14 Қазан, 2016

Берекесі тасыған өңір – бас қалада

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Шыбық шаншысаң шынар өсіп шығатын берекелі һәм мерекелі өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойының қарсаңында бас қаланың тыныс-тіршілігін бір серпілтіп тастамақ. «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясының аясында облыстың елордадағы күндері басталды. Кеше облыстық әкімдіктің басшылық өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен жүздесіп, өңірдің толайым табыстарын айғақтайтын  деректермен бөлісті, елордада нендей шараларға өткізілетіні туралы баяндады. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтің айтуынша, Астана халқына өңірдің тарихын, мәдениетін, негізгі жетістіктері таныстырылып, отандық тауар өндірушілердің өнімдері ұсынылады. 300-ге жуық өнер майталмандарының, шығармашылық иелерінің атсалысуымен түрлі концерттік бағдарламалар, фотокөрмелер ұйымдастырылып, балаларға базарлық ретінде облыста түсірілген қысқа метражды фильмдер көрсетіледі. Облыс «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының алдындағы алаңда жәрмеңке өткізіп, түрлі азық-түліктердің қатарында қымыз, шұбат, бауырсақ, құрт, ірімшік сынды ұлттық тағамдарды ұсынады. – Қазақстанда жасалған акциясының аясында облыстық өндірушілер әкелген 300 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдері базардағы бағадан 15-20 пайызға арзан бағамен сатылады, – деді Ұ.Сәдібеков. Қалтай Мұхамеджанов «Ұлысымның ұйытқысы» деп баға берген өңір тәуелсіздік жылдарында көптеген салада қарқынды дамып келе жатқан облыстардың бірі. Осы баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстанда халық саны 25 жыл ішінде 1,8 миллионнан 2,8 миллионға көбейгені туралы айтылды. Ширек ғасырда облыс бойынша 1491 мектепке дейінгі мекеме, 444 жаңа мектеп, 347 денсаулық сақтау нысаны бой көтеріпті. Сөйтіп, апаттық жағдайда тұрған мектептердің мәселесі шешімін тапқан. Тек биылдың өзінде 25 мектеп пайдалануға берілген екен. Ұ.Сәдібековтің айтуынша, халық саны артқан сайын баспанамен қамту ісі де қатар жүргізілуде. Соның арқасында, егемендік жылдарында жалпы көлемі 8,9 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, 100 мыңнан астам адам баспаналы болған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Тұрбеков биылғы жиын-терім науқанының нәтижелерін ортаға салды. – Облыс бойынша 470 мың тонна астық жинады, былтыр бұл көрсеткіш 246 мың тоннаны құраған болатын. Астықтың орташа түсімділігі гектарына 22 центнерді құрады. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары рекордтық көрсеткіш. Жеміс-жидек, көкөніс егілетін жерлердің көлемі де жыл сайын ұлғайып, сәйкесінше өнім артып келе жатыр, – деді С.Тұрғынбеков. Маңдайын күнге сүйдіріп жүріп қыруар өнім жиған оңтүстік шаруалары осы өнімнің бір бөлігін Астанаға ауыз тигізуге әкелген жайы бар. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы Астанадағы күндерді айтпағанда, Тәуелсіздіктің мерейлі тойын айрықша сән-салтанатымен атап өтуді жоспарлап отыр екен. Айтулы мерекенің аясында облыста 5 мыңға жуық іс-шара өтеді деп жоспарланған. Арнұр Асқаров, «Егемен Қазақстан»