18 Қазан, 2016

Екі қолға – бір жұмыс

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Даму» қоры мен «Шырақ» қауымдастығы мүмкіндігі шектеулі 180 әйелді кәсіпкерлікке баулиды «Даму» қоры мен «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы мүмкіндігі шектеулі қыз-келін­шектерді кәсіпкерлікке баулу курс­­тарын бастамақ. Алматыда арнайы баспасөз мәслихатында тұсауы кесілген жоба аясында Қазақстанның 16 қаласында 180 мүмкіндігі шектеулі әйелді оқыту жоспарланған жә­не соның ішінен 90 әйел келе­сі кезеңде қайта оқыту мен білік­тілікті арттыру курстарына ірік­теліп алынғаны мәлім болды. Бұл жобаның ерекшелігі тек мүмкіндігі шектеулі әйелдерге демеу болып қоймай, сондай-ақ оларды қызметкер ретінде қабылдауға дайын жұмыс берушілерге де қолдау көрсетілмек. Яғни бір жағынан мүгедек жандарды пси­хологиялық және кәсіби тұрғыда дайындап, тәжірибеден өтулеріне мүмкіндік берілсе, жұмыс бе­рушілерге мүгедектігі бар жұмыс­шыны қабылдау кезіндегі тәуе­келдерін азайтып, кеңес беру, тәжірибелік ақпараттандыруды жүзеге асырады. Айта кету керек, жоба Жапония, Ресей мен Германия сияқты дамыған елдер­дің тәжірибесіне құрылған. Жобаға мұрындық болып отырған «Даму» қорының өкі­лі Зәуре Масғұтованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі әйелдердің жұмысқа орналасуы мен өз кәсібін дамытуына қолдау көрсету өте маңызды. Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, мүмкіндігі шектеулі әйелдердің негізгі бөлігі (36,1%) кәсіби курстардан өту мен қайта даярлауға мұқтаж екендігін көрсетіп отыр. Білім жетілдіру қажеттілігі бизнес-сауаттылық бағытында ғана емес, сонымен қатар психологиялық тосқауылдарды жеңу, өзін-өзі бағалап, өзіне деген сенімділікті арттыру сияқты маңызды жайттардың өзектілігі анық байқалуда. Мұндай сауалдамалар бизнесті жүргізу үшін мүгедек әйелдер кәсіпкерлік қызметті реттейтін Қазақстан Рес­публикасының заңдарын білу қажеттілігін, қаржылық қа­ражаттың есебі мен оларды басқару саласындағы біліктілікті арттыру, бизнес-жоспар жасау, тауар/қызметтің өтімділігін арттыру, кәсіби курстардан өту секілді мәселелерді алға шығарып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкер ретінде өзін көрсету, тендерлерге қатысу үшін арнайы білім алу мен өз бизнесін дамытуда адамдарды ұйымдастыру қабілеті де маңызды рөл атқарады. «Шырақ» қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева, зерттеу барысында жеке бизнес басшылары мен өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік құрылымдардан тұратын 75 жұмыс беруші арасында сауалдама жүргізілгенін қоса айта кетті. Жұмыс берушілердің 56 пайызы мүмкіндігі шектеулі әйелдерді жұмысқа қа­былдауға дайын екендіктерін жеткізсе, 44 пайызы қарсылығын білдірген. Кәсіпорындар иелері мүмкіндігі шектеулі әйелдерді жұмысқа қа­былдау үшін тиісінше қолдау мен ынталандыру шараларын жүзеге асыру керек дегенді айтуда. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