Әлем және Қазақстан
___________________
Өткен аптада болған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясы Еуропа және оның айналасындағы ең өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған қазақстандық парламентшілер делегациясы бұл пікірталастарға қызу қатысып, елімізді мазалап отырған проблемаларды ортаға салды, сонымен қатар, Қазақстанның ЕҚЫҰ Төрағалығынан кейінгі уақытта да белсенді халықаралық ойыншы болып қала беретінін көрсетті. Жалпы, өткен жылдың ЕҚЫҰ Төрағалығы қалдырған саяси мұра туралы сессия барысында көп айтылды. Парламенттік Ассамблеяның Төрағасы Петрос Эфтимиу форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының табысты болғанын айрықша атап өтті. Ол тарихи маңызы бар Астана Декларациясына соңғы он жылда пайда болған қауіп-қатерге қарсы күрестегі ортақ қадам болды деген баға берді. Бұлар: лаңкестік, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз көші-қон, жаппай қырып-жою қаруының таралуы, киберқауіп, сондай-ақ Орталық Азия аймағы мен оның шеңберінен тыс жеңіл және атыс қару-жарағымен, адамдармен, есірткімен заңсыз сауда. Петрос Эфтимиу Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті Ұйым қызметіне тың серпін берді деген көзқараста. Саммит бұл халықаралық қауіпсіздіктің ірі құрылымына жаңа өзгерістер енгізу бойынша барлық мүше мемлекеттер мен серіктес елдер, сондай-ақ бірқатар басты ұйымдар ынтымақтастықты жалғастыруға дайындығын көрсетті. Биылғы жылдың жазында Белградта өтетін жыл сайынғы сессия «ЕҚЫҰ тиімділігі мен нәтижелілігін күшейту – Астана Саммитінен кейінгі жаңа бастау» тақырыбына арналады. Ал Венадағы Ассамблея комитеттерінің аясында өткен көптеген пікірталастар барысында да Саммит қорытындылары мен Астана Декларациясының негізгі қағидаттары талқыланды. ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде Литва Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис осы елдің Ұйымға басшылық ету кезеңіндегі басымдықтары жайлы баяндады. Әрине, Қазақстан елімізде дәл осы күндері ресми сапармен жүрген Ажубалис мырзаның ЕҚЫҰ қызметіне парламентшілерді белсендірек тарту жөніндегі пікірін толық қолдайды. Қазақстан Ұйымның Қазіргі төрағасы – Литва және 2012 жылғы төрағасы – Ирландиямен қатар, ЕҚЫҰ «Үштігіне» кіреді. Бұл органның құрамында мемлекетіміз ЕҚЫҰ-дағы төрағалық тәжірибесімен бөлісіп, басталған шараларды жалғастыруға қолғабыс көрсетеді. Жалпы, Қ.Тоқаев басқарған, құрамында Мәжіліс пен Сенат депутаттары Әмзебек Жолшыбеков, Әділ Ахметов, Бақберген Досманбетов, Төлебек Қосмамбетов бар делегация Ассамблея тұрақты комитеттерінің отырыстарына белсенді атсалысып, әріптестерімен өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Еліміздің депутаттары – ЕҚЫҰ қауымына белгілі тұлғалар және қазақстандық төрағалыққа дайындық пен атқару кезеңіңде белсенді әрі жемісті қызмет атқарды. Ал сенатор әрі елші Әділ Ахметов үшінші жыл қатар Іс басындағы төрағаның Мұсылмандарға қатысты төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі Жеке өкілі қызметін атқарады. Былтырғы жылы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Қырғызстан бойынша арнайы өкілі ретінде қызмет етті. Венадағы осы сессияда қазақстандық депутаттар үш Жалпы комитеттерінің бірлескен мәжілісінде «Иммиграция, интеграция және ЕҚЫҰ-дағы көпұлтты үнқатысу» атты арнайы талқылауда Қазақстанның иммиграциялық саясаты туралы мәлімдеме жасады. Қазіргі таңда әрбір мемлекет алдында тұрған басты дилемма – әмбебап адами қағидаттар жөніндегі міндеттемелер мен өз халқының ұжымдық игілігін қиыстыру проблемасы. Бұлар – егжей-тегжейлі талқылаулар, тығыз халықаралық ынтымақтастықты және тәжірибе алмасуды талап ететін мәселелер. