18 Қазан, 2016

Қиындықтан құтқаратын қызмет

245 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
aktobe-oblysy-tzhТіршілік болған соң әр түрлі жағдай болады. Аяқ астынан ауыртпалық түсіп, абдырап қалатын кездер де кездеседі. Сондайда қол ұшын бере қоятын қызметтердің бірі – құтқару­шылар десек қателеспеспіз. Біз ІІМ Ақтөбе облысы ТЖД  жедел құтқару жасағы мемлекеттік мекемесінің басшысы Қасымжан Байсадақовқа жолығып, әңгімелескен едік. Сіздің жақында ғана мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапат­­тал­ғаныңыздан құлағ­дар­­мыз, құтты болсын! Өзіңіз бас­­қа­ратын мекеме бір қара­ған­да қар­баласы көп, абырой әпер­мей­тіндей болып көрінеді. Ұжым­дағы табыстың сыры неде? – Жылы лебізіңізге рахмет, әрине. Мен бұл салаға 2005 жылы келдім. Ол кездегі атауы бас­қаша, об­лыстық суда құтқару қыз­меті деп аталды, азаматтық қор­ғаныс жүйе­сіне қарайтын-ды. Мақтанып отыр демеңіз, қыз­меттің сол кездегі жағ­дайы адам аярлық еді. Мекеме пар­кін­де қаусаған жалғыз «УАЗ» м­а­ши­насы, жамап-жасқаулы екі қайық болды. Екі құтқару қыз­меті стансасы болды, оның өзі пеш­­пен жылытылатын вагон­дар­да ор­­­на­ласты. Ал суға сүңгуір­ле­р­­дің бар­­лығына ортақ бір ар­нау­лы  киім болды десек, біреулер се­нер, біреулер сенбес. Барлық құт­­­қару­­шыларға бір ғана рация ти­ді. Кадрлар тұрақтамады, жақ­сы ма­ман­­дар жарытымсыз айлыққа  жұмыс іс­те­гісі келмеді. Әрине, оларды да түсі­­ну­ге болады, от­басын асырау керек. – Бүгінгі жағдайларыңыз қалай? – Кетеуі кеткен шаруаны жү­йеге түсіру оңайға түскен жоқ. Дегенмен, ұжымның күш-жігерін бір арнаға бағыттау арқылы көп істердің басы қайырылды. Ұсақ-түйек шаруа­ларды бы­лай қойғанда, 2009 жылы Ақтөбе су қоймасындағы №2 құт­қару стан­­сасы типтік жоба­да­ғы ғи­ма­рат­қа көшірілді. 2014 жы­лы ор­­­та­­лық құтқару станса­сы­­­ның тип­­тік жобадағы осы за­­ман­­­ғы кешені пайдалануға бе­ріл­­ді. Қазір меке­ме­де 28 авто­­­­­көлік, оның ішінде, боран­да да, лайсаң батпақ­та да тоқ­та­май­­­тын «Трэкол» маши­на­л­ары бар. Сүңгуірлерге қа­жет­­ті құ­рал-жабдықтармен жарақ­­тан­­дырылған шағын авто­бус та өз иелігімізде. Әр сүң­гуір өзі­нің жеке  жазғы және қысқы ар­наулы киім­мен қам­тамасыз етіл­ген. 32 суда жүзу құралдары, әр түрлі көлемдегі қайықтар бар. Жалпы, құтқару отрядында 70 адам болса, оның 40-ы таза сүң­гуірлер болып табылады. Ола­р­дың барлығы Алматы мен Минск қалаларындағы  курстарда ар­найы даярлықтан өтке­н маман­дар. Сондай-ақ, кезекші диспет­чер­лік қызмет бөлмесінде шағын баспахана, компьютерлер, жеке жеңіл радиостанса жұмыс істейді. Бұл бөлімді тәжірибелі маман Оксана Кичигина басқарады. Біз суға кетудің, төтенше жағдайға тап болудың алдын алу шаралары­на көп көңіл бөлеміз. Сондық­тан, ақпараттық, үгіт-насихаттық материалдарын осында дайын­дауға мүмкіндік мол. Құтқару жұмыстарының нақ­ты нә­ти­жесіне тоқтала кетсеңіз. – Мекеменің жақсы материал­дық-техникалық базасы, қыз­метке дайындығы жоғары маман­дарды іріктеп алуы өз нәти­жесін беруде. Алысқа бар­май-ақ, өткен жылы  отряд құтқару­шыларының 519 жедел шақыруларға барғанын, 332 адамды құтқарғанын, оларға ме­ди­циналық және психо­ло­гия­лық көмек көрсетілгенін айтсақ та жеткілікті болар. Жол-көлік оқиғаларына және тұр­мыстық сипаттағы төтенше жағдайларға шақырулар кезінде 226 адам құтқарылды, олардың 102-сі балалар. Бұдан басқа 5 адамның өзіне өзі қол салуының алдын алуға, 62 адамды қауіпсіз жерге шығаруға көмектестік. Өткен қыс өте ауыр болды. Жолда тұрып қалған 300 «Фура» автокөлігінің жүргізушілерін қар тұтқынынан алып шықтық. Ақ­пан айында Қарғалы ауда­нында боранда адасқан шопанды ажал аузынан алып қалсақ, Хромтау ауданы, Көктау ауылындағы 7 жасар ауру баланы емханаға жеткіздік. Мұның өзі де бұл бағыттағы атқарылған шаруалардың бір парасы ғана. Әңгімелескен Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан»  Ақтөбе облысы