Қай кезде де ұрпақ тәрбиелеу, оған білім беру, оқыту мәселелерінің әлеуметтің барлығын алаңдататыны анық. Және кез келген жанның бұл ретте айтатын ойларының, пайымдарының да табылып жататыны шындық. Егер еліміздегі мектептердегі білім беруді сөз етер болсақ, онда бекітілген стандарт бар және біздің жүйе сол стандартқа сәйкес өзгеріп, қазіргі уақытта ол өзінің белгілі бір кезеңін бастан кешуде. Назарбаев зияткерлік мектептерінде жасалып, еліміздің бірсыпыра мектептерінде сынамадан өткен бұл бағдарлама халықаралық стандарттарға жауап бере алатын деңгейде. Жалпы, адам табиғатына әрбір жаңалығы бар іске күмәнмен қарау тән. Сондықтан да болар соңғы уақытта баспасөз беттерінде, теледидар мен радиода, әлеуметтік желілер мен түрлі басқосуларда білімге қатысты ой айтпайтын адам жоқ.
Негізінен, біз бұрынғы кеңестік білім беру жүйесінің ең бір жақсы тұстарын жалғастырудамыз. Мамандарды даярлайтын институттар, оқытушылар, кафедралар, оқыту әдістерінің бәрі сақталды, тек олар заман талабына сай жаңғыртылу үстінде. Ал енді көпшілікті ойландырып жүрген мәселе – өз жолымызды таңдау немесе өз үлгімізді жасауға келсек ол – бөлек әңгіме.
Сәт сайын, сағат сайын өзгеріп жатқан ғаламның тынысына ілеспегендердің ала өкпе болып жолда қалатыны шындық. Шабандық танытып, астыңдағы атыңды асықпай, сипай қамшылап жүргеніңде көлікке отырғандар тым алысқа ұзап кетіп, қарасын көрсетпей кететін заман. Сол себептен де, әлемдік үдерісті есепке ала отырып, бізде білім берудегі өзгерістерді өзгелердің тынысын тыңдай, өз жүрісіңді де баяулатпай, оған уақытында жауап бере алатындай деңгейде жасауға тиіспіз. Сонымен бірге, біздің еліміздің көптеген конвенциялар мен келісімдерге мүше екенін, олардың мемлекеттік деңгейде ратификацияланғанын да назарда ұстауға тиіспіз.
Қазір орта білім беру жаңғыртылу үстінде, мазмұнына да өзгеріс еніп және ол бойынша кейбір пәндердің аттары да өзгеріп, кейбірі бірігіп, жаңадан пәндер енгізіліп, сағаттар саны да түрлі қалыпқа түсуде. Бұлардың барлығы жасырын емес, қоғамның талқысынан өтіп, мұғалімдер қайта даярлау курстарында әзірленіп, табиғи түрде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сондықтан қандай да бір қирату, түбегейлі өзгерістер енгізу емес, қайта табиғи түрде бір кезеңнен екінші кезеңге өту деп дұрыс бағалаған жөн тәрізді.
Сонымен, білім берудің жаңартылған түрі 12 жылдық стандартты қарастырады. Менің пайымымда әрбір маман, осы саланы білетін қарапайым азамат орта білім беруде әлем бойынша 12 жылдықтың эталон ретінде қабылданатынын айқын ұғады. Өйткені, ол жоғары білім алуға қажетті немесе арнайы кәсіпті иеленудегі ең төменгі саты. 10 жылдық білім – стандартты орта мектеп, яғни одан кейін оқушылар жоғары мектепке өте алады, сөйтіп әрі қарайғы университетте білім алу үшін мамандығын таңдап оқуын жалғастырады. Жоғары мектеп дегеніміз – шын мәнінде жоғары білім алудың басы. Немесе оқушы 10 жылдықтан кейін кәсіптік-техникалық мамандықты таңдап, колледжге ме, әйтеуір диплом және 12 жылдықты аяқтағаны туралы сертификат беретін оқу орнының табалдырығын аттайды. Және оны бітірген жас алған мамандығы бойынша жұмыс істей ме, әлде жоғары білім алуға әрі қарай талпына ма, ол – өз еркі.
12 жылдық мәселесі төңірегінде айтысты өрбіте беруді мен мынамен теңестірер едім. Мәселен, авиацияда икао стандарттары жайында айтыс тууы мүмкін емес. Біздің елдің диспетчерлері тек қазақ тілінде сөйлейді, біз тек солай ұшамыз десек, біздер үшін халықаралық әуе кеңістігі жабылар еді. Өйткені, икао бойынша барлық ақпарат ағылшын тілінде берілуі тиіс. Сонда не, тек өз еліміздің көгінде ғана ұшуымыз керек пе?! Сол тәрізді 12 жылдық білім де халықаралық стандарт, ерте ме, кеш пе, әйтеуір біз бұған енуіміз қажет.
Осы жерде тіл мәселесіне тоқталмай өтуге хақымыз жоқ. Бағдарлама бойынша жоғары мектепте информатика, биология, физика, химия пәндерін ағылшын тілінде оқыту көзделген. Өйткені, бұл әлемдік бәсекеде өз орныңды алу жолындағы таласта артта қалып қоймау үшін жасалып отырған қадам. Бүгінгі күнге ғана емес, алыс болашаққа жасалған бағдар.