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Беларусьтегі жағдай Ассамблея мәжілісінде айрықша назарға ие болды. Сессия басталар алдында ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының Беларусь Президентінің сайлауын бағалайтын қорытынды құжаты жарық көргенін атап өткен жөн. Ал парламентшілер британдық депутат Тони Ллойд басқарған президенттік сайлауларды байқау бойынша ЕҚЫҰ ПА-дағы қысқа мерзімді бақылаушылар миссиясының Арнайы үйлестірушісінің есебін, сондай-ақ Белоруссиядағы сайлаудан кейінгі және ЕҚЫҰ-ның Минскідегі офисінің жабылуына байланысты ахуалды талқылады. Беларусьтегі 2010 жылы 19 желтоқсанда болған сайлауға ЕҚЫҰ ПА Вице-президенті ретінде бақылауға қатысқан Қ.Тоқаев сөз алып, елдегі жағдайға біржақты қарауға болмайтынын айтты. Жалпы, екі бөлек нәрсені ажырату қажет – сайлау және сайлаудан кейінгі түні Минскінің бас алаңында болған оқиғалар. Жалпы алғанда, сайлау жақсы ұйымдастырылды. Беларусь халқы өз таңдауын жасады және сайлау қорытындыларын күмәнға салуға негіз жоқ. Ал кешке болған оқиғаларды егжей-тегжейлі зерттеп, осы аралықта ел басшылығы мен оппозиция сабырлылық сақтаулары қажет. Қ.Тоқаев халықаралық санкциялардың кесірі ең алдымен беларусь халқына тиетіндігін атап өтті. Қырғызстандағы жағдай бұрынғысынша Ассамблеяның күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылды. Саяси мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі Жалпы комитеттің отырысында Ассамблеяның Орталық Азиядағы арнайы өкілі Киммо Кильюнен халықаралық комиссияның Қырғызстанның оңтүстігіндегі оқиғалардың салдарын зерттеу бойынша баяндама жасады. Таяу Шығыстағы ахуал да басты назарда болды. ЕҚЫҰ серіктес елдерінің (Алжир, Египет, Израиль, Иордания, Марокко, Тунис) парламентшілері Жерорта теңізі аймағындағы қазіргі ахуалды талқылауға бөлек арнайы пікір ұйымдастырды. Бұрынырақ хабарлағанымыздай, саяси мәселелер және қауіпсіздік жөніндегі комитет отырысында Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ парламентшілерін соңғы кезде пайда болған трансұлттық қауіптерге, соның ішінде негізгісі – жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы күреске Қазақстанның қосып отырған үлесі жайлы мәліметпен таныстырды. ЕҚЫҰ елдерінің депутаттары 2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік бойынша Жаһандық саммитте Елбасы жария еткен бастамаларды қызығушылықпен қабылдады. Бұл Ядролық қарусыз әлемнің Жалпыға ортақ декларациясын дайындау және МАГАТЭ аясында еліміздің аумағында ядролық отынның халықаралық банкін орналастыруға дайындығымызға қатысты. Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Ассамблея Тұрақты комитетінің отырысында ЕҚЫҰ парламентшілерін 3 сәуірге жоспарланып отырған Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауға дайындық барысымен таныстырды. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы П.Эфтимиу алдағы сайлауға байқаушылар миссиясын жіберу туралы шешім қабылдады. Миссияны Хорватия Парламентінің депутаты, бұрынғы Сыртқы істер министрі Тонино Пицула басқарады, оның орынбасарлары В. Габсбург Дуглас (Швеция) және М.Меккачи (Италия) болып табылады. Парламенттік Ассамблея делегациясының құрамына 60-қа жуық депутат кіреді. Осыған орай Қ.Тоқаев миссияның Қазақстандағы президенттік сайлаудың халықаралық стандарттарға сай әділ және еркін өтуіне қолдау көрсетеді деп үміт білдірді. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» – Венадан.