Астанаға қыс әлі түсе қоймады. Бүгін таңертеңнен қар жауып тұр. Басып қалған жоқ – ери жауып жатыр. Тынық күнгі жапалақ қар емес, желмен ұша жауатын бұрқасын қар. Дегенмен, бұл – биылғы алғашқы қар.
Осындай сәттерде көп адамдардың есіне түсетін қызық нәрсе бар. Ол «қарлық» аталатын ойынға байланысты. Естіп пе едіңіз?
Бұл ойын Қытайдағы, онда да Іле аймағындағы қазақтар арасында кеңінен таралған. Жылдың алғашқы қары түскен күні жұрт жақын адамдарына хат жазып, тілегін орындауды сұрайды. Бір жапырақ қағазға бір шумақ өлең және өзі қалаған затын жазып жақын адамының қалтасына, сөмкесіне білдірмей салады немесе көзіне түседі-ау жерге қояды. Оны «қарлық сұрау» деп атайды. «Қарлық» алған адам ол өтінішті орындауы керек. Әдетте адамға ауырлық салмайтындай айна, тарақ секілді арзанқол заттар немесе кәмпит сияқты тәттілер сұрайды.
«Алғаш қар жауғанда қыздар тілектерін, өтінішін бір шумақ өлең немесе қара сөзбен жазып білдіртпей, сыныптастарына немесе ағай-апайларының қалтасына, болмаса кітап дәптердің арасына сүңгітіп қоятын» дейді Құлжадан Қазақстанға оралған ақын Ерғали Бақаш.
Осы аймақта туып-өскен тағы бір қандасымыз Бекқожа Жылқыбекұлы «Ауылда болған жоқ. 1980 жылы Үрімжіге барғанда естідік. Соған қарағанда бұл ойын қар анда-санда жауатын сарттардың тұрмысымен байланысты секілді» дейді. Қытайдың Алтай өңірінен оралған ақын Ұларбек Нұрғалым өзі өскен жердің қазағы бұл ойынды ойнамайтынын айтады. Соған қарағанда Жылқыбекұлы айтқан сөз қисынды көрінеді.
Алайда, бұл ойын Қазақстанның кей аймақтарында қазақтарға да жақсы таныс болып шықты. «Қарлықты» бала күнімізден білеміз. Үлкендер де, біз де ойнадық. Интернатта жатып оқыдық, алғашқы қар жауған күні оқушылар тәтті-мәтті сұрап бір-бірімізге хат жазатынбыз. Тіпті бертінде бір кеңседегі әріптестерімізбен ойнайтынбыз. Кейіннен ұмытылды» дейді Жетісудің Кербұлақ өңірінде туған зейнеткер Рысжан Нұрсапақызы. Ол кісі бала күндерінде өздері қағазға жазатын мынадай бір шумақты есіне түсірді:
Қау жауады лек-лек,
Мен келемін ептеп.
Салық салсам егер мен,
Қалмашы сен өкпелеп.
Ал арғы беттің қазақтарында кең таралған шумақ мынандай екен:
«Қарлық» жаздым қатырып,
Қалам ұшын батырып.
Осы жазған қарлықты,
Орындарсың асырып.
Қытайдан оралған қандастардың айтуынша, «қарлықты» кейде жігіттер ұнаған қызға сөз айту үшін қолданады. Ал қыздар «қарлықта» жігітке деген өкпе-назын білдіреді.
Ұрысып қалған адамымен алғашқы қарда татуласатындар да бар.
Өлеңді ақын жігіттер өз жанынан жазады. Хатпен ғана емес, ауызша да айтады. Соңғы кездері оны sms немесе чат арқылы жазу шыға бастаған көрінеді.
Жылына бір рет қана ойналатын «қарлыққа» әшейін ойын ғана емес, адамдарды бір-біріне жақындатуға себеп болатын жақсы салт деп қарауға болатындай.