Оңтүстікте Шәмші Қалдаяқов атындағы «Арыс жағасында» VII ретро-фестивалі мәресіне жетті. Биыл Шәмшінің кіндік қаны тамған Қарақоңыр, бүгінгі Шәмші ауылынан басталған фестиваль «Менің Қазақстаным» халықаралық ән байқауына ұласты.
Мәдениет және спорт министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған салтанатты шара Шымкенттегі «Түркістан» мәдениет сарайында ашылды.
Осымен жетінші рет түндігі түрілген халықаралық ән байқауына Ресей және Қырғызстан мемлекеттерінен бөлек, Қытай Халық Республикасынан өнерлі жастар қатысты.
– Халықаралық байқау болған соң оның ауқымына мән беремiз. Осы жағынан алғанда, биылғы конкурсқа Ресейден, тағы басқа көршi елдерден үмiткерлердiң көп қатысуы бiздi қуантады. Демек, Шәмшi әндерi сол елдерде көбiрек шырқалады деп ойлаймыз. Композитор туындыларын насихаттау үшiн жақсылықтың есiгi ашылар күн әлi де алда. Оны бiр ғана iс-шара аясында қамту мүмкiн емес. Мәселен, Шәмшi әндерiнiң үнтаспасы, нота жазбалары мен ән мәтiндерi жинақталған кiтап осы байқауға қатысқан үмiткерлерге берiлiп, сол арқылы шетелдегi қандастарымыздың қолына тиюi керек, – деді қазылар алқасының төрағасы, ҚР халық әртiсi Нұрғали Нүсіпжанов.
«Арыс жағасында» ретро-фестивалі «Шәмші гүлзары» саябағында жалғасты.
Қызылордалық Назым Сағынтай Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән байқауының бас жүлдесін жеңіп алды.
Бірінші орынға үш тілде еркін ән шырқаған оңтүстікқазақстандық талант Диана Хашимжанова лайық болса, екінші екі орын Тілекбай Нығызбаев (Алматы) және Еркебұлан Тұрмағамбетовке (Астана) бұйырды. Үш үшінші орынды Марат Айтымбай (Оңтүстік Қазақстан облысы), Жалғас Сұлтанов (Астана) және Лаура Айтбаева (Қарағанды облысы) бөлісті.
Облыс әкімінің арнайы жүлдесі Қытай Халық Республикасынан келген өнерпаз Асылхан Дәстүрге берілді. Сондай-ақ, Қырғызстаннан келген Биназира Абылаева да арнайы дипломмен марапатталды.
Ретро-фестивальдің жабылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қазақстан жастарының ең сүйікті компазиторы болған Шәмшінің арада ғасыр өтсе де, әндерінің ешқашан ескірмейтіндігін айтты.
Соның жарқын бір дәлелі – Шәмші әндерін жанындай сүйіп, ерекше құрметтейтін бүгінгі жастар. Шәмшінің өршіл, рухты, нәзік лирикаға тұнған ғажап әндері қазақ халқына мәңгілік қызмет ете береді, деді облыс әкімі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы