12 Қазан, 2016

Көш қайта жандана бастады

275 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
koshi-konТәуелсіздіктің 25 жылы ішінде сырттағы көптеген қандастарымыз елге келіп қосылып, мерейімізді өсіріп, айбынымызды асқақтата түсті. Атажұртқа ат басын бұрған ағайынның көш-керуені алдағы уақытта да жалғаса бермекші. Осы орайда, біз Денсаулық сақтау және әлеумет­­тік даму министрлігі Еңбек, әлеу­меттік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ахмәди САРБАСОВҚА бірнеше сауал қойған едік. – Қазіргі таңда тәуелсіздігімізді алғалы бері өзге елдердегі 1 мил­­лион­ға жуық қандасымыз ата­жұр­ты­на оралды деген мәлімет жиі айты­­ла­ды. Осы көрсеткішті нақ­ты­лап берсеңіз. – Нақтылай айтқанда, 1991 жылдан бастап 2016 жылғы 1 қазанға дейін 981 743 қандасымыз елімізге келіп, оралман мәртебесін алды. Бұл жалпы халқымыздың 5,5 пайызын құрайды. Осы арада сұрақ көрсеткіштердің нақтылығына байланысты болған­дық­тан айта кетейін, олардың 61,5 пайызы Өзбекстаннан, 11,6 пайызы Қытай Халық Республикасынан, 12,0 па­йызы Моңғолиядан, 7,3 пайызы Түрік­менстаннан, 3,9 пайызы Ресей­ден, 3,7 пайызы өзге елдерден келгендер. Өткен жылдың қараша айында Елбасы «Қазақстан Рес­пуб­ликасының заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған болатын. Осы Заң­ның ең маңызды тұстарына тоқ­тала кетсеңіз. Бұрынғы заңдар­дан айырмашылығы қандай? – Заңда этностық қазақтарға қатысты атап айтарлықтай оңтайлы нормалар қарастырылған. Олардың негіз­гілеріне тоқталар болсақ, этнос­тық қазақтарға қоныстанған өңіріне қара­мастан, оралман мәртебесі бері­леді. Бұрын оралман мәртебесі тек Үкімет айқындаған өңірлерге қо­ныс­танған этностық қазақтарға бері­летін. Бұдан бөлек, соңғы заңда орал­ман­дардың тұрақты тұруға рұқсат алған­нан кейін бірден азаматтық алу­ға өтініш білдіру құқығы енг­ізіл­ді. Бұған дейін оралмандар азамат­тық алуға өтініш білдіру құқы­ғына Қазақ­станда 4 жыл тұрақты тұрған­нан ке­йін ғана ие болатын. Бұл рет­те қазір оралмандар Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының азаматтығын жеңіл­детіл­ген тіркеу тәртібінде, яғни өтініш жаса­ған күнінен бастап 3 ай ішінде алады. Сонымен бірге, Үкімет айқын­даған өңірлерде оралмандарды қоныс­тан­дырудың өңірлік квотасы белгіленеді және квотаға енген оралмандар Қазақ­­стан Республикасының халық­ты жұ­мыспен қамту туралы заңна­ма­­сы­­на сәйкес, жұмыспен қамтуға жәр­дем­­десудің белсенді шараларына қатысу­шыларға көзделген мемлекет­тік қол­дау шараларымен қамтамасыз етіледі. Бұрын мұндай қолдау көрсетілмейтін. Тағы бір айта кетер жайт, Үкімет бел­гілеген өңірден бес жыл ішінде ерік­т­і түрде өз бетінше кеткен (көш­кен), немесе Қазақстан Респуб­ли­­ка­сының аза­мат­­тығын алудан бас тарт­қан жағ­дай­да оралмандарға беріл­ген мем­ле­­кеттік қолдауды қайтару жө­нін­­де жауап­кершілік белгіленген. Бұға­н дейінгі заңдарда бұл мәселе қарал­маған еді. Бұларға қосымша айтарым, қыз­мет­тік пәтері немесе жекемен­шік бас­па­насы болмаса орал­ман­дар бейім­деу және кіріктіру орталық­тарында, уақыт­ша орналастыру орта­лық­тарын­да бір жылға дейінгі мерзім­ге тір­келе алады. Бұл да бұрынғы заң­­­дар­да көзделмеген-ді. Тағы бір мәсе­ле, қа­зір этностық қазақтар ви­за­­лар­дың сана­тына қарамастан көші-қон поли­ция­сына жүгініп, тұрақты тұ­руға