15 Қазан, 2016

Үйренетін үрдістеріміз көп

295 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
dsc_6779– дейді өңіраралық мәдениет күндерін тиімді ықпалдастық алаңына айналдыра білген қос тараптың қатысушылары Елбасы алдымызға іргелі міндет етіп қойған «Өңірлердің дамуы – елдің дамуы» талабы бүгінгі күні өмір шындығымен үйлесім тауып отырғанын аңғару қиын емес. Оның нақты мысалын Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстары арасында орныққан әріптестік байланыстардан көруге болады. Табиғи-географиялық, климаттық, мәдени-тарихи дәстүрлерінде ұқсастығы мол қос аймақ әлеуметтік-экономикалық зор әлеуетімен қоса Қожаберген жырау, Сегіз Сері, Абай, Шәкәрім, Мағжан, Мұхтар секілді ұлы тұлғаларымен де мақтана алады. Маусым айында Қызылжар елінің делегациясы Кенді Алтай өлкесіне сапарлап, өнерпаздары ән мен күйге бөлеп қайтса, осы жолы шырайлы Шығыстың мәдениет күндері «Келісім мен жасампаздықтың 25 жылы» ұранымен өтіп, «Алтын Алтай» бағдарламасы аясында жан-жақты жарасым тапты. «Араласпаса, ағайын да жат. Атың барда ел таны желіп жүріп» деп текке айтылмаған. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бастаған делегация өкілдерін аймақ басшысы Ерік Сұлтанов жарқын жүзбен қарсы алып, алдымен таяуда бой көтерген «Green park» демалыс қалашығы, туристік саланың даму барысы мен алдағы мүмкіндіктері таныстырылды. Табиғи, тарихи ерекшеліктерімен шетелдік туристердің назарын аударатын көрікті жерлер қос өңірде де жетіп артылатыны айтылды. Спорт сарайында өткен екіжақты кездесуде ынтымақтастық байланыстың нәтижелері қорытындыланып, жаңа міндеттер белгіленді. Мұның алдындағы сапарда 60 миллион теңгенің келісімшарттары жасалған болса, осы жолы ірі өндірістік қуатқа ие ауыр машина жасау және сауда-саттық салаларына ерекше басымдық берілді. Шығыс Қазақстаннан жылына 3,5 миллиард теңгенің түр­лі өнімдері мен тауарлары тасымалданып, оларды негізінен автокөліктер, тракторлар, ет өнім­дері, құрылыс материалда­ры құрайды. Облысаралық экономикалық әлеуетті қарқынды өркендету жөніндегі Президент тапсырмаларын орындауда ын­тымақтастықты тереңдетудің тиімді нұсқалары маңызды рөл атқарады, деді өз сөзінде Ерік Хамзаұлы. – Тәуелсіздіктің алғашқы кезе­ңінде бірге жұмыс істеп, туыс­тай болып кеткен солтүс­тік­қа­зақстандықтардың бүгінгі ең­бек құлшынысы мені ерекше қызықтырып отыр. Қай саланы алайық зор басымдыққа ие екеніне көзіміз анық жетті. Өңірлер қуатты дамыса, мем­лекеттің де іргесі нық болады, –деген Даниал Кенжетайұлы бұл жүздесудің стратегиялық мәнін атап өтті. Солтүстік Қазақстан аг­ро­­техниканың үздік үлгілерін жетік меңгерген. Әсіресе, ау­ыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілеттілік қарымы мық­­­ты. Индустриялық өндіріс кешені әскери мақсатта да өнімдер шығарады. Бұл – теңдесі жоқ үлкен жетістік. Шығыс Қазақстан еліміздің индустриялық орталығы саналады. Иинновациялық технология­лар кеңінен қолданылады. Екі­жақты ынтымақтастық шара­ларына инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тетік­терінің тартылуы тектен тек емес. Петропавл ауыр машина жасау зауыты Өскемен титан-магний комбинатымен жылытқыштарды жеткізу жөнінде келісімшарт жасасты. «Мұнаймаш» АҚ «АрбатВостокСервис» ЖШС-мен қоян-қолтық жұмыс істейді. «Қазмұнайгазмаш» «Арм Сауда» серіктестігіне тиекті арматуралар жөнелтеді. Сол сияқты маркетинг, брендтеу, бал шаруашылығының дайын өнімін өткізу, күнбағыс дәнін жеткізу бойынша да байланыс жетіле түскен. Бұдан бөлек көтерме саудамен айналысатын кәсіпорындар