13 Қазан, 2016

Автобус құрастырумен айналысады

419 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
anhui-ankai-automobile-co777«AllurGroup» тобына жататын «СарыарқаАвтоПром» зауыты әлемдік өндірушінің брендімен автобус шығаратын болды. Қыркүйек айының ортасында Астанада өткен ІV машина жасаушылар форумында қостанайлық зауыт машина жасау саласындағы айтулы компаниялардың бірі – Ankai автобусын өндіретін ANHUI ANKAI AUTOMOBILE CO және Татарстанның машина жасау кластерінің көлік жабдықтайтын өндірушілерімен меморандумға қол қойды. Екі зауыттың арасындағы келісімшарт бойынша қала ішінде жүретін Ankai жолаушылар автобусы ірілей жинақтап құрастырылады. Компания Ankai маркалы автобусты және оған қажетті техникаларды дайындаумен, нақ осы маркалы автобустың қосалқы бөлшектерін өндірумен айналыспақ. Келісімде көрсетілгендей, «СарыарқаАвтоПром» зауыты таяу уақытта аталған марканың дизель отынымен жүретін Ankai GK39 және Ankai GK39С (CNG) серияларын өндіруге кіріскелі отыр. Қала ішінде жолаушылар тасуға арналған бұл автобустардың ұзындығы 8, 10,5 метр болады, қорап ұзындығына қарай ішінің кеңдігі де әртүрлі, кемінде 80 жолаушы сияды. Ankai маркалы автобустардың жаңа буы­ны технологиялық заманауи талап­тардың барлығының үдесінен шы­ғады, газбен де жүреді, бұл қала эко­ло­гиясының серпілуіне оң әсер етеді. Сонымен қатар қоғамдық көлік­тің жаңа түрінде қарт кісілер мен мү­гедектердің мініп-түсуін жеңіл­дететін пандус та ескерілген. Зауыт өкілдерінің айтуын­ша, Ankai автобустары болашақ­та ірілей жинақталып құрасты­ры­лудан біртіндеп ұсақтай жинақ­тауға көшіріледі, бұл өндірісте қазақ­стандық үлес салмағы арта түседі деген сөз. Ankai өндіруші компания бұл күнде «СарыАрқаАвтоПром» зауытына білікті инженер және тех­никалық мамандарын жіберді. Олар жергілікті мамандар мен жұмыс­шы­ларды жаңа өндірісті жүргізу технологиясының нұсқаулықтарын оқытуға, үйретуге кірісті. Алдағы уақыт­та зауыттың бұл өнімі Ресей мен Беларуське экспортталады. Қостанайлық зауыт пен ANHUI ANKAI AUTOMOBILE CO компа­ния­сының бірлескен жобасы бола­шақ­та құрастыратын автобустар аталымын көбейтуді де ойластыруда. Олар тек қала ішінде жүретін емес, туристерге, мектеп оқушыларын тасуға бейімделген және қалааралық бағыттарға қатынайтын автобустар түрін құрастырмақ. «СарыАрқаАвтоПром» зауытында сапқа қойылатын автобус­тың бағасы 26 миллион теңге тұра­ды. Оларды сатумен айналыса­тын AllurAuto компаниясы тұты­нушыларға лизинг секілді қолайлы қаржылай жағдай туғызуға әзір. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