгенін айтты. Сондай-ақ, Ресейде және т.б. елдерде сауда өкілдігі ашылғаны жеткізілді. 77 мемлекетте Қазақстанның құрметті консулдары ойдағыдай жұмыс істеуде, деді министр. 2015 жылғы шілдеден бастап әлемнің 20 елімен визасыз режім енгізілген. Соның ішінде Австралия, Мажарстан, Италия, Монако, Бельгия, Испания және т.б. мемлекеттер бар.
Қосымша баяндама жасаған Мәулен Әшімбаевтың сөзінде де бірқатар маңызды фактілер айтылды. Қазіргі заманда экономикалық дипломатия негізінен екі бағытта жүргізіледі. Олар, біріншіден, елдің экономикасына шетелден инвестиция тарту, екіншіден отандық экспортты шығаруға ықпал ету. Осы екі бағыт бойынша айтатын болсақ, 2015 жылы әлемде барлығы 1 трлн 800 млрд АҚШ долларына тең тура инвестициялар тартылған екен. Соның негізгі бөлігі дамушы елдерге барған. Ал оның арасында Шығыс Азия елдеріне тартылғандары алдыңғы орында. Өкінішке қарай, ТМД елдерінің тура инвестиция тарту үлесі жылдан-жылға азайып келеді. Біздің Ұлттық банктің деректеріне қарағанда Қазақстан экономикасына тартылған тура инвестиция көлемі де 2012-2015 жылдары азаюға бет алған. Бұл біздің экономикамыздың бәсекелестікке қабілеттілігінің төмендеуіне соқтырып, оны 42-орыннан 53-орынға жылжытты. Осыған әсер еткен факторлардың қатарына инфляция, салық салудың икемсіздігі, сыбайлас жемқорлықтың асқындауы, қаржыландырудың қиындығы және салықтық реттеулердің кемшіндігі жатыр. Осыны еңсеретін жолдар іздеуіміз керек. Соның ішінде шетелдегі экономикалық дипломатия жүйелі жұмыс істей білгені жөн, деп М.Әшімбаев оның жолдары туралы да айтты. Соның ішінде инвесторлардың перспективалық топтарын таңдауда жүйелі жұмыс істеп, қолға алынған бірлескен жобалардың іске асырылуын елдегі тиісті құрылымдармен бірге қадағалау керек. Осы жұмысты жандандыруда әлі қолданылмай жатқан әлеуеттер іске қосылғаны жөн, деді ол.
Экспорт туралы айтқанда М.Әшімбаев ЕАЭО аумағында кедендік бекеттер алып тасталғанымен, Ресей жерінде алдын ала ескерту бекеттері дегендер ашылып, қазақстандық кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығы мен алкоголдік өнімдерді т.б. сол елдің нарығына емін-еркін алып баруына кедергі келтіріп отырғанын айтты. Шешен СІМ-нің осындай кедергілерді еңсеруі қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, шешен экспорт бойынша түрлі министрліктер мен ведомстволар үйлестірілген жұмыс жүргізбей отырғанын айта келіп, осы істерінің бәрінің ұйытқысы СІМ болуы керектігін атап өтті.
Баяндамалардан кейін депутаттар министрге көптеген сұрақтар қойды. Одан әрі талқылауда да мәжілісмендер үлкен белсенділік көрсетті.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»