алтайлық тауар өндірушілерден өсімдік майын сатып алатын болды. Өндірістің зор әлеуеті Шығыстың шырайын келтіріп отырғаны еш талас тудармайды. Соңғы 10 жылда оның көлемі 2,5 есе артқан. Осындай әлеуеті зор өңірге өз өнімін сатуға әзір екендігін «Петропавл трактор зауыты» БК» ЖШС бас директоры Сергей Шинкаренко мәлімдеді. Зауыт жылына 100 техника құрастыруға қауқарлы. Баға қолжетімді, ал сапасы мен қуаттылығы басқалардан еш кем емес. Еліміз бойынша ауыр машина жасау көшін бастап тұрған шығысқазақстандықтар бірқатар ұсыныстармен келіпті. Мәселен, «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС автобустардың 5 түрін шығарады екен. Кездесу соңында қос облыстың басшылары машина жасау саласында тығыз байланыс орнатуға толық мүмкіндік бар екенін жеткізді. Өскемен титан-магний комбинаты Петропавл ауыр машина жасау зауытына кезекті тапсырыс берді. Теріскейдің қатал ауа райында сынақтан ойдағыдай өткен «SAMPO Asia» комбайндарын сатып алатын болды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстаннан өсімдік майы шикізатын тасымалдап, дайын өнімге айналдыру белгіленді. «Келісім мен жасампаздықтың 25 жылы» ұранымен өткізіліп жатқан Шығыс Қазақстан облы­сының Солтүстік Қазақстан об­лысындағы мәдениет күндері аясында шығысқазақстандық де­легация өңіріміздің бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандарын аралады. «Сүт өнімдері» ЖШС-нің іс-тәжірибесімен танысты. Ең озық құрал-жабдықтар орнатылған зауыт тәулігіне 300 тонна өнім өңдейді. Шетелдік қуатты технологиялардың арқа­сында жылына 90 мың тонна дайын өнім шығарады. Биыл 3 мың тонна өнім экспортталған. Петропавл ауыр машина жасау зауыты мұнай-газ өндірісіне, мұнай-химия және мұнай өңдеуге, энергетика мен темір жолға арналған жабдықтар шығаруға маман­данған. Қызылжар ауданындағы «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігі сүт өнімдерінің 34 түрін шығарып, 30 тоннасын Аста­наға жөнелтеді. 75 миллион теңгеге екі мал кешені салын­ған. Ресеймен шекаралас облыс тұрғындарын экологиялық таза әрі табиғи сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді. Шығыс Қазақстан облысының мәдениет күндері Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған гала-концертпен түйінделді. Шұғылалы Шығыстан әсем ән мен күмбір­леген күй болып жеткен сазды әуен кешін тамашалаушылар қарасы қалың болды. «Шығыс Қазақстанның суретшілері. Уақыт портреттерінің ерекшеліктері» және «Үлкен жолдың кезеңдері» атты көрмелерге он саусағынан өнер тамған суретшілердің қыл­қаламынан шыққан елуден астам шығарма мен мыңға жуық түрлі бұйым қойылды. Гала-концерт ұлы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнімен басталып, Перизат Тұрарова, Гүлдана Но­ғай­баева, Алтын Смасейітова секілді күміскөмей әншілер кеш­тің гүліне айналды. «Жастар» хореографиялық ансамблімен бірге «Алға, Қазақстан!» әнін орындаған Дәурен Әбенов шыр­қаған патриоттық әнді көп­шілік аяқтарынан тік тұрып тыңдады. Төгілтіп жырын, күмбірлетіп күйін төккен шырайлы Шы­ғыстың концерттік бағ­дар­ламасы ерекшелігімен есте қалды. Тама­ша концерттен рухани азық алып, көтеріңкі көңіл-күйге бө­ленген көрермендер өске­мендік өнерпаздарға зор қошемет көрсетті. Өр Алтайын еркелей жай­лаған, елі дархан, аңызға айналған шежірелі, батырлар елі екенін, жері бай, табиғаты көрген жанның көңілін баурайтын, еліміздің индустриялық мақтанышы, түсті металлургия жүрегі, мәдени-рухани бай өлке екенін бас­қа қырынан да танып-біл­гендей болды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