рұқ­сат ала алады. Ал бұрын тұ­рақ­ты тұруға рұқсат алу үшін этнос­тық қазақ­тардың тұрақты тұру­ға көшіп бара­ды деген визасы болу керек бола­тын немесе шыққан елі­нің лауа­зым­­ды органының басқа ел­де тұрақт­ы тұруы­на қарсылығы жоқтығы тура­лы анық­тамасы болу керек-тұғын. Міне, осы мәселелер қазіргі заңның тиімділігін көрсетеді. – Бұрын сырт елдерден келген қан­дастарымыз әлеуметтік көмек­ке қол жеткізу үшін көп құжат жинап сабылатын. Қазір осы мәсе­леге қатысты нендей жеңіл­діктер көзделген? – Әлеуметтік көмектер оралман­дарға Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей көрсетіледі. Сондықтан әлеуметтік көмек алу үшін жиналатын құжаттардың айырмашылығы жоқ. Соңғы екі-үш жылда қандас­тары­мыздың елге оралу көрсет­кіші төмендеп кетті деген сөз бар. Шынында солай болса, бұл түйт­кілге не себеп? – 2013 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған заңға сәйкес оралман мәртебесін тек Үкімет айқындаған өңірлерге келген этностық қазақтар ала алғандығына және оралмандардың азаматтық алу құқығы тек тұрақ­ты тұрғанына 4 жылдан асқан соң пай­да болатынына байланысты көшу үрдісінің саябырланғаны рас. Мы­салы 2013 жылы 33 952 адам қоныс аударған болса, 2014 жылы 8 247 адам, 2015 жылы 4882 этностық қазақ тарихи Отанына оралды. Ал 2015 жылғы заң қабылданған соң көрсеткіш өсіп, 2016 жылғы 9 айда елімізге 23 971 этностық қазақ (11 488 отбасы) қоныс аударды. Яғни, сырттағы қандастарымыздың елге оралуы қайтадан жанданды. – Мемлекетіміздің ішкі көші-қон саясатында қандай шешімін күткен мәселелер бар? Оңтүстік өңір­лер тұрғындарының сол­түс­тікке көшу үдерісінде қан­дай жағымды көрсеткіштер байқалады? Бұл мәселеде сіздердің комитеттеріңіздің рөлі қандай? – Елімізде ішкі көші-қон сая­сатын оңтайлы жүргізу бағыты «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының үшінші бағыты «Аумақтық ұтқырлықты арттыру» шеңберінде іске асырылуда. Аталған бағытты іске асыруға 2016 жылы 4,1 миллиард теңге бөлініп, қазіргі кезде 1,8 миллиард теңге (43,9%) игерілді. Бұл ретте ішкі көші-қон үдерісі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 82 қау­лысымен бекітілген қоныс аудару­шы­лардың өңірлік квотасы шең­берінде іске асырылуда. Дәлірегі, 2016 жылға квота Шығыс Қазақстан облысына 40 отбасына, Қостанай облысына 22 отбасына, Павлодар облысына 200 отбасына, Солтүстік Қазақстан облысына 201 отбасына белгіленген. Қазіргі кезде 119 отбасы аталған өңірлерге қоныс аударып «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дарламасында қарастырылған көмек­терді алды. Биыл қанша қандасымызды қабылдауға қаржы бөлініп отыр? – Үкіметтің осы жылғы 18 ақпан­дағы № 82 қаулысымен 2016 жылға 1259 отбасына оралмандардың өңір­лік квотасы бекітілген. Үкімет ай­қын­даған өңірлерге келген және орал­мандар мен қоныс аударушыларды қабыл­даудың өңірлік квотасына ен­гізілген оралмандар мен қоныс аудару­шы­ларға көшуге субсидия және соған байланысты шығыстарға өтем­ақылар отағасына елу айлық есеп­тік көрсеткіш, отбасының әрбір мүше­сіне 35 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде беріледі. Аталған отба­сы­ларын қабылдап алуға қажетті қар­жы көзі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде қарастырылған. Әңгімелескен Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»