Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен өткен пресс-тур шеңберінде Астана қаласындағы жетекші медициналық клиникалардың жұмысымен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері танысып қайтты.
Алғашқы пункт – Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы (ТҒӨО) болды. Ішке енісімен өте бір заманауи үлгідегі медицина мекемесіне енгеніңізді бірден сезінесіз. Ақ халаттары өңдеріне жарасқан, жаңа үлгідегі небір құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген ғылыми-өндірістік орталықта өздерінің жұмыс істейтіндеріне көңілдері толатыны жүздерінен көрінген қызметкерлер бастауымен орталық тынысымен танысуды бастадық.
Орталық жұмысы Елбасының тапсырмасы бойынша Үкіметтің 2008-2010 жылдар аралығындағы қан қызметін дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, нәтижесінде, ел аймақтарында соңғы заманауи құралдармен жабдықталған 10 жаңа қан орталықтары салынып пайдалануға беріліпті. Ал Астанадағы орталық солардың көшбасшысы тәрізді. Заманауи құралдары және өндірістік қызметте қолданылатын лабораториялық сараптаулар мен донорлық қанды қайта өңдеу технологиясының дәрежесі АҚШ пен Еуропа орталықтарында қолданылатын стандарттарға сәйкес келеді деген орталық қызметкерлері соның барлығы қалай жүргізілетінін жайып салды.
Жасыратын несі бар, бір кезде қан құю орталығында ауру донордан алынған қаннан Оңтүстік Қазақстанда көптеген баланың зардап шеккені ұмытылған жоқ. Сондықтан да қоғамдағы әрбір адам үшін донор қанының 100 пайыз таза болуы аса маңызды. Ал бұл ретте орталықта науқасқа қажетті донордан алынған қанның қандай бір инфекциядан ада болуы, трансфузиондық індеттен таза болуы үшін донорлық қанды зертханалық скринингтеу жүйесі әбден жетілдіріліпті. 2013 жылдан бастап заңдық негізде бұл тексеру енді екі кезеңде, яғни міндетті тәртіп бойынша екі әдіспен (ИФТ+ПТР) жүргізіледі екен. Осы екі әдістің сүзгісінен әбден өткен қанның тап-таза екендігіне еш шүбә келтіруге болмайды деген соң, ол құралдарды да барып көрдік.
Жалпы, орталық жұмысы әбден жетілген, әрбір донорға штрих-код беріліп, егер жоғарыда айтылған скринингтеу кезінде сәл бір шүбә туса, ол қан бірден алынып тасталып, штрих-код бойынша донор да тізімнен шығарылып тасталады екен. Көңілдегі күптілікті сейілткен қондырғылар жұмысын көзімізбен көрдік және бір қуанарлығы, мұндай жаңа технологиялық аппараттармен барлық облыс орталықтары қамтамасыз етіліпті.
Жүргізілген түбегейлі өзгерістер қан қызметінің жаңа қазақстандық моделін құруға мүмкіндік берді. Біздің орталықта қанның қажетті қоры жеткілікті, бірақ, кейбір қан құрамындағы бөлшектерді бөліп алып, мысалы, тромбоциттерді, эритроциттерді бөліп алып сақтағанда олардың плазмадай емес, сақталу мерзімі тым қысқа, 5-8 күн шамасында ғана, сондықтан ерікті донорлықты дамыта түсу маңызын жоғалтпайды дейді орталықтағылар.
Журналистер жұмысымен танысқан ендігі бір клиника – Ұлттық нейрохирургия орталығы болды. Нейрохирургия саласындағы медициналық инновациялардың көшбасшысы, алдыңғы қатарлы ғылыми және клиникалық осынау заманауи орталықта жыл сайын орталық жүйке жүйесінің айтарлықтай күрделі патологиясы бар пациенттеріне 2 300-ден аса операция жасалады екен және бұл сан жыл өткен сайын арта түсуде көрінеді. Бір жылда 4 мыңға жуық пациентке көмек беретін орталықта профессор Серік Ақшолақовтың өзі бастап бірнеше операцияның жүру барысын таныстырды.
Ота жасау үстелінде әйел адам жатыр. Омыртқадан қатерлі ісікке шалдыққан оның метеастазға ұшыраған омыртқасы алынып тасталып, орнына титаннан жасалған омыртқа импланты салынуда. Енді бұдан кейін науқастың химиятерапия алып, ауруынан айығуына жол ашылады. Бұрын мұндай диагноз болса, өмірден күдер үзілетін дейді Серік Қуандықұлы.
Операциялардың дені эндоваскулярлық жолмен жүріп, одан кейін пациенттің аяққа тұрып кетуі де жеделдетілді. Кіші инвазиялық әдістерді қолдану арқылы патологиялық өзгеріске ұшыраған қан тамырларына енумен талай адамның инсультке ұшырауының алды алынды деген орталықта айта берсең жаңалықты жақсы істер өте көп, және оны атқаратын білікті мамандар қатарына қарап көз сүйініп, көңіл толады екен.
Журналистер Көз аурулары институты мен Ұлттық ғылыми орталық жұмысымен де танысты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»