12 Қазан, 2016

Қазақстан мен Оман арасындағы саяси консультациялар

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
img_3247Жуырда Масқат қаласында Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығы сыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өткізілді. Қазақстан делегациясына Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов, ал Оман тарапына Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхаммад Әл-Хассан жетекшілік жасады. Келіссөздер барысында тараптар сая­си, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері, сондай-ақ Оман СІМ басшысы Юсуф пен Алауидің Қазақстанға ресми сапарының дайындық барысы талқыланды. Кездесу барысында халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер туралы әңгіме өрбіп, Қазақстан мен Оманның халықаралық терроризммен күрестегі өзара іс-қимылына назар аударылды. Бұл ретте тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдар мен құрылымдар аясында екі елдің ұстанымдарын үйлестірудің маңыздылығына тоқталды. Оман тарапы Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлауымен құттықтап, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында көтерілген бастамаларына қолдау көрсетті. Тараптар Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына Оманның қосылуына байланысты жұмыстарды жалғастыру туралы уағдаласты. Екіжақты сауда-экономикалық байланыс­тарды дамыту мәселесін талқылау барысында перспективалы бағыттар ретінде энергетика, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, Ислам банкингі, екі жақтың транзиттік-көліктік әлеуеті және тағы басқа салалар атап өтілді. Бұл салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру, инвестицияларды өзара ынталандыру, екі елде өтетін халықаралық көрмелерге Қазақстан мен Оманның жеке сектор өкілдерінің қатысуын ұйымдастыру бағытында уағдаластықтарға қол жеткізілді. Сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жандандыру мақсатында Үкіметаралық комиссия құру және екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту қажеттілігі атап өтілді. Оман тарапы елімізде жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы, Бес институттық реформа және Мемлекет басшысының қазіргі дағдарыс кезінде елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауымен таныстырылды. Масқатта болуы кезінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары сондай-ақ Оман Сұлтандығының Туризм министрі Ахмед Әл-Махризимен жұмыс кездесуін өткізді. Келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында туризм саласындағы екіжақты қарым-қатынастардың болашағы талқыланды. Осы орайда, екі ел азаматтарының өзара сапарларын ынталандыру мақсатында қолайлы жағдайларды жасау және шарттық-құқықтық базаны кеңейту қажеттілігі атап өтілді. «Егемен-ақпарат»