Осы басқосу барысында Қазақстан Жазушылар одағымен, «Литературная газетамен» және «Роман-газетамен» бірлесе отырып, Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің бастамасы бойынша басылып шыққан «Қазақстан-Ресей» әдеби альманағының екінші шығарылымы таныстырылды.
Ресей мен Қазақстан жазушылары альманах сериясын жалғастыру жөнінде 2015 жылдың қазанында болған өткен жылғы кездесуде уағдаласқан болатын. Альманахтың екінші нөмірі тұтастай екі елдің жас әдебиетшілерінің шығармашылығына арналды.
Тұсаукесер рәсімін ашқан Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин екі ел жазушыларының шығармашылық байланыстарын ұйымдастыру орайындағы Елшілік бастамасы Президент Н.Назарбаевтың қазіргі әлемдегі мәдениеттер үнқатысуы туралы идеясының бүгінгі таңдағы аса маңыздылығына негізделгендігін атап көрсетті.
Ол аталмыш басылымның Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында шығарылғандығын және жас әдебиетшілер шығармашылығына арналғандығын қадап айтты. Тәуелсіздік жылдарында елде өзіндік өрнектегі тамаша авторлардың жаңа буыны өсіп шықты. Олардың шығармашылығы Ресейдің үлкен оқырмандар аудиториясы үшін қызғылықты болмақ. «Өз кезегінде, Қазақстанда Ресейдің жаңа әдебиетімен танысуға деген сұраныс та жеткілікті», – деді М.Тәжин.
Дипломаттың айтуынша, жаңа жинаққа тура мағынасында да және шығармашылық орайда да екі мыңжылдықтың тоғысында туған елуге жуық прозашылар мен ақындар буынының шығармалары енген.
Сөзін түйіндей келе, елші Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігіне, Жазушылар одағына, «Литературная газетаның» басшылығына жаңа әдеби жинақты шығаруға белсенді қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.
«Литературная газетаның» шеф-редакторы Максим Замшев «Литературная газетаның» бас редакторы Юрий Поляковтың құттықтау сөзін оқып берді. Құттықтауда айтылғандай, аталмыш альманах «бізге шығармашылық өркені тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңімен тұспа-тұс келген Ресей мен Қазақстанның жас авторларын таныстырады, енді ұлттық тілдер мен мәдениеттерді сақтау жөніндегі міндетті шешу нақ соларға жүктелген».
Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының да кездесуге жолдаған құттықтауы оқылып, онда Ресейдегі Қазақстан елшілігі бастамасының арқасында жаңа жасампаздық қуатқа ие болып отырған Қазақстан-Ресей достық әдеби байланыстарының сабақтастығы атап айтылды.
«Бүгін біз «Қазақстан-Ресей» альманағының екінші рет жарыққа шығуына ақ тілегімізді арнаймыз. Бұл ретте ана тілі мен әдебиетті, демек, халықты сақтау ісін 30-40 жастағы әдебиетшілер өз қолына алған. Егер біз жинақтың мазмұнымен мұқият танысар болсақ, онда олардың әбден қалыптасқан, өте сенімді әдеби толқын екендігін көреміз», – делінген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің құттықтауында.
«Роман-газета» журналының бас редакторы Юрий Козлов альманахтың шығарылуы жүйелі жолға қойылғандығын жоғары бағалады. Оның пікірінше, мұндай жобалар болашаққа көз салады. Бұл біздің халықтарымыз бен жазушыларымызға әсіресе қажет. Ол альманахтың ұлан-ғайыр желілер кеңістігінде шашырап кететін интернет-нұсқада емес, баспа күйінде шығарылуын дұрыс шешім деп атады. Осыған байланысты Ю.Козловтың пайымдауынша, кітаптың осызамандық әдебиет оқытылатын ЖОО-лардың кітапханалары мен кафедраларына түсуі өте маңызды. Сондай-ақ, ол аудармашыларды міндетті түрде қатыстыра отырып, қазақстандық және ресейлік жас жазушылардың семинарын өткізуді ұсынды.
Өз кезегінде «Художественная литература» баспасының директоры Георгий Пряхинге альманах беттерінде тек астаналық қана емес, сонымен бірге, өңірлік авторлардың шығармалары да жарияланғаны ұнаған екен. «Үлкен романның, үлкен ғасыр кітабының қайда туатыны әлі белгісіз. Бәлкім, ол Қазақстанда дүниеге келер», – дей келе, ол альманахта сыншылар мен өнертанушылардың мақалаларын жариялау жөніндегі тамаша идеяны қолдады.
«Дружба народов» журналының бас редакторы Александр Эбаноидзе Ресей және Қазақстан жазушыларының кездесулері тұрақты жолға қойылғандығына қуанышын білдірді. «Бұл Қазақстан-Ресей саяси және экономикалық байланыстарының табиғилығын, үйлесімділігін, жақындығын көрсетеді, – деді ол. – Мұндай бастаманы іске асыру бұрынғы КСРО республикаларының бірде-бірінде мүмкін еместігін мойындайық».
Қазақстандық жазушы әмбе әдеби аудармашы, көптеген әдеби сыйлықтардың лауреаты Илья Одегов альманахтың дүниеге келуін қазіргі орыс тілінде жасалатын Қазақстан әдебиеті үшін де аса мәнді оқиға деп санайды. Өткен ширек ғасыр уақыт ішінде қазір халықаралық тұрғыдан танылған тамаша авторлардың тұтас буыны қалыптасты. «Альманах беттерінде Қазақстан мен Ресей жазушылары бетпе-бет кездесті, мұның өзі жинақтың қабылдану географиясын кеңейтеді, – деп атап көрсетті ол. – Сондай-ақ, жинақта бір-бірінің шығармашылығымен көбіне-көп таныс емес, әрі қазақ тілінде, әрі орыс тілінде жазатын жазушылардың да таныстырылуы өте маңызды».
Ресейлік әдебиет сыншысы, ақын, драматург және баспагер Юлия Селиванова (Качалкина) қазіргі кезде кітап дүкендері арасында ұлттық әдебиетке деген үлкен қызығушылық байқалатындығына назар аударды. Өйткені, адамдар тұрмыстық күнделікті күйбең тіршілік арқау етілетін қасаң, кеңселік прозадан шаршаған. «Оқырман басқа мәдениет туралы да көбірек білгісі келеді, бұл орайда альманах жарқын мәдени оқиғаға айналып отыр», – деді ол. Оның пайымдауынша, қазір кітап басып шығарудан гөрі, кітап тарату жүйелері мен оқырмандар үшін алтын көпір болатын дәнекерлік маңыздырақ.
Тұсаукесер барысында шығармалары жинаққа кірген Қанат Омар, Наталья Карпова, Анастасия Сотникова, Гала Узрютова, Клара Исабаева, Алмас Нүсіп, Әлия Дәулетбаева, Есей Жеңісұлы, Есболат Айдабосын, Дархан Бейсенбекұлы, Александр Филатов, Александр Антипов, Анастасия Чернова сынды жас авторлар сөз алды. Жемісті пікірталас кезінде олар Еуразия кеңістігіндегі әдеби үдерістің ең көкейкесті мәселелерін талқылады, шығармашылық идеяларымен және жоспарларымен алмасып, іске асуы Қазақстан-Ресей жазушылар клубының барлық мүшелерінің қатысуымен мүмкін болатын жаңа жобаларға сәттілік тіледі.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»