01 Наурыз, 2011

Көзбояу

672 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Журналист жазбалары Бір құрбым жерден жеті қоян тап­қандай қуанып: – Мына шырынның керемет қа­сиеті бар дейді, ішкен адамдардың барлығы ауру­ларынан жазылып жатыр екен, – деп үйіне бір қорап шырын арқа­лап келді. – Иә, бағасы қанша екен, неден жасалған? – деп сұрақтар қоюдамыз. – Бұл өзі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде өсетін бір жемістің қабығынан алы­на­ды, ащы дәмін жұмсарту үшін өте кішкентайдан алып өзге шырындарға қо­са­ды да, содан күнделікті аздап қана ішсе, емдемейтін ауруы жоқ көрінеді. Мұ­ны­мен ай­на­­лысатын компания қазір әлемнің жүз­де­ген еліне шырын таратады. Пайдала­ну­шы­лар жылдан жылға өсіп жатыр екен дейді. – Иә, сонда сен мұны қайдан алдың, дәрі­ханада сатып жатыр ма, неге бірден бір жәшігін алғансың? – дейміз біз де шы­рынға деген қызығушылығымыз ар­тып. – Қайдағы дәріхана, жұмысқа әкеліп сатты, алып тұруға шартқа отырдым, сендер де кіріңдер, бір рет осылай қымбатқа ал­саңдар, екіншісінде жеңілдігі болады екен. Ал соңдарыңнан адам кірсе тіпті жақ­сы, – дейді құрбым. Сөйтсе, жаңағы кө­­­те­ріп келген қорабындағы 4 шырын­ның баға­сы 23 мыңның шамасында. Бар-жоғы 0,75 литрден келетін 4 шыны шырынның бағасы осы. Енді құрбымызға «Сен басыл, кішкене де­міңді ал. Өзің ойлашы, егер осы жеміс сон­ша­лықты дәру болса, онда бүкіл Оң­түстік-Шы­ғыс Азия елдерінің адам­дары еш­қ­ашан ауыр­мас еді, екіншіден, егер ол шы­ны­мен керемет бол­са, онда оған дәрігерлер қауымы, дәріхана биз­несіндегілер неге қызы­пайды, неге ол дәрі­ханаларда сатылмайды? Қой, дәл сен айтқан­дай емес шығар, интернет тұр емес пе, алды­мен содан қара­йық­шы», деп ғалам­торды аштық. Сонымен, ғаламтордан «ХanGo» атты ман­густин шырынына іздеу салдық. Ашып қа­рағанымызда, құрбымыздың көзі шара­сы­нан шықты. Сөйтсе, бұл шырын­ның құра­мы­на зерт­теу жұмыстары 1932 жылдан бері жүр­гізілмеген дейді. Ал Германияда желілік жүйе­мен осы шырынды сатқан адамды тұты­ну­шы сотқа беріп, оны жеңіпті және Еуро­одақ елдері оны өз аймақтарында таратуға ресми түрде ты­йым салғанымен, сол Германияның өзін­де шырынды интернет арқылы-ақ тап­сы­рыс беріп үйге ал­дыруға болады деген және та­ғы сол тәрізді көптеген материал­дарды таптық. Артынша құрбымның өтініші бойын­ша шырын таратушымен хабарласып, өні­міне қызығушылығымыз туған адам­ның қалы­бын таныттық. Телефонның аржа­ғын­дағы дауыс өте кішіпейіл. Өзінің к­е­ңес беруге әрқашан дайын екендігін ай­тып, күн кешкіріп қалғандықтан, мекен-жайын беріп, үйіне шақырды. Жылы жүзбен, ілтипатпен қарсы алған желілік шырын таратушы төріне шақы­рып, өнім жайын әңгімелеп кетті. 40 антиоксиданттан тұратын, оның ішінде ксан­тонға бай шырынның қасиеттерін си­пат­тайды. Бұл шырын бос радикалдардың орнын толтыра­ды. Ал бос радикалдар дегеніміз – адамды қартайтатын нәрсе, шы­рын ішкен адамдар ауруларынын жазы­лып жатыр, деп стақан­ның түбіне шырын құйып берді. Енді компания туралы ғаламтордан алын­ған деректерді алға тартайық. 9 са­ты­лы маркетингтік жүйе құрған ком­па­ния­ның өнімін ниеті бар әрбір адам сата алады екен. Компания 2003 жылы 40 млн. дол­лар­ға шырын сатса, ол жыл сайын өсіп, 2008 жылы 1,5 млрд. құрап, 2010 жылы 2 млрд. дол­ларға жеткен. АҚШ-та бір бөтелке шы­рын 37,50 долларға, Еуропада 27,5 еуроға сатылады. Шарт бойын­ша бір алғанда 4 бөтелкесін бірден алу қа­жет. Ал дистрибьютерлерге өткізілген өнім бағасының 50 па­йызы беріледі. Тап­сырысы көбейген сайын оның бонусы да, алатын ақшасы да көбейе түседі. Өз желісін құрған адам ғана ай сайын жеңіл­дікпен шырын алып тұрады, яғни оны әрі қарай қымбатқа сата алады. Шырын мангостан, кейде мангустин дей­тін же­містен, оның қабығынан және қо­сым­ша 8 же­­містің – құлпынай, қарақат, алмұрт, алма, жү­зім, шие концентратынан жасалады. Жеміс­тің өзі­нен емес, яғни жи­нақ­талған сығын­ды­сынан су қосу арқылы, әрине. Және де жеміс­тердің ара­­сал­ма­ғы да көр­се­тіл­мейді, шырын­ның жал­пы құ­ра­мында мангустиннің қанша мөлшері бар екені де ашылмаған. Қораптың сыртында Е 202 (калий сорбаты), Е 211 (натрий бензоаты) кон­сер­ванттарының барлығы жазылған делінген. Жеміс қабығында антоциандар, катехиндер, полисахарид, ксантондар бар. Ксантондар дегеніміз – полифенол. Оны қа­бынуға, мик­робқа қарсы және са­ңырау­құ­лақ­пен за­қым­­да­нуға қар­сы қол­дану­ға бола­ды. Алай­да, компа­ния­ның 2006 жыл­ғы мәлім­деуінде жеміс жайын­да жүр­гіз­іл­ген жалғыз ғана зерттеу­д­ің 1932 жылы Сингапурде дизен­терияғ­а қар­сы емге қатысты ғана болғаны ай­тылған. Ал аме­ри­­ка­­лық қатерлі ісік ауру­ларын зерттейтін орталық шырын­ның емдік ма­ңызы жоқтығына тоқталса, Германия компанияны сотқа тартқан. Онда өнер­кәсіпті алдаудан қорғайтын қоғам «ХanGoны» шы­рын деуге де болмайды, өйт­кені, ол жемістің желінбейтін қабы­ғы­нан жасалады, деп соттың екі деңгейінде жеңіске жеткен. Және Дюс­сель­дорфтағы тұтыну­шылар құқығын қор­­­ғай­тын қоғам «ХanGo» биологиялық активті қосымша ретінде Федералдық бюрода тіркелуі тиіс. Өйткені, оны сатушылар оны жәй ғана шы­рын деп емес, адамның денсаулығын сауық­тыруға пайдасы бар сусын деп жар­нама­лайды десе, Бавариядағы денсау­лық сақ­тау басқармасы және тағам қауіпсіздігі орта­лы­ғы оны ешқан­дай да емдік қасиеті бар деп әспет­теуге болмайды, «ХanGo» жәй ғана шырын деген тоқтамын алға тартады. Біздің елімізде, Ресейде және Украинада шырын санитарлық-гигиеналық норма­лар­ғ­а сәйкес келетін, құрамында