Әрине, тілге қатысты мәселе қазақ баласын ойландырмай қоймайды. Бірақ әлемдік тәжірибеде ағылшын тілін енгізу арқылы каталон, баск және т.б. тілдердің мәртебесі жоғарылағаны белгілі. Ағылшын тілі бүгінде ғылымның, инновацияның тілі. Біздің өзіміздің қайнары тұнық, таза да бай ана тіліміз бар, ұлтаралық қатынас үшін орыс тілі бар, ал осы тілдерді еркін білуіміздің өзі қазақ баласының бәсекелестікке қабілеттілігін арттыра түседі. Ал оған ағылшын тілінің қосылуы біздің бәсекелестіктегі олжа салатын тұстарымызды одан сайын арттырып, мүмкіндігімізді кеңейтіп, тынысымызды одан сайын аша түспек. Сол себептен, біз ертеңгі балаларымыз бен немерелеріміздің болашақтағы бәйгеде өз бәсінен құр қалмауын ескере отырып, бүгінгі күні тіл мәселесін жалаулатып, оны саясиландырмауға тиіспіз деген ойдамын. Бірақ бір нәрсе айқын, ол мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне лайық қызмет етуі жолындағы еңбектің бір сәтке де толастамауы.
Біз елімізді табысты еткіміз келсе, білімге қатысты жаңғыртылған бағдарламадан бой тартпауымыз ауадай қажет. Қазақстанда екі тілді еркін білетін адам жұмыс іздеп қиналмайды, ал үш тіл білсе оған тіпті де бар жол ашық. Сондықтан полилингвизмге сұраныс та көп. Осы ретте мемлекеттік деңгейде, аздаған қалталы топтың балаларын ғана емес, жаппай барлық жеткіншектердің ағылшын тілін білуіне мүмкіндік туғызатын бағдарламаны қолдаудың қажеттігіне тағы да тоқталғым келеді. Жасыратыны жоқ, қазір қолы ұзындар балаларының ағылшын тілін білуінен ештеңесін аямайды, тіпті сол тілдік ортада жүрсін деп мектеп жасындағы баласын шетелде оқытып та жүр. Мемлекет болса, жоқ, ағылшын тілін білу аз ғана топтың еншісіне бұйырмай, көптің игілігіне болсын деген, нағыз елдің ертеңін ойлаған істі бастады.
Әлемде полилингвизмді ендірудің бірнеше жолы бар екен. Біздің жағдайда сарапшылар ойлана келе, жоғарыда аталған пәндерді ағылшын тілінде оқытылуы тиіс деп белгіледі. Өйткені, үлкен сыныптарда бұл пәндерді ағылшын тілінде оқыған шәкіртке жоғары оқу орнында таңдаған мамандығын игеруіне ол айтарлықтай көмек әрі магистратура, докторантурада білімін жалғастыруға да даңғыл жол ашады. Және мұндай оқу әдісі Қазақстан үшін айтарлықтай жаңалық та емес, еліміздегі қазақ-түрік лицейлері, Назарбаев зияткерлік мектептері осы жолды табысты қолданып жүр.
Ағылшын тілі ұлтаралық қатынастар тілінен өткен ғасырда-ақ ғылымның, ілімнің, инновацияның, жаңа технологиялардың тіліне айналып үлгерді, сөйтіп, аса ауқымды міндеттер атқаратын масштабқа шықты, сондықтан да әлемнің көптеген елдері оқу бағдарламаларына ағылшын тілін дендетіп ендірді. Қазіргі мектептерде бастауыш сыныптарда оқытылып жүрген ағылшын тілі сол әлемдік стандартты бағдарламаға негізделген. Оның алғашқысы – мектептердегі сағат саны, екіншісі – мұғалімдердің даярлығы, олар жаппай ағылшын тілінде сабақ беруге қаншалықты әзір, үшіншісі – оқу-әдістемелік кешен, дидактикалық материалдар, ата-анаға, балаға, мұғалімге көмек құралдары қамтылуы қарастырылып отыр. Осының барлығына министрлік әлемдік жетекші компанияларды тартып, әзірлік жұмыстарын әлдеқашан бастаған болатын. Сол үшін үздік әдіскерлер таңдалып, олар аптасына қанша сағат оқыту тиімділігін де анықтады.
Негізінде біздің ел үшін әрбір мектеп бітірушінің 3 тілді бірдей дәрежеде білуіне ұмтылу басты мақсат болуы тиіс деп ойлаймын. Егер біздің түлектер, мейлі ол ауылдың, шағын елді мекеннің тұрғыны болсын, сол мекендегі әлемдік стандартқа негізделген мектепті бітіріп, қиналмастан өзіміздің елді қойып шетелдік жоғары оқу орнына қабылданып жатса, ол ел байлығы емес пе?!
Жазира ДҮЙСЕНБЕКОВА,
Ұлттық білім және ғылым ассоциациясының төрайымы, білім саласы бойынша халықаралық сарапшы