Қаншама жылдан бері құрт ауруының бетін қайтаруға бағытталған іс-шаралар өз нәтижесін бере бастаған сыңайлы. Міне, қараңыз... Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысы негізінде, медициналық ұйымдарды қайта ұйымдастыру, яғни орталықтандыру жұмыстары жүргізіліп, екі ауданда туберкулезге қарсы ауруханалар қажетсіз болғандықтан жабылды. Мәселен, Байзақ ауданында өткен жылы ғана пайдалануға берілген 3 қабатты жаңа типтік ғимарат облыс көлеміндегі туберкулезбен ауырып, емделген науқастарды сауықтыру мақсатында 60 төсектік ересектерге арналған санаторийге қайта бейімделді. Нәтижесінде, облыс бойынша 105 тәуліктік төсек қысқартылды.
Сондай-ақ, алғаш анықталған науқастар арасында амбулаториялық жағдайда ем қабылдайтындар саны өсуде, яғни 2016 жылдың басынан 10 пайыздан 28,5 пайызға дейін өсті. Ауруды анықтау, емдеу, оңалту және алдын алу шаралары бірыңғай кешенмен жүргізілуде. Нәтижесінде, 2016 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, облыста туберкулезбен аурушаңдық деңгейі 7,1 пайызға төмендеді, ал өлім-жітім көрсеткіші бір деңгейде қалды, 98 пайыз жаңадан туылған сәбиге егу жасалды. Жылдан-жылға жергілікті атқарушы биліктің ықпал етуімен туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқастарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің көлемі өсуде.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының 2016-2035 жылдарға арналған бағдарламасының негізгі мақсаты – туберкулез дертін түп-тамырымен жою. Бұл үшін үш базалық компонент анықталған. Біріншісі – дерттің алдын алу және кешендік емдеу болса, екіншісі – әлеуметтік саясат пен қолдаушы жүйелер және үшіншісі – заманауи инновация мен қарқынды медициналық технологияны енгізу болып табылады.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты туберкулез мәселелері ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Исмайловтың айтуына қарағанда, бүгінде елімізде 2025 жылға қарай туберкулезбен сырқаттанудың алдын алу және одан болатын өлім-жітім деңгейінің көрсеткішін төмендету бойынша бірқатар жұмыстар жасалуда. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, бұрынғыдай науқасты стационарлық жағдайда ұстау – тиімді болып табылмайды. Қазіргі жаңа әдіс бойынша, туберкулезді жаңадан жұқтырғандар мен дәрі-дәрмекке төзімділік танытатын науқастардың бір бөлмеде, «бір ауамен» тыныс алуы – дерттің ауыр жағдайын жұқтырып алу қаупін арттырады, сондықтан амбулаториялық емге басымдық беріліп отыр. Мұндай жағдайда, ауруды жұқтыру қаупі – 75 пайызға төмендейтіндігі анықталған. Сондай-ақ, науқас өз үйінде болған соң, отбасы мүшелерінің психологиялық қолдауы айтарлықтай көмектеседі. Стационарлық жағдайда ауыр науқастарға, дәрінің жанама әсерлерін жою мақсатында басқа да ем түрлері жүргізіледі. Жалпы, онымен ауырған науқасты ауруханада тәулік бойы ұстауға біршама шығын кетеді. Ал амбулаториялық емдеу барысында үнемделген қаражат материалдық-техникалық базаны жетілдіруге, заманауи құрал-жабдықтар алуға және кадрлар біліктілігін арттыруға жұмсалады.
Біріктіру моделі бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын күшейтуді көздейді. Оның аясында алдағы уақытта емханаларда мамандандырылған фтизиатриялық кабинеттер ашылады, олар ауруды ерте сатысында анықтауға және тиімді емдеуге мүмкіндік береді. Фтизиатрларға ортақ міндетті орындауға ат салысатын үйлестірушілердің, учаскелік дәрігерлердің жұмыстары артылады. Жалпы жүйеге скринингтік тексерулер кіреді, ол қауіп тобындағы ауруларды белсенді түрде анықтайтын болады. Науқастармен байланыста болғандар эпидзерттеуден және тексерулерден өткізіліп, оларға қауіпсіз жүріп-тұру ережелері түсіндіріледі. Сондай-ақ, бүгінде «шұғыл анықтаушы» деп аталатын аурудың бар-жоғын небары екі сағаттың ішінде анықтап беретін жаңа технология түрінің пайда болғандығын да атап айту қажет.
Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Қайрат Жетібаев өңірде әлеуметтік дерттің алдын алу мен кешенді емдеу бойынша жұмыстар тынбай жүргізіліп жатқанын айтады. Мақсат – дертпен аурушаңдықты жою және оның алдын алу үшін халықты ақпараттандыру. Елімізде бұл дертпен күресу жұмыстары «Туберкулез ауруын біріктірілген (интеграциялық) бақылаудың ұлттық стратегиясы» аясында жүргізілуде. Сондай-ақ, оның негізгі бағыттары «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бағдарламасында медициналық қызмет көрсетудің алдыңғы стандарттарын енгізу мақсаттарына да сәйкес келеді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы