Дүниежүзілік энергетикалық жиында мұнай бағасы талқыланды
Осы аптада әлемдік экономика дамуының негізгі қайнар көзі – энергетика саласы, әсіресе, алдағы кезеңдегі көмірсутегі бағасы тұрғысынан маңызды халықаралық жиын өткізілді. 9-13 қазан күндері Ыстанбұл қаласында 80 елден келген 250-ге жуық жоғары деңгейдегі тұлғалардың қатысуымен 23-ші Дүниежүзілік энергетикалық конгресс ұйымдастырылды. Конгрестің бұрынғы жиындардан бір ерекшелігі – оған кейбір мемлекет басшылары, атап айтқанда, Ресей президенті Владимир Путин, Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, Венесуэла президенті Николас Мадуро қатысты.
Жүз жылдан бері әр үш жыл сайын Дүниежүзілік энергетикалық кеңес тарапынан ұйымдастырылып келе жатқан энергетикалық конгресс – саланың өзекті мәселелерін талқылап, ортақ шешімдер ұсынатын жоғары деңгейдегі ірі халықаралық шара. «Жаңа мүмкіндіктерге жол» деген тақырыпта өткен конгреске 10 мыңға жуық әлемдік саясаттағы ықпалды тұлғалар, энергетика министрлері, ірі энергетикалық компаниялар мен халықаралық ұйымдар басшылары, ғылыми-зерттеу орталықтарынан мұнай-газ өнеркәсібінің мамандары, қаржыгерлер қатысып, халықаралық энергетика саласының дүниежүзілік, аймақтық және мемлекеттік аспектілері мен перспективаларын талқылады. Түркия бұқаралық ақпарат құралдары конгреске Saudi Aramco, BP, Газпром, Shell, Total, Росатом, SOCAR, ЛУКОЙЛ, OMV, TANAP, E.ON, DESFA және CNNC сияқты жаһандық энергетикалық алпауыттардың қатысқаны туралы жаңалық таратты.
Конгрестің ашылу салтанатында Дүниежүзілік энергетикалық конгресс төрағасы Дэвид Ким энергетиканың жаңа көздерін анықтап, олардың жаңғыртылмалы түрлерін пайдаланудың адамзат алдында тұрған негізгі мақсат екенін мәлімдеді.
Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым энергетикалық қайнар көздерін әртараптандырудың маңызына тоқталып, мұнай-газ өнімдерін тасымалдаудың қауіпсіздігі, көмірсутегі бағасының тұрақтылығы мәселелерін қозғады. Бұған қоса, әсіресе, Әзербайжан мен Түркия үшін маңызы зор жоба – Оңтүстік газ дәлізінің Еуропа энергетикалық қауіпсіздігі тұрғысынан алатын орны мен аталған жоба аясындағы жұмыстар барысы туралы ақпарат берілді.
Ресей президенті В.Путин өз баяндамасында көмірсутегі дәуірінің аяқталғаны туралы айтудың әлі ерте екенін, мұнай мен газ бағасының алдағы кезеңде көтерілу мүмкіндігін, ОПЕК елдерімен келісім шеңберінде мұнай бағасының тұрақтылығын сақтау мақсатында Ресейдің мұнай өндірісін бірқалыпты ұстауға, тіпті азайтуға дайын екенін мәлімдеді. В.Путин энергетиканың дәстүрлі қайнар көздеріне деген сұраныстың жаһандық экономикадағы автомобильдендіру және электрлендіру салаларында ғана емес, сонымен қатар, адам өмірінің әр түрлі салаларына мұнай мен газ химиясының енуімен бірге сақталатынын айтты. Мұнай өндіретін елдерде аталған саланың баяу дамуына және инвестиция көлемінің азаюына байланысты және ОПЕК ұйымының талаптарын ескеріп, өндірісті шектеу қажеттігіне назар аударылды.
«Осы жағдай мұнай өндірісін шектеу немесе азайту дүниежүзілік энергетикадағы тұрақтылықты сақтаудың бірегей дұрыс шешімі болып табылады» – деді Ресей президенті.
Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Алиев конгрестің Түркияда өтуінің маңыздылығына тоқталып, Түркияның энергетикалық саясаттағы орнын және энергетикалық қауіпсіздік саласында жасаған оң қадамдарын атап өтті. И.Алиев Транс – Анатолия газ құбырының (TANAP) аймақтың энергетикалық кеңістігіндегі айрықша рөліне назар аударды.
Түрік Республикасының президенті Режеп Тайип Ердоған Түркияның тиімді географиялық орналасуы, энергетика саласына инвестиция құюдың қажеттілігі, энергетика тасымалы саласындағы ірі жобалар туралы баяндама жасады. Түркия президенті «Біз Каспий мұнайы, әсіресе, Әзербайжан мұнайын «Баку – Тбилиси – Жейхан» мұнай құбыры арқылы Жейхан портына жеткізуді қамтамасыз еттік. Сондай-ақ, Әзербайжанмен бірлесіп, Оңтүстік газ құбырының негізін құрайтын TANAP жобасын жүзеге асырудамыз. TANAP және оның жалғасы Транс – Адриатика құбыры (TAP) арқылы Әзербайжан газы Түркия мен Еуропа рыноктарына жеткізілетін болады» – деп мәлімдеді. Осы тұрғыда Түркия жай транзит елі болып қана қоймай, бүкіл аймақтағы сауда-экономикалық орталық болуды жоспарлайды (Financial Times).
Дүниежүзілік энергетикалық конгресс аясында Ресей және Түркия президенттері кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық байланыстарын қайта жандандыру мәселелерімен қатар, ортақ жобаларды талқылап, халықаралық және екіжақты күн тәртібіндегі әр түрлі мәселелер бойынша пікір алмасып, тиімді келісімдерге қол жеткізді. Екі елдің мемлекет басшылары құны 12,7 млрд долларды құрайтын «Түрік ағымы» газ құбыры туралы келісімге қол қоюы аптаның басты жаңалығы болды. Келісімге сәйкес, Қара теңіздің түбінде әрқайсысының қуаттылығы 15,75 млрд текше метр болатын екі газ құбыры салынып, оның біріншісі Түркияның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, ал екіншісі Еуропаға бағытталады. Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, тараптар Түркияда алғашқы «Аккую» атом электр стансасын салу, екіжақты әскери байланыстарды күшейту жөнінде келісті. Сондай-ақ, Түркияға тасымалданатын табиғи газ бағасын түсіру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Конгресте сөз алған Сауд Арабиясы энергетика министрі Халид әл-Фалих мұнай өндірушілердің қараша айына дейін өндіріс көлемін азайту мүмкіндігі турасында оптимистік көзқараста екенін, бағаның 20 пайызға өсіп, 60 долларға жету мүмкіндігін және өз елінің әр түрлі жағдайға дайын екенін мәлімдеді.
28 қыркүйекте Алжирде өткен ОПЕК-тің бейресми жиынында мұнай өндірісін азайту туралы ортақ келісімге қол жеткізілген еді. Нарық бағасын реттеуге бағытталған мұндай мәлімдемелердің жасалуы ОПЕК-тің саясатында соңғы екі жылда болмаған өзгерістердің орын ала бастағанын білдіреді. Өндіріс көлемінің азайтылуы мұнайға деген сұраныс пен ұсыныс арасындағы арақатынасты реттеп, бірте-бірте бағаның өсуіне алып келуі қажет.
Конгресс аясында Ресей және Сауд Арабиясы министрлері екіжақты кездесу өткізіп, алдағы уақытта әлемдік мұнай нарығында тұрақтылықты сақтау мәселелерін талқылады және ОПЕК-ке мүше және мүше емес мұнай өндіруші елдермен бірлесіп, мұнай нарқы негіздерін жақсарту міндетіне берік екендіктерін мәлімдеді.
Ал ОПЕК-тің 30 қараша күні Венада өтетін жиынында мұнай өндірісі көлемін азайтуға қатысты шешімдер қабылдануы мүмкін.
Осылайша, Ыстанбұлдағы конгресс барысында өткізілген маңызды кездесулердің қорытындысы мұнай бағасының алдағы құнының қалай болатыны туралы сенімді ақпарат беріп, көңілге үміт ұялатты.
Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,
Шығыстанушы