шырыны бар алкогольсіз, газдалмаған сусын деген сер­ти­фикатпен тіркелген. Бірақ дәрілік, болмаса биологиялық активті қосымша ретінде тіркелмеген. Хош, сонымен желілік таратушымен әңгі­ме­міздің немен аяқталғанын айтайық. Шы­рын­ның емдік қасиеттерін алдында тұр­ған түрлі түспен керемет безендірілген альбомға қарап әңгімелеп, бейнебір дәрі­гердей сөйлеп отырған келіншекке сіздің мамандығыңыз кім, мұны қайдан білесіз деп сауал тастадым. Ма­мандығым товаровед, бұрын сауда сала­сын­да істегенмін, ал желілік маркетингпен ай­налыс­қа­ны­ма біраз болды, деген ол әңгі­месін әрі жал­­ғады. Антиоксидант деген не, ксантон де­ген­нің әсері қандай болады екен десең де тоқ­та­майды, жаттанды сөздерінен жа­ңыл­майды. Ал сусын бірыңғай сығынды­лар­дан тұрады депті ғой, сонда бұл табиғи шырын болмай шықты ғой дегенімізде сіз өзі концентрат пен консервантты айыра білесіз бе деп сатушының дауысы қатая түс­кен. Ал арасын айырып ай­тып беріп, одан соң Германиядағы осы «ХanGo» тур­а­сын­дағы дау­дан не білесіз дегенде, манағы мамыра­жай­лықтан, сыпайы­лықтан жұрнақ та қалмады. «Сізге өзі не керек?» – деді тіксінген ол. Сіз мына жерге ба­рып сусын са­тып­­сыз ғой, дегенде: иә, саттым, онда мына­дай, мынадай кісілер сатып алды, деп ат­тарын атағанда, ішінде құрбымның да есімі кетті. Ал жанымда отырған оны таныған да жоқ. Мен өзімнің журналист екенімді, оның білместіктен біреулердің алдауына түсіп, өзінің де өзгелерге теріс мағлұмат б­е­ре­тін­дігін, егер шырын сіз айт­қан­дай бол­са, онда неге дәрі­ханаларда сатыл­май­ды дегенімде, ол сіздің айт­қандарыңызға сен­беймін, ендеше, ол шекарадан, кеденнен қалай өтуде де сұрақ қойды. Мен әри­не, тек шырын ретінде өте­ді, ал компания оны сіздерге ға­жайып дәрумен деп алдап сатқызып жүр дегенімде, сіз не де­се­ңіз, о деңіз, ал мен бетімнен еш қайт­пай­мын, құр­бы­ңызға ақшасын қай­тарып берейін, деді шы­рын сату­шы. Қарап отырсақ, осын­­дай желілік жүйе­ден аяқ алып жүре алмайтындай жағдайға жеттік. Көп­ші­лігі күмәнді тауар­ларын өт­кізу­мен халықтың ден­сау­­лы­ғы­на кері әсерін тигізіп жатса, елі­міздің эко­­но­микасына да олар­дың зия­нын бағамдау үшін пә­лендей эко­номист болу­дың қажеті шамалы. Ры­нок­тағы шы­найы бағасы бел­гісіз, күмәнді тауарлар ха­лық­тың қал­тасын қағып, сан түрлі амал-шарғымен жиылған мол қаражат шетел асып кетіп жатыр. Яғни, біздің ақшамыз шетелдің эко­но­микасын көтеруге жұмыс жасап жатыр емес пе?! Әсіресе, әлемде қаржылық-эконо­микалық дағдарыс тұсында елімізге желілік маркетингтен түскен шығын-­ дарды есептеп көргендер бар ма екен, сірә? Шығыс ойшылы Әбу Науас: «Игілікті іске, адал әрекетке жұмсамаған ақшаның бәрі арам. Арам ақша адамды бір қақалдырмай қоймай­ды», депті. Жалпы, қазіргі