Елбасының тікелей қолдауымен елімізде қолайлы инвестициялық ахуал орнатудың тиімді жолдары жан-жақты қарастырылып келеді. Бизнеске әкімшілік жүктемені төмендету бағытында мақсатты жұмыстар атқарылуда. Бизнес жүргізу кепілдігі бойынша Қазақстан биыл Дүниежүзілік банк рейтингінде 41-орынға көтерілді. Солтүстік Қазақстан – инвестициялар тартуда ішкі-сыртқы жағдайы келісті аймақ. Табиғи ресурстар мен минералды шикізат қорына бай. Сирек кездесетін және түсті металдардың 300-ге жуық кен орны барланған. Қалайының – 65, цирконийдің – 36,6, уранның – 19, титанның 5 пайызы орналасқан. Жағырапиялық тұрғыдан да қолайлы. Ірі халықаралық, темір жол, автомобиль және әуе магистральдарының, құбыр жолдарының тоғысуы логистиканы ойдағыдай дамытуға мүмкіндік береді. Шекараның басым бөлігі Ресеймен шектесетіндіктен, ірі Сібір мегаполисімен жалғасады. Өткен жылы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етіліп, 154,5 миллиард теңге инвестиция құйылды. Биылғы көрсеткіш 93 миллиард теңгені құрап отыр. Аграрлық сала басым облыс үшін астық, майлы дақылдар, ет, сүт экспорты өте тиімді. Ауылшаруашылық өнімдерін тереңдетіп өңдеуге, сондай-ақ ауыр өнеркәсіпке едәуір басымдық берілген.
Осыдан екі жыл бұрын тұңғыш рет ұйымдастырылған «Kyzylzhar Invest» халықаралық инвестициялық форумы қорытындысында 85,5 миллиард теңгенің 62 меморандумына қол қойылса, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында өткен екінші басқосуда 200 миллиард теңгенің келісімі жасалды. Италия, Қытай, Швеция, Германия, Ресей, тағы басқа елдерден, Қазақстаннан жиналған бес жүзге тарта бизнес-қауымдастық, іргелі компаниялар, даму институттары, инвестициялық қорлар өкілдері қызғылықты жобалар ұсынды. Инвесторларды ынталандыру шаралары мемлекет тарапынан кең қолдау тауып келеді. Экономиканың басым салалары үшін жобалар жүзеге асырылатын болса, корпоративтік және жер салықтарынан 10 жылға, мүлікке салынатын салықтан 8 жылға, ал сырттан шикізаттар мен материалдар әкелінсе, 5 жылға дейін кедендік баждан босатылады. Құрылыс жұмыстары мен құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалған шығындардың 30 пайызы қайтарылады. Шетелдіктерді аймақтың экономикасымен қоса әсем табиғатымен жан-жақты танысуға мүмкіндік беретін арнайы портал жұмыс істейді. «KAZNEX INVEST» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асхат Бейсенбаев Қазақстан және Ресей елдері президенттерінің қатысуымен Астанада өткен өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі форумның маңызын атап өтіп, жергілікті іскерлік кездесулер инвесторлардың тарапынан үлкен қызығушылыққа ие екенін жеткізді. «Тайынша Май» ЖШС-нің құрылтайшысы Сәкен Мұхамедиев шетелдік қаржыгерлермен арада қалыптасқан тәжірибелермен бөлісті. Ильичевка елді мекенінде салынып жатқан кәсіпорын үшін қытайлықтар 20 миллион доллар инвестиция салған. Жобаның жалпы құны 58 миллион долларды құрайды. Жылына 300 мың тонна шикізат өңдеуге қауқарлы. Зауыттың бірінші кезеңі биыл пайдалануға беріледі. «Радуга» ЖШС-нің директоры Ирина Демидова пластик пен темірден тұрмыстық бұйымдар, полиэтиленнен әртүрлі пакеттер шығаралатынын, былтыр іске қосылған тәтті таңғы ас өндірісі де қарқынды өркендеп келе жатқанын мәлімдеді. «Казах инвест» қаржылық тобы серіктестігінің бас директоры Антон Проданов Петропавлда шағын ұшақ құрастыратын кәсіпорын ашуға бел буса, Италия елінің өкілі Стефано Рафаньян, «Tieli Logistiks» компаниясының директоры Янг Джифенг бірлескен кәсіпорын құруға ниетті екен.
Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов Швеция Корольдігінің ауыл шаруашылығы министрі Свен-Эрик Букт бастап келген делегациямен кездесіп, олардың назарын өңірдің әлеуметтік-экономикалық артықшылықтарына, енгізіліп жатқа технологияларға, ауыл шаруашылығы саласына аударды. Мәртебелі меймандар «Зенченко және К» командиттік серіктестігінде болып, күніне 70 тонна сүт өндіретін зауыттың жайымен танысты. Мұнда 35 өнім түрі шығарылады. Былтыр 11800 тонна , биыл 11217 тонна сүт өңделіп, Ресей тарапынан үлкен сұранысқа ие болған. «ТНС-Экспорт» ЖШС-нің директоры Дәурен Сепбосынов компания 300 мың гектар алқапқа астық өсіретінін, жаңа өндірістерге 100 миллион теңге қаржы тартылғанын, озық құрал-жабдықтар орнатудың арқасында электр қуаты 2-2,5 есе аз қолданылатынын, америкалық әріптестермен бірлесіп майлы дақылдар өңдейтін зауыт салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
– Алдағы уақытта жарты миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуды белгілеп отырмыз. Күзгі жиын-терінге қатысатын 8 мың комбайнның үштен бірі ғана жаңаланған. Сондықтан ауылшаруашылық техникаларын жаңғырту – өзекті мәселелердің бірі. Тау-кен өнеркәсібі айтарлықтай өскеніне қарамастан, бұл салаға инвестиция құю өзекті мәселелердің бірі. Еліміздегі қалайы қорының 65 пайызы өңірде орналасқанын ескерсек, «Сырымбет» кен байыту кешенінің болашағы зор. Ол Орталық Азиядағы жалғыз және әлемде әлі игерілмеген ірі қалайы кен орны болып табылады. Қалайыны өңдеп, ақ қаңылтыр өндіру үшін жылдық қуаты екі миллион тонна болатын кен-металлургиялық комбинаттың құрылысы жүргізілуде. Машина жасау зауыттары да қалайыны өңдеп, ақ қаңылтыр өндіретін болады, – деді шетелдік және отандық қаржыгерлер алдында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Е. Сұлтанов.
Қол қойылған меморандумдар арасында «Қазақстанның авиация зауыты» ЖШС-мен келісілген ірі жоба бар. «Северный строитель» ЖШС мен ресейлік әріптестер арасындағы астық және майлы дақылдар өңдейтін кешен құрылысы, қытайлық «Айцзю» компаниясының агроөнеркәсіп кешенін құру туралы келісімдер де назар аударарлық.
Петропавлда өткен екінші халықаралық форум Қазақстанның инвестициялық әлеуетінің зор екенін тағы бір айғақтап берді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы