Еліміздің балық шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер көп. Кеңес Одағы жылдарын еске алғанда басқа салаларды мақтамасақ та дәл осы балық шаруашылығы ісінде республикамыз үлкен табысқа қол жеткізіп тұрғанын еске салғым келеді. 1991 жылы балық аулау және балық өнімдерін шығару көлемі Қазақстанда 80 мың тоннаға жеткен еді. Ел экономикасының барлық саласына да балық шаруашылығы өз өнімдерін тамақ, жемазық, техникалық қоспалар түрінде жеткізіп тұратын. Атап кетер болсақ, тамақ өнімдерінен басқа балық ұны мен майы, биологиялық белсенді қоспалар және т.б.
Бүгінгі таңда балық шаруашылығымен мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде айналысатын ешкім жоқ десек артық емес. Бәрін де балықшымыз дегендердің еркіне салып, қоя бердік. Өнеркәсіптік негізде балық аулайтын ірі компаниялар жоқ. Осының кесірінен балық аулау көлемі бірнеше есе азайып кетті. Ал тыйым салынған балықтарды ұрлап аулайтын браконьерлерді ұстайтын балық инспекциясы мен құқық қорғау органдарының күші әлсіз.
Балық аулайтын тоғандарды, көлдерді жалға алатындар саны жыл өткен сайын артып келе жатқанымен, олардың еңбек өнімділігі өте төмен. Ауланатын балық көлемі де жыл санап азая түсуде. Жалға алғандардың барлық мақсаты қолдағы балыққа ие болу ғана, оларды көбейтіп, сапалы балықтар өсіру ісімен айналысатындар саны өте аз. Бұл істер туралы тек қағаз жүзінде ғана ақпар беруге бәрі машықтанып алған.
Балық түрлерін өндіретін бұрынғы питомниктермен ешкім де ынтымақтасып жұмыс істемейді. Олардан балық түрлерін де, жем-азықтар да алып жатқандар шамалы. Қолдағы бар балықты байытпай, өсірмей сүзе берген соң тоғандар мен көлдердің балығы мүлде азайып кеткенін көріп жүрміз. Бұрын бір-екі сағаттың ішінде ғана шелектеп ауланатын тоғандардан қазір күнімен отырғанда орта шелекті толтыра алмайсың.
Балықтың уылдырық шашатын жеріне өтетін өзендердің арналары да тазаланбайды. Соның кесірінен оның көбеюіне көп кедергі келуде.
Осының бәрі халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ету жөнінде Президенттің берген тапсырмасын орындауға кедергі келтіреді емес пе? Ми, бұлшық ет, жас баланың өсуіне жақсы әсер ететін қажетті дәрумендер және т.б. беретін балық өнімдерін қазір әр адам жылына 4,3 кг ғана тұтынады. Ал ғылыми дәлелденген озық нормасы 14 кг болатын. Еліміздің кейбір өңірлеріне ол мүлде жеткізілмейді.
Балық өңдейтін кәсіпорындар өнімдерінің сапасы шетелдік әріптестерімен салыстырғанда мүлде төмен. Оның үстіне, шиеленісті геосаяси ахуалдың кесірінен Балтық бойы елдерінен жеткізілетін сапалы өнімдер қазір келмейтін болып, ресейлік сапасыз өнімдерге ғана қанағаттануға тура келіп отыр.
Міне, осындай жағдайды жақсартуды Үкімет қолға алуы керек деп санаймыз. Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстанның Коммунистік халық партиясы фракциялары қосылып, осы мәселе бойынша 2022 жылға дейінгі аралықта жүзеге асатын арнайы тұжырымдама әзірлеу керектігін айтып, Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдадық. Депутаттар өз тарапынан мұндай бастаманы қолдауға әзір, өйткені, халқымыздың денсаулығы мен азық-түліктің пайдалы түрлерімен толық қамтамасыз етілуіне біз де тікелей мүдделіміз.
Роман КИМ,
Мәжіліс депутаты