17 Қазан, 2016

Словенияда Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

297 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында Марибор қаласында (Словения) Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. Шараға Словения сыртқы саясат ведомствосының өкілдері, Марибор қаласының басшылығы, іскери және мәдени орта, консулдық корпус пен БАҚ өкілдері қатысты. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. Австрия мен Словениядағы Қазақстан елшісі Қайрат Сарыбай Құрметті консул Горазд Шифрерге консулдық патент тапсырып, оның екі ел арасындағы байланыстың нығаюына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Қазақстандық дипломат екіжақты қатынастардың келешегі туралы айта отырып, Қазақстанның Словениямен түрлі салаларда өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдіріп отырғанын мәлімдеді. Словения Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия департаментінің басшысы Андрея Пукарт Мартинец Марибор қаласындағы Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылуын жылы қарсы алып, өз елінің Қазақстанмен серіктестік байланысты тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді. Танымал заңгер әрі қоғам қайраткері Г. Шифрер екі ел арасындағы достық байланысты нығайту үшін барлық күш-жігерін жұмсауға дайын екенін атап өтті. ҚР СІМ-нің хабарлауынша, Құрметті консулдықтың ашылуы аясында Марибор қаласы университетінің кітапханасында қазақстандық суретшілердің өнер туындылары көрмесі және Еуропа елдері консерваторияларында дәріс алып жатқан Қазақстанның жас музыканттарының өнер көрсету шарасы өтті. Айта кету керек, Словенияның екінші ірі қаласы болып табылатын Марибор осы елдің ірі экономикалық және мәдени орталықтарының бірі болып саналады.
Соңғы жаңалықтар