13 Қазан, 2016

Жайылымдар заңмен реттеледі

221 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
13-01-2016-parlament-01Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда күн тәртібіне сәйкес төрт мәселе қаралды. Соның ішінде Мәжіліс де­пу­таттарының өз бастама­шыл­дығымен әзірленген «Жайылымдар туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Заң жобасы туралы оның авторларының бірі, жұмыс тобының жетекшісі Жексенбай Дүйсебаев баяндама жасады. Айта кететін жайт, бұл заң жобасы Парламенттің бесінші шақырылымында қолға алынған еді. Ж.Дүйсебаев сол кезден бері осы заң жобасын жасау мен жетілдіру жұмыстарының басы-қасында болды. Ол туралы «Егемен» жан-жақты жазған болатын («ЕҚ»., 27.05.16 ж.). Баяндамашы өзінің сөзін ет, сүт өнімдерін дайындаудың са­пасы мен көлемін арттыру жолын­да жайылымның маңызы зор екен­дігінен бастады. Алайда еліміз­дің 187 млн гектар жайылым алқап­тары осы күнге дейін ұқыпты пайда­ла­нылмағандықтан, жоғары нәтижеге қол жеткізілмей келеді. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы жерлерінің 70 пайызы мал бағатын жердің үлесінде. Шартты түрде алғанда бір малға 20 гектар жер көлемі тиеді.  Бұл – алдағы уақытта индус­триялық-инновациялық дамуда ал­дыңғы қатарлы  аграрлық мемлекет болуымызға біздің толық мүмкін­дігіміз бар деген сөз. Іс жүзінде кең-байтақ жеріміздің 43 пайызы немесе 80 млн гектары ғана қолданыстағы жайылымдарға тиесілі болып отыр. Мал басына шаққанда бұл – 2-3 гектардан аспайды деген сөз. Қалып бойынша бір малға 5 гектардан кем болмауға тиіс. Ауыл-аймақ маңындағы 27 млн гектар жайылымдық жер деградацияға ұшырауда. 100 млн гектардан астам алыс жайылымдар айналымға енбей, дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға пайдаланылмай келеді. Оларды суландыру мәселесі толығымен шешілмеген. Қолдағы малдың 70 пайызы қара топырағын аспанға шығарып, тек ауылдардың маңына жайылады. Малдың басым бөлігі ұсақ немесе қосалқы шаруа қожалықтарының қолында, ал алыс жайылымдарға мал айдауға олардың экономикалық тұрғыдан мүмкіндіктері жоқ. Сонымен қатар, деді шешен, көптеген ЖШС-лер мен орман және су шаруашылықтарына берілген жерлер заңмен реттелмегендіктен, мал жайылуға пайдаланылмай отыр. Осы проблемалардың кесірінен малға керекті жем-азық көлемі 30-40 пайызға төмендеген. Мұның мал басын көбейтуге қолбайлау екені сөзсіз. Одан әрі баяндамашы көптеген шетелдердің мал жайылымдарын тиімді пайдаланудағы тәжірибелерінен мысалдар келтірді. Олардың бәрінде де жайылымдар туралы арнайы заң бар екен. Осыны көрген Мәжіліс депутаттары жайылымдар туралы арнайы заң әзірлеу жұмысын қолға алғандарын айтты. Заң жобасында негізінен төрт басты бағыттар айқындалып, заңнамалық сипатта жеке баптармен бекітілген. Олар: жайылымдарды реттеу, ұйымдастыру, жоспарлау және басқару жүйелерінен тұрады. Осы бағыттарды жүзеге асыратын үкіметтің, уәкілетті органның, облыс, аудан және ауылдық округ әкімшілерінің, мәслихаттардың, жергілікті өзін өзі басқару жүйесінің құзыреттері белгіленіп, жеке нормалары енгізілген. Өңірлердің мал ұстаудағы ерекшеліктері ескеріліп, нормативтер жасау мен бекіту жұмыстарын уәкілетті органның құзыретіне беру қарастырылған, деді Жексенбай Қартабайұлы. Баяндама аяқталған соң сұрақ беру рәсімі басталып, алғашқы сөзді депутат А.Ералиев алды. Ол заң жобасында жерді пайдаланушыларға шалғайдағы мал жайылымдарын беру тетіктері қарастырылған ба деп сұрады. Сонымен қатар, ол Үкімет тарапынан жайылымдарды суландыру үшін бөлінген қаражаттар қалай жұмсалатынын сұрады. Оған жайылымдарды бөлу тетіктері заң жобасының арнайы баптарында қарастырылған деген жауап берілді. Ал суландыру мәселесі туралы айтқанда, бюджеттен бөлінген қаражатқа тұрғызылған су көздері, сондай-ақ өзен-көлдердің сулары жайылымды пайдаланушылардың бәріне ортақ болатыны жеткізілді. Депутат А.Құрманова ауыл маңындағы жерлердің деградацияға ұшырауда екенін еске ала келіп, осы жерлерге жайылатын мал санының мөлшері жасала ма деген сұрақ қойды. Оған мұндай мөлшерді жерлердің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, уәкілетті орган жасайтындығы айтылды. Депутат Г.Шиповских шалғайдағы жайылымдардың тиімді пайдаланылмау себебі инфрақұрылымның жоқтығынан екенін айта отырып, оларды суландыру туралы Елбасының берген тапсырмасы қалай орындалуда екенін Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілінен сұрады. Оған ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева жауап берді. Ол Елбасының тапсырмасына сәйкес 2014-2016 жылдарға арналған суландыру жоспары жасалғанын айтты. Сол жос­пар бүгін артығымен орындалып, 4 млрд теңгеге 1377 құдық аршылғанын жеткізді. Жұмсалған шығынның 80 пайызы бюджеттен бөлінгенін, ал қалған 20 пайызын шаруа лизинг бағдарламасы бойынша тартқанын айтты. Осы бағытпен баяндамашыға сұрақтар одан әрі де қойыла берді. Ал талқылау кезінде көптеген депутаттар бұл заң жобасының ауыл тұрғындары үшін ғана емес, жалпы аграрлы-индустриялы дамыған ел болуымыз үшін өте маңызды екендігін атап өтті. Сөйтіп, заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, айтылған пікірлер мен ұсыныстарды ескеріп, екінші оқылымға дайындауға жіберілді. Осыдан кейін ілеспе заң жобасы да қаралып, мақұлданды. Ол 6 заңнамалық актіге, соның ішінде 3 Кодекске және 3 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Осы күні депутаттар «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын да қарастырып, мақұлдады. Бұл заң жобасы бойынша баяндама жасаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуына қарағанда, Париж келісімінде қоршаған ортаны ластандырудан сақтау және жаһандық орташа температураның өсуін 2 градустан төмен деңгейде ұстауға Қазақстан тарапының да үлес қосатындығы айтылған. Сондықтан да болашақта электр энергиясы мен жылуды көмірмен өндіруде қалдықтарды азайтуды және т.б. мәселелерді көздейді. Сонымен қатар, отырыста кейбір заңнамалық актілерге салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Мәжіліске келіп түскен заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге мерзім белгіленді. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттар өздерінің орталық атқарушы органдарға арнаған сауалдарын жариялады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»