13 Қазан, 2016

Оңтайлы жолмен оңайлатылды

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
kirister-komiteti-fiskaldyk-organМемлекеттік кірістер комитеті фискальдық органның қызметкерлері мен салық төлеушілердің тікелей байланысын төмендетті. Бұл уақытты және қаржылық шығындарды айтарлықтай үнемдейді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік кірістер комитетінің даму және жаңғырту департаменті директоры Ержан Біржанов осылай деп мәлімдеді. Баспасөз мәслихатында еліміздің салық саласын дамыту, халықтың салықтық мәдениетін жетілдіру, ақпа­раттандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтылды. Мемлекеттік кірістер комитетінің даму және жаңғырту департаменті директорының айтуынша, соңғы кезде бұл сала да барынша электронды режімге көшірілген. «Онлайн ре­жімдегі және электронды үлгідегі қыз­меттер саны артты. Мәселен, бүгінде азаматтар электронды түрде 25 салықтық қызмет көрсетулерге және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы 24 баламалы негізде қызмет көрсетуге қол жеткізді», деді Е.Біржанов. Қазір қоғамда салық мәдениетінің негізгі көрсеткіштері салықтарды төлеу формасы мен әдістері туралы салық төлеушілердің ақпарат­тан­ды­рылу деңгейі, олардың мемлекет­тік салықтық қызметтерді алудағы қол­же­тімділігі, сондай-ақ салықтарды ерікті түрде төлеудің өсу деңгейі болып та­былады. Ал салық саласын жетіл­діру Ұлт жоспарында да айрықша аталған. Бұл тұрғыда бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау мем­лекет­тік кірістер органдарының негізгі мін­детінің бірі, – деп атап өтті депар­тамент басшысы. Осы жылдың тоғыз айындағы көрсеткіштерге сүйенсек, мемлекеттік кірістер органдары қызметтің 87 па­йыздан астамын электронды түрде көрсеткен. Электронды түрде табыс етілген салық есептіліктерінің үлесі 94,7 пайызды құраған. Бұрын банктер арқылы төленген салықтар мен төлемдер туралы ақпараттар мемлекеттік кірістер органдарына төлемді жүзеге асырған күннен бас­тап екі жұмыс күні ішінде түсетін. Алайда қазір екінші деңгейлі банктермен өзара іс-қимыл онлайн режімінде жүзеге асуда. Осыдан кейін төлемдер туралы ақпараттарды беру мерзімі бірнеше минутқа дейін қысқартылған. Сонымен қатар, өткен жылдың ортасынан бастап көтерме және бөлшек сауданы, сондай-ақ бірнеше қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушілердің негізгі бөлігі онлайн режімде мәліметтерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау кассалық машинасын пайдалануға кезең-кезеңімен көшірілуде. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап фискальдық мәліметтер операторы (www.oofd.kz) порталына 75 мыңнан аса онлайн режімде бақылау-кассалық машинасын пайдаланатын 52 мыңға жуық салық төлеуші тіркеліпті. Осы уақыт ішінде 2,74 трлн теңгеге 636,1 млн-нан астам чек берілген. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»