14 Қазан, 2016

Мұндай футболдың бізге де керегі жоқ

360 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
serik-aga-1Астанада 11 қазан күні 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі шеңберінде Қазақстан және Румыния құрамалары арасында өткен ойыннан кейін біздің ойымызға Николай Озеровтың көпшіліктің көңілінде берік ұялап, кейін нағыз нақылға айналған «Такой хоккей нам не нужен!» деген атақты сөз тіркесі оралды. Кешегі кеңес кезеңінің әйгілі спорт комментаторы мұны 1972 жылы Кеңес Одағы мен Канада хоккейшілерінің арасында өткен суперсерия матчтары барысында өріс алған дөрекі ойын мен спорттық мәрттікке сай келмейтін әрекеттерді көрген кезінде жан күйзелісін аптыға білдіретін айқайға басып, қатты ашына айтқан еді. Дәл осыған ұқсас көріністер сейсенбі күні «Астана Арена» спорт кешенінде де орын алды. Біздің футболшылар кездесу басталғаннан қарсы­лас­тары­ның адымын аштырмаудың басты амалы мен айласы ретінде оларды аяқтан шалу, иықпен қағу сияқты қатқыл ойынға ерік беріп кетті. Біз мұны әуелгіде ойыншыларымыздың Черногориядағы сәтсіздіктің қайталанып қалмауы үшін барын салып жүргендері ретінде қабылдап едік. Бірақ қатқыл ойынның соңы қайта-қайта ашық дөрекілікке ұласып кете берген соң көңілге күдік ұялай түсті. Оның алғашқы нәтижесі көп ұзамай көрінді. Матчтың 26-минутында румындардың команда капитаны Драгош Грегоре мұрнынан аққан қан тоқтамай қойғасын, алаңнан кетуге мәжбүр болды. Қазір оның кемінде екі апталық мерзімге қатардан шығып қалғаны, содан кейін алаңға оралғанда да, біраз уақыт мұрнына арнайы жабдық киіп жүруіне тура келетіні белгілі болып отыр. Ал жартылай қорғаушы Александру Кипчу бірінші таймның соңына дейін әрең шыдады. Ол алаң үстінде орын ала берген текетірестер салдарынан бұлшық еттерін ауыртып алған болып шықты. Біздің «арқарлардың» арқыраған ойындары мұнымен де тоқтамады. Ең соңында олар қорғаушы Кристиану Сапунарудың бес бірдей тісін ұрып түсірді. Осының салдарынан ол матч біткен бойда Астана ауруханаларының біріне жатқызылды. Бір ғажабы, біздің ойыншылар тарапынан қаншама көпе-көрінеу тәртіп бұзушылықтар жасалып жатқанына қарамастан, португал арбитры Мануэль Жозе Соуза тек екі ойыншыға (Дмитрий Шомко, Исламбек Қуат) ғана «сары қағаз» көрсетті. Ал футболдың есеп-қисабын тасқаяқтай қағатын статистер осы ойында Қазақстан құрамасы мүшелерінің 60 рет фол жасағанын шығарып берді. Мұнда 8 рет қарсыластарын шалып құлатқан Сергей Хижниченко топ бастапты. Бұдан әрі Исламбек Қуат, Елдос Ахметов және Дмитрий Шомко сынды спортшылардың әрбірі 7 реттен тәртіп бұзған. Мұның ең қиыны, бұрын бізде ойын тәртібін бұзуға кейбір жекелеген ойыншылар ғана құштар болса, бұл жолы оған бүкіл команда мүдделі сияқты болып көрінді. Егер осыған қатысты тапсырма жаттықтырушылар штабынан беріліп отырған болса, жағдайдың тіпті қиын екенін мойындамасқа әддіміз жоқ. Ал біздің бұлай күдік шақыруымызға негіз де бар. Бұл бір қарағанда, құраманың соңғы кездердегі өзіндік дәстүріне айналып келе жатқандай әсер береді. Осы кезде біздің көз алдымызға команда тізгінін Талғат Байсуфинов ұстағалы бергі өткізілген бірқатар матчтар келбеті келіп отыр. Алдымен Қытайға барып ойнадық. Ойын жолдастық сипатта болғанына қарамастан, қазақстандықтардың өте дөрекі ойнағандарын алаң иелері бірден айтқан. Бірақ біз бұл дабылға құлақ аспадық. Келесі жолы сондай дөкірлік Польшаны қабылдаған ойында көрініс тапты. Соңынан поляктар да қытайлардың сөзін қайталап, қазақтардың футбол ойнамай, дөрекілік жасаумен айналысып кеткендеріне шағым жасады. Бұған 6 ойыншымыздың ескерту алғаны да куә еді. Бірақ әупіріммен қол жеткен тең ойынның буына масаттанған біз оған тағы мән бере қоймадық. Черногорияда тағы 3 ойыншымыз «сары қағазбен» адақталды. Осы матчтардың бәрінде қазақстандықтардың алған ескертулерінің саны қарсыластарынан әлдеқайда асып жатты. Міне, соның салдарынан Қазақстан құрамасы іріктеу турнирінің алғашқы 3 турынан кейін алған ескертулерінің саны жағынан (11) Люксембург пен Андорра командаларынан кейінгі үшінші позицияға орналасты. Бізден кейінгі орында Сан-Марино келеді. Біздің көршілеріміздің түрі осындай. Бұған қарап тұрып, ойынымыздың әлеуеті де осы маңда екенін пайымдай аламыз. Сөз жоқ, Қазақстан жанкүйерлері де әрбір футбол матчын өзіндік бір мереке, өзінше бір спектакль ретінде көреді. Сондықтан стадионға келгенде, теледидар алдында отырғанда, ең алдымен футболдың өзіне тән әдемі де өрнекті ойын көргілері келеді. Қазақта «Атың шықпаса, жер өрте» деген сөз бар. Бұл – күйінгеннен айтылған шарасыздық уәжі. Ал бізге еліміз футболының тап бұлайша аты шыққанының керегі жоқ. Құдай ақы... Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»