күні халық арасына қаржылық пирамида атауымен белгілі оңай олжа табудың алғашқы пысы­қай­ларының бірі – шотландық Джон Ло екен. Ол «Миссисипи ком­паниясы» деген ісімен 1720 жылы Фран­цияны тұралатқан. Ал тегі италиялық аме­ри­калық Чарльз Понци 1919 жылдың та­мы­зында испандық бір бизнесменнен халық­ара­л­ық жауап купонын алады. Купон айна­лы­мының қалай жүреті­нін біліп алған Понци Еуропа елдерінен шық­қан купон­дар­дың арасын­дағы айыр­ма­лық бағамнан пайда табуға бола­ты­нын біліп, «The Securities and Exchange Company» компа­ния­сын құрып, бірнеше ин­вес­торды ақша салуға көн­діреді. Ондағысы, транс­ат­лан­ти­калық саудада қарапайым вексельден 50 пайыз пайда табасың, ал 45 күннен соң 100 пайызға дейін ақшаң өседі деп алдау. Алдау сыры «PostMagazine» журна­лын­да ба­сылған мақалада ашылады. Ал қазіргі күнгі Пон­ци мұрасын жалғас­тыру­шылар ұс­таз­дарын жолда қалдырардай ақша табу­дың небір түр­лерін ойлап шығаруда. Мәсе­лен, автобус аял­да­ма­сына тоқтай қалса­ңыз, табан астында байып кететіндей боласыз. Онда хабарландыру жап­сы­ру­ға болмайды, айыппұл көлемі мұнша деп жа­зыл­ған тыйымның да ешкімге әсері жоқ. «Жас ерек­шелігіне қара­мастан, тіпті зей­неткер бол­саңыз да, сіз керемет қара­жат табуы­ңыз­ға бола­ды» деген жарнамадан көз тұнады. Арасында байып кетуі­ңіз­бен бірге, дене бітіміңіз дұрыс­та­лып, денсаулығыңыз да түзеледі дей ме, әй­теуір көшедегі құлақ­тан­д­ыру, одан газеттерге берілген жарнамалар тек жана­шырдың бейнесінде көрінеді. Бірақ бар­лы­ғының астарында көз бояп, алдау мен баюды көздеген ашкөздік жатыр. Егер адамдарды алдап баю жөнінен дис­сертация жазу керек болса, еш қинал­мауы­ңызға болады. Оның мысалы сіз қадам бас­қан сайын алдыңыздан шығады. Егер дәрі­ха­наға барсаңыз, сізге бір дәріні бірнеше атауда ұсынуы мүмкін. Құрамдары бірдей, тек атау­лары мен шы­ғарушылары өз­геше. Бағасы да әлгідей. Түпкі ниет – сіздің қалтаңызды қағу. Болмаса, құрылыс ком­па­ния­ларын алыңыз. Жуырда Жеңіс даң­ғы­лынан орын тепкен «Же­ңіс» көп пә­терлі үйіндегі туысымызға қо­нақ­қа барып, лифтіде қамалып қалдық. Сөйтсек, 2006 жылы тапсырылуы тиіс бұл тұрғын үйді салушы «Аруана ЛТД» ком­па­ния­сы тұр­ғын­дарға берген уәдесін әлі орын­дамаған. Шарт бойынша 2006 жылы тапсы­ры­луға тиіс үйдің әлі жыры бітпеген. Ал тұр­ғындарға компания 2006 жылдан бастап ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізіп кіре беру­лері­ңізге болады дегенге алданған адамдар толық тапсырыл­ма­ған үйде тұрып келеді. Қан­шама азамат үлескер ретінде пәтерлі бола­мын деп банктен несие алып, енді үй де жоқ, ақша да жоқ, екі ортада қарызға белшелерінен батып, банктің алдында кіріптар болып отырғаны да ащы шындық. Несін айтамыз, бүгінгінің Остап Бендерлері сіздің қалтаңызды қағу үшін қан­дай айла-шарғыға бармайды дейсіз. Оңай қаражат табуға кісі құнықпасын, құнықса, обал-сауапқа да қарамайтын көрінеді. Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы желілік маркетинг турасында жазған ма­қала­сын­да бы­лай дейді «...осындай мар­ке­тингте оның ба­сын­да тұрған адамдар пай­да тауып, төмен­дегі­лер ұтылады. Ал тө­мендегі адам­дарды ақ­ша­сы­нан қағып пай­да табу  – исламда харам. То­лы­ғырақ түс­індірер болсақ, бір-біріне тізбектеле оты­рып тіркелген бұл желілік маркетинг бір жерде міндетті түрде тоқтайды. Себебі, Алладан басқа ешбір нәр­се мәңгілік емес. Ал енді тоқтаған жағдайда пирамида жо­лы­мен қалан­ған бұл марке­тинг­тің басын­дағы адамдар ғана салған өз ақшаларын шы­ға­­рып, пай­да­ға кенеледі де, төмендегі көп­те­ген адамдар қалтасы­нан қағылады. Бұған қо­са адамдарға бұл жұмыс түсіндірілген уақыт­та: «Сен мұға­лім­сің, яки инженерсің, табы­сың өте тө­мен, бұл жұ­мысқа кірсең, арма­ның­ды жү­зе­ге асы­рып, бай­лықтың астында қала­сың», деп кісіні өзі сүйг­ен маман­ды­ғы­нан, қызметінен, оқуы­нан суы­тып, теріс пікір қалыптастырады. Биз­не­сің­ді дамы­ту­дың «11 баспалдағы» делінген кі­таптың 20-шы бетінде «Кісіні осы жұмысқа тарт­­қан кезде, оған бұл жұмыс пен өзі істеп жүр­ген жұмысын, яки басқа жұ­мыс­тарды са­лыс­тыр» делінген. Яғни, бұл жұмыс­тың көп пай­­да әкелетіндігін, ал басқа жұ­мыс­тардың түк­­ке тұрмайтын­дығын на­си­хат­тайды. Ал енді, елдің бәрі осы маркетингті қуалап кетсе, ха­лық­қа қажетті түрлі мамандықтарды, елдің да­муы­­на үлес қосатын қызметтерді кім атқарады? Араб тілінде өтірікші адамды «кәззап» дейді. Адамдар көбінесе пайда табу үшін өтірік айтады. Мұндай жағдайда адам пайда емес, зиян табады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Пайда табу үшін өтірік ант ішіп, тауарын сатқан һәм саудасына өтірік қосқанның кәсібі құриды», деген емес пе?! Иә, біз нарықтық қоғам құру үстін­де­міз. Ал нарықтық қоғамдағы дүниеге кенелу тек біреудің үстінен пайда табу, ай­лаң­ды асы­рып, алдаумен табылуы тиіс пе?! Жуыр­да таны­сым­ның баласы марқұм әке­сі­нен қал­ған ал­тын сағатты ломбардқа өткізіп жіберіпті. Баланың жасы кәме­летке тол­ма­ғанын біле тұра қымбат затты алған ломбард иесі қымбат сағатқа әшейін бір аз ғана сома беріпті. Ал олардың заң бойынша кәмелетке толмаған балалармен ондай шарт жасауына болмайды. Нанбаса­ңыз, қалаңыз­дағы кез келген ломбардқа барып көріңізші. Жағалай жасөспірім­дерден қалтафондарын алып, оны арзан бағалап, аз-мұз пұл беріп алдап жатқанына куә боласыз. Осы біз бетімізді қайда бұрып бара­мыз. Ойланайықшы, ақшамен бірге има­ны­­мыз­ды сатып жібермейікші! Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.