Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палатаның бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Онда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты бастамашы болған «Жайылымдар туралы» және оған ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда талқылауға ұсынылады деп күтілуде. Құжат еліміздегі жайылымдар инфрақұрылымын жақсартуға, жайылым жерлердің тозуын болдырмауға, олардың қоршаған ортаның экожүйесіндегі экологиялық тұтастығын сақтауға бағытталады. Сондай-ақ, осы күні депутаттар Париж келісімін ратификациялауға қатысты заң жобасын қарамақ.
Бюро отырысында Аграрлық мәселелер комитетінің Ақмола облысында көшпелі отырыстарын өткізу мәселесі де назардан тыс қалмады.